Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Кеңес БІРМАНОВ: Мені өмірдің өзі шыңдады

Кеңес Баймұқанұлы Бірмановты Ақтөбе жұртшылығы жақсы біледі. Үнемі ел ортасында, көпшілік алқасында жүретін оның бүгінге дейін жүріп өткен жолын кейінгі буынға үлгі етуге болады. Кейінгі он жылдан астам уақыт бойы үзбестен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметі тізгінін тапжылмай ұстап келе жатқан ілгері буын өкілінің айтары аз емес. Сонымен…

— Кеңес аға, бүгінде сексен деген ауылдың қақпасын қағып тұрсыз. Соған қарамастан бойыңыздағы сергектік, ойыңыздағы орнықтылық айналаңыздағы адамдарды тәнті еді. Әңгімеміздің әліппесін балалық шағыңыздан бастасақ…

— Қазіргі Мұғалжар ауданына қарасты Жем қаласынан жеті шақырым жерде соғыстың алдында Карл Маркс атындағы ұжымшар болды. Соның аумағында дүниеге келіппін. Әкем Баймұқан, анам Тәбия колхоз мүшелері болып, күндіз-түні тыным таппай еңбек еткен. Өкінішке қарай, әкемнің бет-жүзі, яғни бейнесі көз алдымда сақталмаған. Ол мен үш жасқа толар-толмаста әскер қатарына шақырылып, содан қолына қару ұстап ел қорғаған. Ұлы Отан соғысының майдан даласында қаза тапқан. Әкемнің жарқын тұлғасы менің жадымда, санамда ғана елес беретін секілді болып қалды.

Мен туған ауылымда бастауыш сыныпты бітіріп, содан соң Жем қаласындағы №52 теміржол мектебінде білім алуды жалғастырдым. 1951 жылды кеңшарлар ірілендірілген кезде біз тұратын аумақ Калинин атындағы кеңшарға қосылады да, алтыншы-жетінші сыныптарды осындағы орыс-қазақ аралас мектебінде оқыдым. Мұнда айтайын дегенім — соғыстан кейінгі кез, әкелеріміз соғыстан елге оралмаған, сол бір қиын жағдайдың өзінде балалардың білім алуы тиіс деген қағида берік ұсталатын. Мектепте оқып жүргенімде комсомол қатарына өттім, қоғамдық жұмыстарға араласа бастадым, класком етіп тағайындады, сонымен қатар қабырға газетінің редакторы болдым.

Шамасы алдыңғы сапта болуға ұмтылуым, өмірден өз орнымды табуға талаптануым негізі осы тұста қаланса керек. Бұл колхозда орта мектеп болмағандықтан жоғары сыныптарды қайтадан Жем қаласында оқыдым. Менің бірнеше мектепте оқуым өзімнің жетіліп-шыңдалуыма, былайша айтқанда өмір көруіме жақсы жағынан ықпалын тигізген секілді.

Сенетін әке жоқ қасымда, қайта есейе келе анама қолдау жасауға тырыстым. Ол кезде колхозшылар еңбеккүннен басқа ештеңе таппайтын. Қолындағы бірлі-жарым малынан үкіметке ет, май, жұмыртқа салығын төлейтін. Киетін киімнің, ішетін тамақтың тапшылығына шыдауға тура келеді.

Жазғы каникул тұсында колхоз жұмысына араласып, ат, өгіз және түйе көліктерін пайдаланып, шөп шабысатынмын. 1956 жылы мектеп бітірдім. Куәлігімдегі бағаларым тым жақсы, бірақ жоғары білім алуға жетпестік жібермейді. Жаз ортасынан қара күзге дейін тыным таппастан егін орағына қатыстым. Еңбегім еш кетпеді. Сол жылдың қорытындысы бойынша «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін кеудеме тақтым.

Бұл өмірдегі алғашқы жеңісім еді. Осылайша маған үнемі үміт артатын анамды қуанттым. Ал келесі жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түстім. Сөйтіп, алғашқы армандарым орындала бастады.

— Бұл жоғары оқу орнын 1962 жылы жақсы тәмамдағаныңызды құжаттарыңыздан байқап отырмыз. Енді жас маман қайда жол тартпақшы? Дипломды зоотехниктің еңбек жолы қайдан басталды?

