ЖаңалықтарМереке

Мейірім және марапат

Кәсіби мереке

4 қарашада Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті.

Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс басшылығы, мереке иелері — Ақтөбе қаласынан және аудандардан келген әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері мен осы салада еңбек еткен ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер менБАҚ өкілдері қатысты.

Мерекеге орай аталған салада қызмет етіп жүрген бір топ ақтөбелік ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Жиын басында оларға өз марапаттарын облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова тапсырды. Сондай-ақ, Сәния Қалдығұлова тағы бір топ мамандарға облыстық мәслихат атынан да Алғыс хаттар табыстады.

Аймақтағы әлеуметтік қолдауға, одан бөлек, күнделікті өмірде осы сала қызметкерлерінің жәрдем-көмегіне зәру жандардың бір тобы бейнетүсірілім арқылы мерекеге орай тілек-ниеттерін жолдаған. Олардың құттықтаулары сахна төрінен үлкен экран арқылы көрсетілді.

Сал ауруына шалдыққан азаматтар атынан «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова:

— Әлеуметтік сала қызметкері, ең алдымен, біздің досымыз, сонымен бірге, оны мемлекеттің әр үйге, әр азаматқа деген қамқорлығының белгісі ретінде қабылдаймыз. Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым көңіл күйлеріңіз жоғары, еңбектеріңіз жемісті болғай деп тілеймін, — деді.

Ал еңбек ардагері Клавдия Арсиенко:

—Кенеттен ауырған науқасқа жедел жәрдем қаншалықты маңызды болса, жалғызілікті қариялар үшін де әлеуметтік қызметкерлердің көмегі соншалықты маңызды. Сіздердің жұмыстарыңыз — қиындығы да, сауабы да мол іс. Баршаңызға бақыт пен абырой тілеймін, — деп ағынан жарылды.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі.

— Облысымызда әлеуметтік қорғау саласында 2 мың адам еңбек етеді. Ал 290 мың адам мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер алып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің әлеуметтік көмекке зәру жандардың мәселелерін әрдайым назарда ұстап, оларға көмек қолын созатынын үнемі баса айтады. Мейірімділік, көмекке зәру жандарға деген жанашырлық әр адамның бойынан табылуы тиіс қасиеттер болса, әлеуметтік сала қызметкерлері бойынан сол қасиеттер ерекше көрінуі тиіс. Мемлекеттің әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы саясатын іске асыру жолында сіздер өз маңдай терлеріңізбен зорүлес қосып келесіздер. Сондықтан да баршаңызға облыс басшылығы атынан алғыс айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болғай! — деді облыс әкімі.

Облыс басшысы әлеуметтік қорғау саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Рахима Ахметоваға «Еңбек ардагері» медалін, осы салада үздік қызмет етіп жүрген алты адамға — «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісін, тағы бір топ маманға облыс әкімдігінің Алғыс хатын табыстады. Марапатталғандар арасында Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жексенбай Өмірзақ, облыстық жүйке аурулары ауруханасының аспазшысы Ханшайым Мұхамедярова,Мұғалжар аудандықжұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімініңсектор меңгерушісі Ақсұлу Жұбаназарова,Шалқар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше басшысы Заузат Байсанов, т.б. бар.

Жиында аталған сала қызметкерлеріне облыстық кәсіподақтар бірлестігі, облыстық департаменттер мен басқармалар атынан да Алғыс хаттар табысталды.Барлығы 40-тан астам адам түрлі марапаттарға ие болды.

Жиналғандар Марат Әйтімов, Гүлсім Юсупова сынды белгілі өнер шеберлері бастаған әншілердің, өнер ұжымдарының күшімен әзірленген концертті тамашалады.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button