ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Ассамблея: міндет және марапат

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Рухани жаңғыру — жарқын болашақ кепілі» тақырыбында XXI сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімдерінің орынбасарлары мен этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ғылым мен шығармашылық зиялылары, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының өкілдері қатысты.

Сессияда Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындауда қоғамдық сананы жаңғырту, қоғамдағы ынтымақтастық пен келісімді нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет  басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты берген тапсырмасы бар. Ең бастысы — Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының көпұлтты қоғамдағы тұрақтылықты, келісім мен ынтымақтастықты қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау үшін барлық шараларды қабылдау керек. Сонда ғана біз көздеген мақсатымызға жетіп, халықтың әл-ауқатын жақсарта аламыз. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Өңірде Президенттің барлық тапсырмасы толық орындалып жатыр. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Облыс экономикасының өсімі  дағдарысқа және мұнай мен түсті металдарға деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан 2016 жылмен салыстырғанда алдын ала болжамдар бойынша 5 пайыздан асады. Бұл келер жылға қор жинап, халық алдындағы барлық міндеттерді орындауға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы өз сөзінде жолдар мен тұрғын үй, әлеуметтік ғимараттар салу жұмыстарын негізгі басымдық ретінде атап өтті. «Соңғы екі жылда  тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есеге артты. Мәселен, 2015 жылы облыста 350 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, ал биыл жыл соңына дейін кем дегенде 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, республика бойынша Ақтөбе  «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруда көш басында келеді», — деген облыс әкімі аймақта өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы табысты жүргізіліп жатқанын, облысқа инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

Менің жақында Пекинге жасаған сапарымның негізгі мақсаты да облыс экономикасына инвестициялар тарту, — деді облыс әкімі.

Сесияның күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяның XXV сессиясында берген тапсырмаларының облыста орындалуы және ассамблеяның жыл бойы атқарған жұмысы қорытындыланды. Бұл жөнінде  Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов баяндады.

Оның айтуынша, облыстық Ассамблея құрамында 144 мүше бар, 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Сол сияқты, әрбір ұлттың ана тілімен қоса мемлекеттік тілді қатар үйрететін бірқатар жексенбілік мектеп те бар. Биылдың өзінде осындай мектептердің араласуымен 48 мың адамды қамтыған 740 іс-шара ұйымдастырылған.

Бүгінде ақтөбеліктер үшін ұлттық мерекеміз — Наурыз тойын тойлаудан бөлек, Пасха, Сабантой, Рождество, Ханука, Масленица, сондай-ақ «Весенняя роса» сығандар мәдениетінің фестивалін өткізу дәстүрге айналған.  Сол сияқты, бірлестіктердің этномәдени бағдарламалармен көршілес облыстарға, соның ішінде Ресей Федерациясына баруы да дәстүрлі ұйымдастырылатын шаралардың бірі.

Н.Барбосыновтың айтуынша, облыста екі жыл бұрын қоғамдық келісім кеңесі құрылған болатын. Бүгінгі таңда облыста түрлі деңгейдегі 157 кеңес бар, яғни олар қалалық, аудандық, селолық және кәсіпорындар жанынан құрылған кеңестер. Ол Ассамблея мүшелері жыл бойы облыстың шалғай ауылдарына дейін барып, қоғамдық жұмыстар жүргізілгенін айтып, бұл үшін ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбекке көпшіліктің алдында алғысын білдірді.

Сессия жұмысы кезінде дағыстандардың ұлттық-мәдени «Дағыстан» орталығының басшысы Даази Омаров, Әйтеке би ауданы Қарабұтақ орта мектебі жанынан құрылған жексенбілік мектеп оқытушысы Валентина Гулей, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар қоғамдық кеңесі төрайымының орынбасары Лаура Бердібекова, Ассамблеяның жастар қанатының мүшесі Анна Феськовалар сөз сөйледі.

Сессия кезінде сөз алған «Оксана» украин мәдени ұлттық бірлестігінің жетекшісі Валентина Моисеенко облыс әкімінен сыйымдылығы үлкен автобус, сондай-ақ дыбыстық аппарат пен жаңа үлгідегі LED-экран алуға қолдау білдіруін сұрады.

Этномәдени бірлестік тарапынан айтылған бұл ұсыныс елеусіз қалмады. Облыс әкімі Б.Сапарбаев келер жылдың 20 наурызына дейін айтылған бұл мәселелер оң шешімін табатынын айтып, Наурыз мерекесінде Ақтөбедегі украин ұлты өкілдерінің жаңа аппаратурада концерттік бағдарлама ұсынатынын айтып, әзілдеді.

Сондай-ақ, сессия кезінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жаңартылған құрамы бекітіліп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығына сүбелі үлес қосқан Ассамблея белсенділеріне құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, «Шалом» еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Полина Савицкаяның кеудесіне Елбасы Н.Назарбаевтың атынан «Бірлік» медалі тағылып, «Шатлық» татар-башқұрт этомәдени бірлестігінің мүшесі Асхат Сулейменов Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, Ассамблея мүшелерінің бірқатары облыс әкімі Б.Сапарбаевтың атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Ақтөбе облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы аясында «Ақ дастарқан» ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button