— Жоғары курста оқып жүргенімде асыл тұқымды жылқы және меринос қойын өсіретін «Ембі» кеңшарында жартыжылдық практикада болғаным бар-ды. Сол кездегі шаруашылық басшысы Александр Беляев институт бітірген соң өз қарамағында қызмет істеуге шақырды. Мен қарсылық білдіргенім жоқ. Сөйтіп, ол институт ректорына арнайы хат жолдап, қатынас жіберді. Бұл шаруашылықта небәрі бір жарым жылға жуық уақыт қана қызмет істедім. Дегенмен, сол аз мерзімнің ішінде үлкен бір мектептен өткендей болдым.
Әлі есімде, Александр Иванович басшы болғанымен, машинаға мінбейтін, үнемі ат үстінде жүретін. Біздерден де соны талап етті. Әрине, алғашқыда маған қиындау тигені рас, бірақ бірте-бірте бұған да үйреніп кеттім. Алыс мал жайылымдарына, жылқы ауылға, басқа да шаруаға қатысты жұмыстарға атпен барамыз. Әрі ыңғайлы, әрі тиімді. Денсаулыққа да пайдалы. Борлы, Қайыңды деп аталатын фермалардың арасында атпен жүре беретінбіз. Тоқсан шақырымға дейін аумақты аралаймыз, сонда шаршамаймыз. Сол жастау кезеңде атпен көп жүргеннің де пайдасы ма деп ойлаймын, шүкір, қазір де денсаулығым жақсы, ауру-сырқаудан аулақпын.

Сонда жұмыс істей жүріп, ауылдағы мектеп директоры мен шаруашылық басшылығының келісімі бойынша жоғары сынып оқушыларына мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясынан сабақ бердім.

Бір жарым жыл жұмыстан кейін мені ауыл жастары шаруашылықтың комсомол комитетінің хатшылығына сайлады. Аудандық және облыстық комсомол комитеттерінің мүшесі болып, конференцияларға қатыстым. Сөйтіп айналаны тани бастадым.

Комсомол мектебінде аз-кем уақыт шыңдалған соң мені бірыңғай қой өсіретін «Орқаш» кеңшарына бас зоотехник етіп жіберді. Осында бес жыл бойы шаруашылық директорының орынбасары қызметін қоса атқардым. Бұл жылдары ауыл экономикасы қарқынды дамып, малдың барлық түрінің саны артты, өнім мөлшері көбейді. Орқашта партия мүшелігіне қабылдандым, көп ұзамай, кеңшар партия ұйымының хатшысы болып сайландым.

Алайда бұл қызметті де бір ай шамасында тапсыруға тура келді. Алдында ауыл коммунистерінің қолдауына ие болып, 1968 жылдың қазан айында облыстық партия комитетінің бюросына бекуге барғанымда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Иванович Журин «мына жігітті облыстық партия комитетіне қызметке қалдырайық» деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушылық қызметке кірісіп кеттім. Бұл — алдағы жиырма екі жылға созылатын партиялық қызметімінің бастауы іспетті еді.

— Сіз Журиннен кейін облысты басқарған Василий Андреевич Ливенцовпен де біраз қызметтес болғаныңызды білеміз. Осы тақырыпты таратыңқырап айтсаңыз.

— 1972 жылдың қаңтар айында облыстық партия ұйымында өзгеріс болды. Журин құрметті еңбек демалысына шығып, оның орнына бұрын Шымкент облыстық партия ұйымына жетекшілік еткен Ливенцов келді. Ол кадрларға қатаң талап қоя білетін, іскер, еңбекқор адам еді. Келгеннен кейін ауыл шаруашылығы мәселесіне ерекше назар аударып, көп ұзамай арнайы пленум өткізді. Пленум материалдарын жан-жақты дайындау, негізді сараптама жасау, барлық коммунистер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін нәтижелі жұмысқа жұмылдыратын баяндама әзірлеу салмағы біздің бөлімге түсті.

