«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Бұл — туған жерге тартылыс

Назарбай БЛИЕВ,

академик, физика-математика ғылымдарының докторы:

 

— Адам баласы қанша жасқа келсе де, туған жерін, үлкен өмірге жолдама алған мекенін ұмыта алмайды. Былайынша айтқанда, бір бүйрегі бұрып тұрады. Біз де солай.

Ақтөбе жерінде осындай ауқымды шара қолға алынып жатқанын естігенде қатты қуандым. Өйткені бұл қадам біздің көкейіміздегі, жан-жүрегіміздегі ойларымызбен үндестік тауып тұр.

Мен Жарқамыста дүниеге келдім. Жем өзені бойында балалық шағымыз өтті. Осы өзен атымен аталатын колхоздың шаруасына қабырғамыз қатпай, бұғанамыз бекімей тұрып жегілдік. Сол мекеннің әрбір тал жусанына дейін ыстық.

Сондықтан да елге келіп тұрамыз. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Ақтөбеде тұратын інім Болатты қасыма алып, Байғанинге барып қайттым.

Ең алдымен халықтың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне назар аудардым. Шүкір, жақсы деген ойға келдім. Өйткені халыққа аудан аумағында жұмыс істеп жатқан мұнай компанияларының азды-көпті көмегі да тиіп тұр екен. Бірсыпыра жастар компанияларда жұмыс істеп, отбасын асырайды. Сондай-ақ ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге де мүмкіндіктер туыпты. Тұрғындар газды пайдалана бастаған. Әр үйдің ауласынан өріп шығып жатқан мал қарасын байқадым. Жалпы халықтың тұрмыстық жағдайы көтерілген. Осының бәрі менің көңіліме бір тыныштық әкелді.

Ендігі мәселе — сол ауылдың өсіп келе жатқан жастарын үлкен ортаға тарту, оларға жақсы мамандық алуға бағдар беру, сөйтіп, қоғамға пайда келтіруге бейімдеу. Осы тұрғыдан мен не істей аламын деген сауал мені де мазасыздандырады.

Өзімнің жүріп өткен өміріме көз жүгіртсем, он жеті жасымда алыстағы ауылдан Алматыға жол тартып, Қазақ Мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түскен екенмін. Университетті бітіргеннен кейін қазіргі Атырау қаласындағы педагогикалық институтта үш жылдай оқытушы болдым. Содан кейін КСРО Ғылым академиясының математика институтының аспирантурасына түсіп, ғылым жолына бет қойдым.

1988-2000 жылдары Қазақ Ғылым академиясының математика институтының директоры болып, осы саладағы көптеген ғылым ізденістер мен жаңалықтардың бастауында болғанымды көңіліме медет тұтамын.

Қазірде де белсенді еңбектен қол үзген жоқпын. Беріректе уақыт талабына сай қазақ тілінде бірқатар оқулықтар жаздым. Бір ғылыми кітабым неміс аудармашыларының көмегімен Америкада басылды.

Негізгі ғылыми еңбектерім функция және функционалдық теория тәсілдерін дербес туындылы дифференциалдық теңдеулерге қолдану саласына, кешенді айнымалы функциялар теориясына арналды. Бір кездері шалғай ауылда туып-өсіп, осындай дәрежеге жеткенім ең алдымен алға ұмтылудың, ізденістің арқасында болды деп ойлаймын. Сондықтан да жас буынға ерінбей еңбек етуді, өзінің бойындағы күш-жігерін пайдалы іске жұмсауды қалар едім. Ал математика саласында өзінің бағын сынаймын деген жастарға көмек көрсетуге мен әрқашанда әзірмін.

Осы сапарымда да жергілікті жоғары оқу орындарында болып, өзімнің мүмкіндігім аясындағы ақыл-кеңесімді айтып, қолдау жасаймын деп ойлаймын.

Туған жерге тартылыс күші ешқашан да азаймайды. Біздің міндетіміз — оны көркейтуге, өркендетуге үлес қосу.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button