ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Біздің Ардақ — бірінші

Тәуелсіздік күнінде бір топ ақтөбелік халықаралық «Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасында жеңімпаз атанған жерлесіміз, жас күйші Ардақ Елеусізді теміржол вокзалынан күтіп алды. Байқауды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған еді.

Өңірлердегі іріктеу кезеңдерімен қосқанда бас-аяғы 6 айға созылған жобаның мақсаты — жер-жерде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген таланттарды үлкен сахнаға шығару, олардың шығармашылығына серпін беру арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына үн қосу. Еліміздің ғана емес, Ресей, Қытай мен Моңғолия мемлекеттерінен ұзын саны 3 мыңға жуық үміткер өтініш білдіріп, солардың тек 57-сі — телевизиялық жобаға жолдама алғандар өзара «Дәстүрлі ән», «Күй», «Терме» аталымдары бойынша сынға түсті.

Байқаудың марапаттау рәсімінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев:

— Елбасының өзі атап өткендей, ұлттың бірегейлігі сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Бұл ретте «Мен қазақпын» жобасы үлкен міндетті жүзеге асырып отыр. Қазақтың жыршылық, термешілік, күйшілік мұралары қайта жаңғырды. Қытай мен Моңғолиядағы, Ресейдегі қандастарымызбен мәдени байланысымыз күшейе түсті. Бұның барлығы — жас ұрпақтың ұлттық өнерге құштарлығын арттыратын үлкен игілікті іс. Біздің министрлік ұлтымыздың төл мәдениетін ұлықтайтын шараларды қашанда қолдайтынын айтқым келеді, — дей келе, әр жанр бойынша үздік шыққандарға диплом және 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Жеңіске жеткендердің арасында «Күй» жанры бойынша бақ сынаған ақтөбелік Ардақ Елеусіз де бар. Жерлесіміз — халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі. Жыл басында Ақтөбеде оның «Аманат» атты әдемі кеші өткенін айта кету керек.

Осы орайда, ұлық мереке — Тәуелсіздік күнінде облыстық «Ақтөбе» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан бастаған журналистер қауымы, мәдениет қызметкерлері және жастар құшақ-құшақ гүлдерімен жеңімпаз жігітті пойыздан күтіп алып, ізгі тілегін білдірді. Астанадан ата-анасымен бірге қуанышты көңіл күймен оралған Ардақ:

— 6 айға созылған байқау, әрине, оңай болған жоқ. Әр облыстан жиналған өнерпаздардың барлығы мықтылығын көрсетті. Бірақ, Ақтөбедей қолдаушы елім барда намысты қолдан бермей, бар өнерімді салуға тырыстым.

Менің ойымша, бұл марапат — қазақтың күй өнеріне берілген баға. Мені қолдап, жанкүйер болған барша жерлестеріме рақметімді айтқым келеді. Барлықтарыңызға бақ-береке тілеймін, — деп лебізін айтты.

Өз кезегінде біз 24 жастағы жерлесімізді осынау жеңісімен құттықтай отырып, алар асуыңның аласасы осы болсын деген тілегімізді білдіреміз!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button