Рухани жаңғыруӘлеумет

Латын — индустрия тілі

Латын әліпбиі

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкерлері «Латын әліпбиіне көшу — рухани жаңғырудың басым бағыты» тақырыбында кездесу өткізіп, пікір алмасты.

Шараны институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Н.Әбішева жүргізді. Шараға институт қызметкерлері, облыстағы жоғары оқу орындарының филолог-ғалымдары, облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, еңбек ардагерлері мен білім саласы қызметкерлері қатысты.

Шарада қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бойынша жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары баяндалып, қазақ тілін дамыту және әлемдік ақпараттық білім беру кеңістігіне енгізу үшін латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі талқыланды.

  • Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де тоқтамайды. Латын қарпіне көшу – заман талабы, жаһандану үдерісіндегі өркениетке апарар жол. Латын — индустрия тілі, сондықтан латын қарпіне көшетін кезең нақ осы шақ, — деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы М.Жанасова.

Кездесуде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Тоқсанбаева қазақ әріптерін сан жағынан ықшамдай отырып, интернет-технологияға бейімдеу, ағылшын тілін жеңіл игеру, әлемдік білім кеңістігіне енуде латыннегізді әліпбидің тиімділігі жөнінде баяндаса, институт директоры Н.Әбішева Елбасының рухани жаңғыру жолындағы идеялары мен бастамаларын негізге ала отырып, сөз мәдениетін және жазу сауаттылығын жоғары деңгейде қалыптастыру үшін латыннегізді әліпбиді қолдайтындығын білдірді.

Латын қарпіне көшу — қоғамдағы барлық сала бойынша өзекті мәселе. Әлемде жойылуға жақын немесе жойылып кеткен тілдер қаншама? Жаңа графика тіліміздің шұбарлануынан сақтайды, — деді институт қызметкері, жаңа технологиялар және жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты А.Дүйсенбаев.

Шара барысында елдің көркеюі, білім мен ғылымның дамуы мәселелері кеңінен сөз болды. Кездесу алаңына шақырылған медицина саласының ардагері, 83 жастағы қария Қалау Шүкіров өз пікірін білдіріп, қазақ тілінің латын қарпіне көшуі тәуелсіз еліміз үшін батыл қадам екенін айтты.

Шара барысында Жайсаң көпсалалы колледжінің тарих пәнінің мұғалімі В. Есмұхамбетова, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің менеджері Д.Нұрмұхамедова латын қарпіне көшу мәселесі бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Педагогтар, тарихшылар, ғалымдар, еңбек ардагерлері бас қосқан кездесуде латын қарпіне көшу мәселесі жан-жақты талқыланып, қатысушылар мамандарға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.

 Д.Нұрмұхамедова,

облыстық тілдерді дамыту басқармасы

тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

ТҰТАСТЫҚ ТҰҒЫРЫ

 Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің М.Бөкенбаев атындағы заң институтында «Латын әліпбиі — тіл тұтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басты мақсат — латын әліпбиіне көшудің тиімділігі мен артықшылығын болашақ заңгерлерге түсіндіру.

Бас қосуға ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары полиция полковнигі Дастан Дәулетияров, тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақас, сондай ақ институттың профессорлық-оқытушылық құрамы мен курсанттары қатысты.

Жиын барысында сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандитаты Нұрбол Сәдуақас латын әліпбиіне көшудің ұтымды жақтарын айтып, толығырақ мағлұмат берді.

—  Латын әліпбиіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен мен мұны Елбасымыздың тіліміздің болашағы үшін дер кезінде жасаған дұрыс қадамдарының бірі деп айтар едім. Өйткені мемлекетіміз әлемдік дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін біздің барлық стандарттарымыз соған сай болуы тиіс. Бұл жерде латын әліпбиіне көшудің маңызы зор, — деді Нұрбол Абдоллаұлы.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде Елбасы Жолдауындағы бағдарлап берген межелердің бірі адами капиталды жетілдіру жолдары өз алдына сөз болып, латын әліпбиіне көшу кезеңдеріне түсінік берілді.

Жиын соңында оқу орнының қызметкерлері мен курсанттары облысымыздың тіл жанашырларына көкейтесті сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан мазмұнды жауаптар алды.

ЕКІ КЕЗЕҢНІҢ ЕРТЕҢІ

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина Қарғалы ауданында болып, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде өткен дөңгелек үстелге қатысты.

Қарғалы аудандық кітапханасында өткен шараға аудандық тілдерді оқыту орталығының мамандары, Бадамша орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері мен Бадамша аграрлық колледжінің оқушылары қатысты.

Бас қосуда сөз алған Клара Серғазина латын әліпбиінің маңыздылығы мен тиімділігін айтып, негізгі бағыттарына тоқталды.

Латын әліпбиіне көшудің бірден-бір маңыздылығы бұл әлем халықтарымен білім, ғылым саласында еркін ақпарат алмасып, әлемді тануға жол ашады. Біз латынға кезең-кезеңімен көшетін боламыз. Алдымен 2018-2020 жылдар аралығында ұйымдастырылу кезеңі жүргізіледі. Ал екінші кезеңі — жан-жақты жұмылдыру. Бұнда үйренгенге баға беріп, келешекке бейімдеу, тағы да басқа дайындықтар жүргізіледі. Үшінші кезеңде латын әліпбиіне түгел көшіп, екі кезеңнің жемісін көретін боламыз, — деді тіл маманы.

Жиын соңында студенттер қауымы тіл мамандарына жаңа бастамаға қатысты өз сұрақтарын қойып, жауап алды.

БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ

 «Латын қарпіне көшу — болашақтың бағдары». Осындай атаумен А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде дөңгелек үстел өтті. Жаңа әліпбиге көшудің қандай тиімді жақтары болатындығы талқыланған кездесуге «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Анаргүл Сүгірбаева, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырудағы  басты мақсат — болашақ мамандарға латын әліпбиіне көшудің пайдалы тұстарын, үйрену жолдарын айту.

Жиында алғы сөз алған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Дабылова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы 10 міндеттерді нақтылап, латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңыздылығына тоқталды.

Елбасы өз Жолдауында «…терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет» деп айтқан болатын. Латын әліпбиіне көшу —болашақтың айқын бағдары. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», әрқайсысымыз осы бағытта жұмыла еңбек етіп, нақты қадаммен алға нық баса білуіміз қажет, — деді ол.

Жиын соңында студенттер өз пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button