«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтарЖаңалықтар

«Туған жерге тағзым» акциясы

Биыл облыста Елбасының «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Облыстың барлық аудандарында осы бағыттағы жұмыстар мақсатты түрде жүргізіліп жатыр. Бюджеттен тыс қаржыға мектеп, балабақша, жолдар жөнделіп, оқу ғимараттарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, кәсіпкерлер жерлестеріне қолдау көрсетуде.

Алға

Алға ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 420 млн 51 мың теңгеге 20 жоба қарастырылған. Қазіргі таңда аталған жобалардың 11-і жүзеге асырылса, 4 жобаны іске асыру үшін жұмыстар жасалынып жатыр.

Атап айтсақ, Ақтөбе медресе-колледжінің ауласында «Ақтау НЛТД» ЖШС директоры Абдигафур Дибиталиевтің демеушілігімен 50 млн теңгеге спорт кешені салынып жатыр. Тамды ауылдық округінде «Нектар» ӨК директоры Шамиль Каспрановтың демеушілігімен 120 млн теңгеге 20 адамға арналған қоғамдық монша құрылысы жүргізілуде. Бестамақ ауылында Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына орай «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин 32 млн 158 мың теңгеге батыр бабаға арналған ескерткіш орнатуда. Ал Маржанбұлақ ауылдық округінде «Жайықов» жеке қожалығының басшысы Баубек Жайықовтың демеушілігімен 150 млн теңгеге 100 орындық балабақша салынып жатыр.

Әйтеке би

Аудан бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биылғы жылы жалпы құны 63,0 млн теңге болатын 42 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде 58,2 млн теңгеге 30 жоба іске асырылды.

Аталған жобалардың ішіндегі ең ірі жоба — Аралтөбе ауылындағы белсенді азамат Марат Сәрсеновтің қаржыландыруымен жалпы құны 48,0 млн теңгеге салынған Қызылжұлдыз орта мектебі жанындағы балаларға арналған ойын алаңы мен спорт алаңының құрылысы.

Сондай-ақ осы ауылда белсенді азаматтардың бастамасымен 1,2 млн теңгеге ауыл зираты қоршалып, елді мекеннің кіреберісіне арка жасалып, «Келінтөбе» демалыс орны жасақталды. Қарабұтақ ауылында кәсіпкер Қайрат Қойлыбаев қазіргі уақытта жалпы құны 2,5 млн теңге болатын құрастырмалы хоккей кордын салу жұмыстарын бастады.

Осындай игі істер Құмқұдық ауылдық округінде де жасалып жатыр. Ауыл азаматы                                                                                                 А.Чемоданов Қарашатау орта мектебіне үстел теннисін сыйға тартып, ауылға кіреберіс жолға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, ауылдың белсенді азаматтары 1,6 млн теңге қаржы жинап, ауылдағы зиратты қоршады.

Алдағы уақытта Комсомол ауылының перзенті Б.Қондыбаев аудан орталығына ірі хоккей кордын салмақшы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл кәсіпкері                       Қ.Нұрабаев 50 орындық «Таңшуақ» балабақшасының құрылысын жүргізуде.

Байғанин

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Байғанин ауданында бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтсақ, аудан орталығында жеке кәсіпкер Бекбол Абдуллиннің демеушілігімен

1 млн теңгеге Т.Жармағамбетов атындағы орта мектептің материалдық базасы жабдықталып, белсенді азамат С.Ибраевтың қолдауымен 9 оқушыға Қарылға Баймағанбетова атындағы шәкіртақы тапсырылды.

Ауданда 1997 жылғы мектеп бітірген түлектер Сартоғай ауылдық округіндегі екі мүгедек балаға қайырымдылық көмек көрсетіп, спорттық жарыстарды өткізуде демеушілік жасады.

Миялы ауылдық округіндегі орта мектепті  2007, 2017 жылы аяқтаған түлектер мектеп ғимаратының ішін безендіріп, құрал-жабдықтар алып берді, спорттық жарыстар ұйымдастырды. Жаңажол ауылдық округінен 1997 жылы мектеп бітірген түлектер ауыл жанынан қазақы үй салып, «Келінтөбе» орнын жасақтады. Ұлттық спорт түрлерінен әртүрлі жарыстар өткізуге демеушілік жасап, балалар үшін 20 доп алып берді, мектепке электронды қоңырау қондырды. Жалпы құны — 1 млн 500 мың теңге. Сондай-ақ осы ауылдағы мекеме ұжымдары жиналып, 500 метрлік жаяу жүргіншілер жолын салды.

Қызылбұлақ ауылдық округіндегі Жаңатаң ауылында «Ұлы Қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы спорт алаңын салып берсе, жергілікті кәсіпкер Төлеген Шәудір Кемерши ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізді.

Қарғалы

Биыл Қарғалы ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 72 млн 730 мың теңге болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінге дейін құны 44 млн 490 мың 900 теңге тұратын бірқатар жобалар орындалды.