Осы шарадан кейін шамалы уақыт өткеннен кейін бірінші хатшы мені өзіне шақырып, ашық әңгімелесті. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегіме жақсы баға беріп, «сен әлі жассың, саған облыс экономикасының басқа да бағыттарын игеруің керек, сондықтан маған көмекші бол, үйрен!», —  деді. Қысқасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі қызметін жеті жылдан астам уақыт атқардым. Рас, көп нәрсе үйрендім, тұжырымдап айтқанда, бірінші хатшының аяғы жеткен жерге мен де бардым, оның көргенін мен де көру мүмкіндігіне ие болдым.

Сол тұстарда мені Алматыға, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне инспекторлық қызметке ұсынды. Бірақ Ливенцов жібермеді. «Одан жоғары қызмет болса, баруыңа болар, ал инспектор болып, арыз-шағым тексеріп жүруіңе қарсымын» деді. Сол кісінің айтқан ақылына тоқтадым.

— Облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметі өз тұсында жауапкершілігі жоғары лауазым болғанын білеміз. Мамандығыңыз бойынша да, партиялық қызметте де біраз сатылардан өткеннен кейін осы тізгінді ұстауыңыз заңдылық іспетті көрінеді.

— Партиялық қызметте қай буында болуыңды өзің таңдай алмайсың. Ол кезде «Партия айтты — заң» деген ереже бар. Партиялық ұйымдастыру бөлімінің басты шаруаларының бірі — кадрлар жөніндегі саясатты жүзеге асыру. Бұл ретте жастарды тәрбиелеу, сыннан өткізу, кезекті басшылық қызметке орналастыру, олардың жұмысын қадағалау оңай шаруа емес. Онда қателесуге болмайды. Таңдаған кадрың талап деңгейінен көрінбей жатса, ұятқа қалатын өзің. Сондықтан бұл қызметті барынша жауапкершілікпен, жеті рет өлшеп, бір рет пішіп дегендей өлшеммен атқаруға тырыстым.

— Қазіргі Мұғалжар ауданының ізіндегі Октябрь аудандық партия комитетіне жетекшілік еттіңіз. Тоғыз жолдың торабы аталатын бұл аймақты басқару қай кезде де оңай болмағаны белгілі. Сол кез туралы айтып берсеңіз.

— Мен бұл қызметте бес жылдан артық уақыт болдым. Сол уақытта Бүкілодақтық екпінді құрылыс — Шилісай фосфорит комбинатын пайдалануға беру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазіргі Қандыағаш ол кезде Октябрь қаласы аталатын. Сонда жылына 80 мың шаршы метр тұрғын үй салатын үй құрылысы комбинаты іске қосылды. Қала халқы бес-алты жыл аумағында 14 мыңнан 40 мыңға дейін өсті. Осыншама тұрғында азық-түлікпен, ет-сүтпен, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды.

Біздің ауданға мұнай өндіру саласы бойынша вахталық әдіспен жұмыс істеуге келетіндер саны көп болды. Ресейден, Прибалтика аймағынан келетін. Сексенінші жылдардың аяғына қарай солардың арасындағы коммунистер іріткі тудыра бастады. Олар елдегі қайта құру науқанын желеу етіп, өз пікірлерін ашық айтқансып, тіпті өндіріске зиянын тигізу деректері орын алды. Мұндай басбұзарлармен жұмыс істеу бізге оңайға соққан жоқ. Дегенмен, біз үшін ең қажеттісі — ауданда қалыпты жағдайды сақтау болды. Сол мақсатта тынымсыз жұмыс істеуге тура келді.

Жалпы, партия сапында ұзақ жыл қызметте болдым ғой. Еңбегім бағаланды, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерін, бірнеше медальдарды кеудеме тақтым.

— Бала кезіңізде әке алақанының жылуын сезінбей, жарым көңіл болып өскеніңізді айтпағанда, былай қарағанда алдыңыздан ақ жол сайрап жатқан секілді көрінеді. Шынында да солай ма, өміріңізде кедергілер кездескен жоқ па?

— Адам болған соң тірлікте қуанышты да, қиыншылықты жағдайлар кездесіп тұрады. Шама келгенше бәріне де сабырмен қарау керек деп ойлаймын. Мен өзіме тапсырылған қандай іске де жауапкершілікпен қарадым деп айта аламын. Содан болар, бір де сөгіс я басқа партиялық жаза түрін алып көрмеппін.

