ЖаңалықтарЭкономика

Басты міндеті — инвестиция тарту

Индустриалды аймақтың әкімшілік ғимаратында өткен жиында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Дархан Өтеміс облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында осы жылдың өткен 9 айында атқарылған жұмыстарға қатысты есеп берді.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында Д.Өтеміс әуелі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржылық жағдайына тоқталды. Корпорация міндеттемесі 51 пайызға, яғни 318 миллион теңгеге дейін төмендеген. Алдын ала деректер бойынша активтерді қайта бағалауды ескере отырып 137 миллион теңге таза пайдаға қол жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге көп. Д.Өтемістің айтуынша, корпорацияның бюджет алдындағы 32 миллион теңге қарызының 12 миллион теңгесі қайтарылған.

Сіздің хаттамалық тапсырмаңызға сәйкес, біз бейінді емес активтерді іске асыру бойынша белсенді жұмыс жасауға күш салдық. Қазір «Сардала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық қорындағы  40,1 миллион теңге бағалау құнымен өз үлесімізді (42 пайыз) сатуды жоспарлап отырмыз, — деді Д.Өтеміс.

Басқарма төрағасы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бүгінде тұрақтандыру қоры мен аймақаралық кооперацияның жүзеге асырылуына ерекше мән беретінін айтты.

— Тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру, азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру және аймақаралық кооперацияны жүзеге асыру бойынша корпорация тарапынан бірқатар іс-шаралар қабылданды. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен көкөніс өнімдерін жеткізушілермен жұмыс жасау нәтижесінде шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін «Табыс» коммуналдық базарында 32 миллион теңгеге әкелінген 370 тонна картоп пен 45 тонна пияз сатылды. Ал әлеуметтік дүкендерде баға көтерме саудадан 10-20 пайызға төмен, нәтижесінде тұрғындар 13 миллион теңгені үнемдеді. Сонымен қатар, Қазақстанның басқа да аймақтарынан, яғни Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары және Ресейдің шекаралас өңірлерінен жеткізілімдер жасалды. Тағы бір айта кететін жайт, белгіленген кестеге сәйкес апта сайын әр сенбі күні облыс аудандарының қатысуымен жәрмеңкелер өтеді,деді Дархан Өтеміс.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыстың тұрақтандыру қорын толықтыру мақсатында 2017-2018 жылғы маусымаралық кезеңге көкөністер сатып алуға арналған фьючерстік келісімшарттар жасалған. Ол өз сөзінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл сатып алынатын өнімдердің ұлғаюы байқалғанын, бұл халық арасында әлеуметтік маңызды және қажетті көкөністер сұранысының артуымен байланысты екенін айтты. «Келісімшарттарды жасасу кезінде Ақтөбенің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сатып алу бойынша басымдық ескерілді. Сонымен қатар, сауда орындарын жалға алушылар облыс аудандарының жеке шаруашылықтарынан етті өздері жеткізуді жүзеге асырады. Биыл мамыр айында  жергілікті кәсіпкерлерге балық өсіру және балық аулау үшін Ырғыз ауданында көлдерді бөлуге  ұсыныс енгізілді. Бүгінде  біз Ырғыз ауданының әкімдігімен бірлесе отырып, «Аңсаған» өндірістік кооперативіне балық өсіру және балық өндіру үшін, кейін оны базарларда сатылуына мүмкіндік беретіндей Сабындыкөл және Айқұл көлдерін беруге ықпал еттік», — деді басқарма төрағасы Дархан Өтеміс.

Жиында басқарма төрағасы бүгінде «Табыс» коммуналдық базарында картоптың келісі 60-90 теңге аралығында сатылып жатқанын айтқанда облыс әкімі:

— Мені картоптың нақты бағасы қызықтырады. Қазір кез келген жерде картоптың келісі 120-150 теңге аралағында тұр. Ертеңгі күні қалай болмақ? — деген Бердібек Машбекұлының сауалына Дархан Өтеміс биыл тұрақтандыру қорына 1680 тонна картоп жеткізілгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін айтты.

Жиында облыс әкімі тұрақтандыру қорына көкөніс жеткізуде жан-жақты талдау жасап және  көршілес мемлекеттердегі жағдайды ескеру қажеттігін айтты. Себебі  биыл Ресейде өнім шығымы төмен болған. Сондықтан елімізден  Ресейге картоп жеткізу көлемі артқан.

Жиында корпорация тарапынан жер қойнауын пайдалану ісіне қатысты атқарылған жұмыстар да айтылды. Биыл  1 қазандағы жағдай бойынша «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жер қойнауын пайдалануға 15 келісімшарт жасаған. Оның 10-ы  геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге, ал

5-еуі өндіруге арналған. Есепті мерзім ішінде кен орындарын игеру үшін облыста 16 бірлескен кәсіпорын құрылыпты.

Жыл басынан бастап жалпы сомасы 9,1 миллиард теңгеге 20 жобаға сараптама жүргізілді. Биыл жыл соңына дейін  Ақтөбе қаласы мен аудандардан 7 жоба қарастырылады. Сараптама қызметтерінің жалпы құны — 34 миллион теңге, — деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласында көше саудасының жобасы дамып келеді. Бүгінде кәсіпкерлерге конкурстық негізде 18 жер учаскесі бөлінген. Алайда облыс әкімі әзірге бұл мақсатта пайдалануға берілген бірде-бір ғимаратты көрмегенін айтты. «Біз дүңгіршіктердің эскизді талапқа сәйкес келуін талап етеміз. Сондықтан талапқа сай дүңгіршек дайындайтын материал әзірге Астана қаласында ғана бар», — деді Д.Өтеміс.

Жиын барысында корпорация тарапынан индустриалды аймақтың бүгінгі жай-күйі сөз болды. Басқарма басшысы «Ақтөбе» индустриалды аймағын толық іске қосу бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта мұнда 13 компания ғана жұмыс жасайды. Бұл орайда Бердібек Машбекұлы басқарма төрағасына индустриалды аймақтан бөлінген учаскеде өз ісін бастауға салғырттық танытып жүргендермен келісімшартты бұзу турасында тапсырма берді.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев:

— «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 9 ай ішінде 1 миллиард теңге табысқа жетті. Қалада пайдалы қазба жоқ. Сондықтан «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы табыс табуды үйренуі керек. Бірақ, ең бастысы қажет емес активтерден арылу керек. Оларды сату керек. Ал сатудан алынған қаражатты жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы — бұл ұлттық компания. Сондықтан корпорациясының алдында тұрған басты міндет — инвестиция тарту, — деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы корпорация басшылығына алдағы уақытта бизнес инкубаторлардың жұмысын жандандыру үшін аудан әкімдіктерімен қоян-қолтық жұмыс жасауды тапсырды. Оның айтуынша, аудандарда шағын және орта бизнес дамуы керек. Себебі, жол бойындағы сервистік қызметтердің жұмысы тоқтаған. «Сервистік қызметтер бізге қажет. Өйткені қазір біз көптеген жолдың құрылысын салып жатырмыз. Сондықтан кафе, жанар-жағармай құю бекеті секілді өзге де ғимараттардың қайда орналасатынын алдын ала білу маңызды. Жалпы алғанда, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өткен 9 айдағы жұмыс қорытындысы жаман емес», — деп облыс әкімі жиынды қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button