Бадамша ауылдық округіндегі №1 Бадамша орта мектебі мен №2 Бадамша орта мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға аталған мектептерді 2005 жылы бітірген түлектер атсалысты. Сондай-ақ Ш.Мамбетова, Е.Айтпаев, З.Малдыбаев, М.Искакова секілді кәсіпкерлер мектеп ауласын абаттандырып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне баратын балаларға қолдау көрсетті. Ащылысай округіндегі «Степное» ЖШС директоры А.Төлеуов Ащылысай орта мектеп-балабақшасының, Бозтөбе негізгі мектебінің, Ақкөл негізгі мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуға демеушілік көрсетсе, мектеп түлегі О.Ровенский мектепке қажет құрал-жабдықтар алып берді. Әлімбет орта мектеп-балабақшасының материалдық-техникалық базасын нығайту, мектеп ауласын абаттандыруға мектеп түлектері 720 мың теңге көлемінде көмек көрсетті.

Степное ауылдық округі бойынша жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жалпы құны 22 млн 265 мың теңгеге Сазды ауылында балаларға арналған спорт алаңы салынып, Сазды орта мектебі мен Қайрақты орта мектеп-балабақшасының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сондай-ақ В.Пархоменко, О.Небунова, Т.Ермағанбетов, Н.Гулаков, В.Руднев, А.Файзуллина, О.Бутылкина, О.Карашова, Ж.Сатенова, К.Кәрімбаев, т.б. белсенді азаматтардың демеушілігімен Қосестек орта мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтылып, мектеп ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар аудандағы Желтау, Кемпірсай, Велиховка ауылдық округіндегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мектеп ауласына абаттандыруға, жөндеу жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер мен мектеп түлектері қолдау көрсетіп, демеушілік жасады.

Қобда

Биыл ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбеттің бастамасымен «Отан-Ана», «Мәңгілік ел» саябақтары халық игілігіне берілді.

Бүгінгі күні Қобыланды батырдың, Исатай Тайманұлының ескерткіштері орналастырылып, скверлер жасақталып жатыр. Белгілі кәсіпкер Сағынай Құсайыновтың басшылығымен Алтай батырдың сквері жасақталып, батырдың ескерткішін орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауданда Әлия аллеясы жасақталып, ескерткіші орналастырылмақ. Биыл «Туған жер» бағдарламасы аясында аудандағы тарихи-сәулеттік ескерткіштер де күрделі жөндеуден өткізілді. Бюджеттен қаржы бөлініп, Қобыланды батыр кесенесінің қабырғалары қызыл гранитпен қапталып, іші жаңартылды. Алдағы уақытта батыр ұрпақтарының демеушілігімен кесене жанынан туристерге арналған қонақүйдің құрылысы басталады. Сондай-ақ Абат-Байтақ кесенесінің аумағы абаттандырылып, зиярат жасайтындар үшін кесене мен түнек үйі арасындағы жолға тас төселіп, қорымның аумағы қоршалды. Арнайы туристік маршрут бекітіліп, тарихи орындар мен оларға баратын жолдар жөнделіп, жол бойындағы қызмет көрсету орындарын салу жұмыстары жоспарлануда.

Сонымен қатар Абат-Байтақ, Исатай Тайманұлы кесенелеріне баратын автокөлік жолы мен Бұлақ ауылына кіреберістегі жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.

Ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Нұр Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Аманқұл Сағындықов құны 30 млн теңге тұратын ғимаратты мемлекеттік меншікке тегін табыс етті. Меншікке берілген ғимаратта балаларды ат спорты арқылы емдеу мақсатында иппотерапия орталығы ашылады.Сондай-ақ жуырда Жарық ауылында «МБТранс» ЖШС басшысы Бауыржан Мұқановтың демеушілігімен 12 млн теңгеге спорт алаңы салынды.

Аталған акция аясында ауданда «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов жалпы құны 400 млн теңгеге заманауи балабақша салдырып, 20 озат оқушыға Астана қаласына жолдама сыйлады. Сондай-ақ, ол «Нұрлы болашақ» балабақшасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға демеушілік жасап, 1 млн 500 мың теңге аударды.

«Тағам» ЖШС басшысы Орынғали Жанбосынов аз қамтылған отбасынан шыққан 25 оқушыға Астана қаласына «ЭКСПО-2017» көрмесіне тегін жолдама табыстады.

Бүгінгі күні ауданда спортшылардың бастамасымен спортшылар сквері салынып жатыр.

Мәртөк

Биыл ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 50 млн 17 мың теңгеге 24 жоба жүзеге асырылды.

Атап айтсақ, «Огородник» шаруа қожалығының демеушілігімен 4 млн теңгеге Байнассай ауылдық округінің Ақмоласай ауылында ұңғыма қазылып, тиісті құрылғылармен жабдықталды. Жайсаң орта мектебі түлектерінің демеушілігімен 1 млн 500 мың теңгеге Жайсаң орта мектебінің алдындағы алаңға брусчатка салынды. «Ақжан ПГС», «Қаратоғай ПГС» серіктестіктерінің демеушілігімен 4 млн теңгеге Қаратоғай ауылындағы Елек өзені арқылы автокөлік өтпе жолын күшейтуге материалдар алынып, қазіргі уақытта жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ аталған өтпе жолға «Көктас-Ақтөбе» АҚ демеушілігімен 3 млн 200 мың теңгеге құрылыс материалдары сатып алынды.