Әрине, өз басыңдағы жағдайды сырт көзге жария ете берудің қажеті шамалы деп

есептеймін. Дегенмен, өз өмірімдегі бір кедергі туралы айта кетейін. Облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша хатшы болған Кеңес Нокиннен кейін осы қызметке менің кандидатурамды ұсынды. Алайда Орталық Комитеттегі Мищенко деген мықты маған тосқауыл қойды. Себебі, сол кездегі Комсомол аудандық партия комитетіндегі басшылықтың үстінен жоғарыға арыз түсіп, оларды қатаң жазалау туралы бізге үзілді-кесілді нұсқау келді. Ол уақытта жоғары органның тапсырмасына тікелей қарсы шығуға болмайды. Тәртіп солай. Біз бұл арыздың қаншалықты әділдігін жақсы білетінбіз, сондықтан елдегі азаматтарға араша түсу мақсатында оның шешімін шығаруды соза бердік. Дегенмен осылайша өзіме жау тауып алған екенмін. Хатшылыққа өтпей қалдым.

Шындығымды айтайын, бұған өкінген жоқпын. Өйткені, ешкімге қиянат жасамадым, арым таза болды деп ойладым.

— Көптен бері облыстық ардагерлер кеңесін басқарасыз. Сексенге келген сізге аға боларлық жастағы ақсақалдар легін кімдер бастап келеді? Жүзден асқан қарияларымыз көп пе?

— Шүкір, ғасыр жасын игерген ақсақалдарымыз бар. Ақтөбе қаласында тұратын Иван Степовой 1915 жылы дүниеге келген. Мұғалжарлық Артем Проскурин 1917 жылғы. Петр Ходос биыл жүзге толмақшы. Сағидолла Разбаев ағамыз 1919 жылы туған. Жүзден асқан апа-әжелер де бар.

Кешегі күні ел қорғап, болашақ үшін жанын шүберекке түйген ерлеріміздің қатары сиреп, бүгінде азайып-ақ қалды. Бірақ олардың әрқайсысы да ерекше құрметке лайық.

Облыста сексен мыңдай ардагер болса, соның сексені — соғысқа қатысқандар. 6500 тыл ардагері бар.

— Сіздің сексендегі сергектігіңіздің сырын іздеп отырмын. Спортпен шұғылданасыз ба, аңшылық, басқа да қызығушылықтарға қалай қарайсыз?

— Шынымды айтсам, мен қызметте жүргенде басқалай еш алаңым болған жоқ. Қазір де солай. Спортпен шұғылдандым деп айта алмаймын, аң аулауға, ау салуға да қызыққан емеспін. Ең бастысы, жақсы көңіл-күймен жүруге тырысамын. Соның өзі де адамға сергектік сыйлайтын тәрізді.

— Қай қоғамда да басты құндылық ретінде отбасын алға тартамыз. Осы тұрғыдан бір ауыз сөз айта кетсеңіз.

— Кім-кім де шаңырағын биік көтеріп, ұрпақ өрбітіп, отбасынан өнеге таратуды көздейді ғой. Өмірлік қосағым Балжан қай кезде де оң жағымнан табылды. Менің алаңсыз қызмет етуіме жағдай жасады. Өзі ұзақ жылдар байланыс саласында еңбек етті. Ортақ мақсатымыз — балаларымызға жақсы білім, саналы тәрбие беру болды. Шүкір, отбасымыздағы бір ұл, бір қызымыз қазір өз қатарында қызмет етуде. Бақытжанымыз Алматы теміржол институтын бітірген, осы салада басшылық қызметте абыройлы жұмысын істеп жүр. Алмагүліміз Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген, ол да өз мамандығының жемісін көруде. Олардың да ұрпақтары жақсы өсіп келеді.

— Тағы да бір жыл басталды. Бүгінгі жас буынға аталық тілегіңізді айтсаңыз.

— Менің ең бірінші айтарым: қандай да жақсы істер, жаңалықтар жастардың қолымен жасалады. Сондықтан балаларымыз өздеріне әрдайым сенімді болып, осы қоғамның иесі өздері екенін сезінсін, жауапкершілікті мойындарына алудан қашпасын. Сәтсіздіктерге мойып, шегіншектеп қалатын заман емес бұл. Жастарымыз намысты болсын. Қазақ елінің қуатты болуы маған да қатысты деген ой саналарында атойлап тұрсын.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button