Рухани жаңғыру

«Аналарға тағзым» жобасы

 

Айгүл ДҮЙСЕНОВА

облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы, «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі

 ОРТАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТСАҚ…

Биыл облыс орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанда тұңғыш рет «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл орталықта Ақтөбе өңірінен шыққан, біз мақтан ететін батыр аналар, атап айтсақ, Тұмар, Бопай ханымдар, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжановалардың есімдері ардақталады.

Мен қалалық әйелдерді қолдау орталығының жетекшісі ретінде қоғамдағы аналардың рөліне көбірек көңіл бөлінсе деймін. Себебі қазіргі аналар қоғамда белсенді. Олар  ерлермен бірге жұмыс істеп, жетістіктерге жетіп, отбасы мен бала тәрбиелеу ісінде де алда келеді. Сондықтан бұл бастама — әйелдер, аналар үшін керек жоба. Біз «Аналарға тағзым» жобасына өз үлесімізді қосамыз.

Сондай-ақ аталған орталықтың ғимараты алдына аналарға арналған ескерткіш орнатылса деген ұсынысымды айтқым келеді. Өйткені ашаршылық жылдары, сұрапыл соғыс кезінде аналарымыз қаншама қиыншылық көріп, ерлік көрсетті, шыдамдылық танытты. Сондықтан батыр аналарға арнап қандай ескерткіш қойсақ та лайық деп ойлаймын.

Бүгінде облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығында 600-ге жуық бірлестік бар. Оның 120-сы қазір белсенді жұмыс жасайды. Белсенді бірлестіктердің мүшелері аталған жобаға өз үлестерін қосып, атсалысады. Атап айтсақ, орталықта жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетіліп, тренингтер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Ақтөбе қалалық әйелдерді қолдау орталығы қыз-келіншектер мен отбасыларға отбасы құндылықтарды насихаттауда әртүрлі шаралар өткізбек.

Муслима Абдрахманова,

кәсіпкер

ӨЗ ҮЛЕСІМДІ ҚОСАМЫН!

Бүгінгі күні аналар институтын құру өте маңызды деп ойлаймын. Осы орайда облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Аналарға тағзым» жобасы бізге қажет және оның маңызы зор. Бүгінгі күні облыста салынып жатқан аналарға арналған кешеннің, сондай-ақ өткен жылы ашылған Шығармашылық академиясы, Өнер орталығы, «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінің рухани құндылықтарымызды жаңғыртуда алар орны ерекше.

Жаңадан қолға алынған жобаға кәсіпкер ретінде мен де өз үлесімді қосамын. Кез келген адам үшін ананың орны ерекше. Сондықтан әрбір азамат өз анасын құрметтеп, қадірлесе осы жобаға атсалысады деп ойлаймын.

Менің отбасымда тоғыз бала қатар өстік. Әкем өз уақытында жоғары білім алмаған. Алайда бәрімізді өзгелерден кем қылмай өсіріп, оқытты. Әкем мен анам өздерінің еңбекқорлығымен, мейірімділігімен бізге үлгі-өнеге көрсетіп, жақсы тәлім-тәрбие берді.

Соның арқасында бүгінде өз кәсібімді ашып, облыстағы кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлесімді қосып келемін. Сондай-ақ көмекке мұқтаж жандарға, әсіресе, балаларға қолдау көрсетемін. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл сөз бар. Сондықтан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға мейірімділік таныту, қолдау көрсету — ортақ міндет.

Д.ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button