Рухани жаңғыруӘлеумет

«Аналарға тағзым»: бірегей жоба, игілікті бастама

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен үш қабатты «Аналарға тағзым» рухани-мәдени орталығы салынып жатыр. Бұл орталық — аналарға құрмет көрсету мақсатында жүзеге асырылатын еліміздегі бірегей жоба.

Төменде аталған жоба туралы белсенді топ өкілдерінің бірқатарының пікірлері ұсынылып отыр.

Камалхан ҚУАН,

еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі:

Анаға құрмет — баршаға міндет

  • Биыл аналарға деген құрмет пен ыстық ықыласымызды білдіру мақсатында облыста «Аналарға тағзым» атты жоба жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында облыс орталығында аналарға тағзым ететін алғашқы мәдени орталық салынып жатыр. Бұл орталықта ардақты аналарымыздың ерліктері, өнегелі істері ұлықталып, болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін үлкен мұражай жасақталады.

Қазақта «Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдындағы парызың өтелмейді», — деген сөз бар. Шындығында кез келген адамның ана алдындағы борышы, парызы зор.

«Аналарға тағзым» орталығы, міне, осы аналар алдындағы парызды өтеудің бір көрінісі іспетті. Ана — ұрпақ тәрбиелейтін, баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлетін жанашыр жан, үйдің ұйытқысы. Ана — бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Сондықтан аналарға деген зор құрмет пен ықыласты білдіретін бұл жобаның маңызы ерекше.

Бұл жоба — біздің мәңгілік ел болуымыздың нақты сипаттамасы. Ұлтымыздың салт-дәстүрін қадірлейтін, болашағына сеніммен қарап, өз анасын, өзгелердің анасын құрметтейтін кез келген азамат бұл жобаға өз үлесін қосуы керек.

Сондай-ақ жоба жүзеге асырылып, орталық ашылған соң облыстағы ата-аналар осы кешенде бас қосып, оларға көп балалы, өмірі өзгелерге үлгі болған аналар туралы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Бұл, ең алдымен, болашақ ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде өте қажет.

Ұрпақ тәрбиесі — ұлттың болашағы. Сондықтан білім беру саласында елу жыл еңбек еткен еңбек ардагері ретінде мен жаңа бастаманы қолдаймын. Бұл —  ұлт болашағына деген үлкен жанашырлықтың жарқын дәлелі.

Гүлмирам СРАЖОВА,

Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан

азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры:

 Әрбір ақтөбелік үлес қосуы керек!

 — Қазақта «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Қазақ халқы үшін ана — дана, ана — қамқоршы, ана — жанашыр жан.

Биыл облыс орталығында ананы сыйлап-құрметтеудің тамаша дәстүрін дәріптейтін, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде үлкен рөл атқаратын, азаматтардың ойына ой салатын, жақсылық, игілікті істер жасау дәстүрін жалғастыруға түрткі болатын кешеннің салынуы бізді қатты қуантады.

Ал қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі аналардың тағдырына келер болсақ, облыс әкімінің кеңесшісі Құралай Бәйменова бүгінгі күні мүгедек аналарға қолдау көрсету, олардың қоғамдағы орны, мүгедек қыз балалардың отбасын құрып, ана болып, сәбиін күтіп-бағудағы басынан өткеретін қиыншылықтары турасында өзінің тың идеялары мен ұсыныстарын білдіріп келеді. Бұл бағытта біздің елімізде, оның ішінде облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек деп ойлаймын. Бүгінгі мүмкіндігі шектеулі қыз баланың ертең ана атануы үшін біздің қоғамда оларға әлеуметтік, моральдық тұрғыда үлкен қолдау көрсетілуі керек. Аталған жоба аясында салынып жатқан орталықта осы тұрғыда маңызды мәселелер қозғалып, ел ағалары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау, көмек көрсетуде бірлескен жұмыстар жүргізуі керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта ашылғалы отырған кешен тек қана аналар емес, қыз балалар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады деп сенемін. Сондықтан жаңа жобаға бірауыздан қолдау білдіріп, атсалысайық!

 Алмагүл Сарыбай,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық

жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі:

 Өрісі кең өнегелі іс

 — Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеген, қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Халқымызда қыз баланың тәрбиесіне, ең алдымен, анасы жауапты. Сон­дықтан  «Шешесіне қарап қызын ал», – деп, халқымыз қыз баланың тәрбиесіне үлкен назар аударған.

Елбасымыз өз Жолдауында: «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар — болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» деген болатын.

Мемлекетіміздің болашақ дамуы, өркендеуі қыздарымызға, аналарымызға байланысты. Баланы өмірге әкеліп, қазақтың санын көбейтетін, денсаулығы мықты, саналы ұрпақ тәрбиелейтін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, ата-баба өнегесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ол — қыздар, аналар. Болашақ ұрпақтың ақыл-ойы дұрыс, денсаулығы мықты болуы үшін қыз балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлінуі керек. Ата-бабаларымыздың: «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» — деген сөзі тегіннен тегін емес.

Қазіргі кезде, өкінішке қарай, қыз балалар тәрбиесін бос жіберіп алдық. Мені осы мәселе қынжылтады. Қазір қыздар арасында ерте жүкті болу, отбасын құру мәселесі көп кездеседі. Осы тұрғыда біздің облыста қолға алынып жатқан жаңа жоба кез келген ананы, кез келген отбасын бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын.

Қыз балалар тәрбиесін қолға алып, осы бағытта облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылып, жұмыс жасап жатқан «Шолпы» клубы облыстағы игілікті бастаманы бірауыздан қолдайды. Қыз балаларға алдында қоғамның, елдің, ұлттың болашағы, яғни үлкен жауапкершілік тұрғандығын ұғындыру, олардың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге сай болып өсуіне ықпал ету мақсатында құрылған клуб алдағы уақытта орталық жұмысына өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Мен — көп балалы анамын. Ата-аналарымыз берген тәрбиені басты ұстаным етіп, отағасы екеуіміз өз балаларымызды ең алдымен адам болуға тәрбиеледік. Балаларымыздың үлкені бүгінде медицина, білім салаларында абыройлы қызмет атқарып келеді.

Сөз соңында айтарым, қыз балалар тәрбиесін басты бағыт етіп алған клубтың жетекшісі, әрі көп балалы ана ретінде «Аналарға тағзым» жобасына ел болып, қауым болып атсалысып, аяулы аналарымызға құрмет көрсетейік дегім келеді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button