Рухани жаңғыру

Жаңа есімдермен жүздесті

Ақтөбе политехникалық колледжінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «100 жаңа есім» жобасына енген ақтөбелік азаматтармен және Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты — жас ұрпақты рухани адамгершілігі мол қасиеттерге баулу, өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосқан азаматтардан үлгі алуға шақыру. Олардың елеулі еңбегі мен бағындырған белесін кеңінен насихаттау.

Кездесуге «Пандус Ок» әлеуметтік жобасының авторы, кәсіпкер Шахан Жолдасбаев, Ақтөбе облыстық қоршаған ортаны қорғау бөлімшесінің басшысы Юрий Хон, Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев қатысты.

Шараның ашылуында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облысы бойынша төрағасының орынбасары Нұрбақыт Барбосынов:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «100 жаңа есім» жобасының іріктеуіне біздің өңірден 300-ден астам үміткер қатысты. 40 адам бірінші кезеңнен өтсе, оның ішінде 10 адам онлайн дауыс беру арқылы екінші кезеңнен өтті. Нәтижесінде, біздің облыстан бес азамат «100 жаңа есім» жобасына енді. Бұл азаматтарды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар өздерінің еңбегімен, жомарттылығымен ерекшелене білді. Мәселен, солардың бірі Юрий Хон суға батып бара жатқан адамның өміріне араша түссе, Шахан Жолдасбаев мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз өмір сүруі үшін, өз жолындағы кедергілерге мойымай төтеп бере білді. Бүгінде ол өзінің жеке кәсібін ашты. Осындай азаматтарды қазіргі жастарымыз білуі тиіс, — деді.

Кездесуге қатысушылар жастарға өз салалары бойынша қалай жетістікке жеткендері жөнінде ой өрбітіп, мақсатқа жету жолындағы қиындықтары мен қуаныштарын бөлісті.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button