Сонымен қатар ауданда жеке кәсіпкер В.Гончарюктің демеушілігімен 1 млн. 500 мың теңгеге Құрмансай ауылдық округіндегі Егізата ауылына кіреберістегі көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Литвинов» жеке кәсіпкерлігі 1 млн теңгеге Мәртөк ауылындағы мәдениет ошақтарын жөндеуге құрылыс материалдарын алып берді. Жеке кәсіпкер З.Қожаевтың демеушілігімен 1 млн теңгеге Мәртөк ауылында жылжымалы дала сахнасы жасақталынып, 3 млн теңгеге Street workout спорт алаңы салынды. «Актобе НефтеГазСтрой» ЖШС демеушілігімен 2 млн теңгеге Қазан ауылында мемлекеттік меншіктегі 10 үй газдандырылды. «Айс» ЖШС демеушілігімен 3 млн теңгеге Тәңірберген ауылдық округінде балаларға арналған ойын алаңы салынды. Сондай-ақ осы ауылдық округте жеке кәсіпкер А.Таңғырбаеваның демеушілігімен 20 млн теңгеге 50 орындық балабақша салынуда. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жыл аяғына дейін Мәртөк ауданында қосымша 43 млн 650 мың теңгеге 21 жоба жүзеге асырылмақ.

Биыл ауданда 93 млн 667 мың теңгеге 45 жоба жүзеге асыру жоспарланған.

Мұғалжар

Ауданда биылғы жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 78 млн 835 мың теңге болатын 84 жоба жоспарланған. Бүгінгі күні оның ішінде құны 56 млн 775 мың теңге тұратын 59 жоба жүзеге асырылған.

«Туған жер» бағдарламасы аясында ауданда белгілі кәсіпкерлердің қолдауымен 4 млн теңгеге Есет Көкіұлының құрметіне ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ ескерткіштің маңына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан орталығында жеке кәсіпкер Бақытжан Қадыралиннің бастамасымен, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Жоба құны — 2 млн теңге.

Сонымен қатар аудандағы белсенді азаматтардың демеушілігімен Қандыағаш қаласында «Менің отбасым» композициясы орнатылып, айналасы абаттандырылды. Оған 5 млн теңге жұмсалды. «Дәурен» ЖШС директоры С.Қалмұрзиновтің демеушілігімен Ембі қаласындағы ескі ғимарат жаңартылып, халыққа қызмет көрсету орталығына берілді. Жоба құны — 5 млн теңге.

Сондай-ақ ауданда «Силикат» ЖШС директоры Эльдар Гадельщин, «Қандыағаш жол дистанциясы» мекемесінің басшысы Ербол Сәулебеков, «Кентавр» ЖШС директоры Марат Әбдірахманов, «Ақбұлақ» ЖШС директоры Нұржан Құлсейітов, жеке кәсіпкер  Әкімжан Есенамановтардың демеушілігімен Қандыағаш қаласының 50 жылдық мерейтойына орай қала көшелеріне көркейту, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне жөңдеу жасалды.

Жеке кәсіпкер Ғ.Еламанова, «Қайрош» шаруа қожалығы басшысы Б.Ибраевтың демеушілігімен Жарық ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлеріне арналған ескерткіш тұрғызылды. Сонымен қатар ауданның белсенді азаматтары мен кәсіпкерлері барлық ауылдық округтердегі әлеуметтік ғимараттардың қайта жаңартылуына, материалдық-техникалық базасын нығайтуға өз үлестерін қосты.

Ойыл

Ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биылғы жылы 26 жоба іске асырылды. Жалпы құны — 37 млн 590 мың теңге. Бүгінгі күні құны 2 млн 720 мың теңге тұратын 5 жоба жүзеге асырылуда.

Атап айтсақ, «Анвар» ЖШС бас директоры Талғат Салфиковтің демеушілігімен ауданда 7 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік үй ғимараты жөнделді.

1 млн 156 мың теңгеге Ойыл қазақ орта мектебінің, 1 млн 336 мың теңгеге Ш.Бекмұханбетова атындағы мектеп-гимназияның  материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сондай-ақ кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен Шегенбай Ержановқа Ақтөбе қаласынан 3 бөлмелі пәтер алуға көмек көрсетті.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында белгілі кәсіпкер, жерлесіміз, «Дина» сауда жүйесінің директоры Асхат Қабиев Саралжын ауылдық округінің жастары мен мектеп оқушыларына арналған заман талабына сай жасақталған шағын футбол алаңын салып берді. Сонымен бірге Сарбие ауылдық округінің 1980 жылы туған азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай 3 млн теңге қаржы жинап, мектеп оқушыларына шағын футбол алаңын сыйға тартты. Шағын алаң алдағы уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен жасанды төсенішпен жабдықталмақ.

Сонымен қатар аталған акцияға аудандағы орта мектептерді әр жылдары бітірген түлектер атсалысты. Олар өздері оқыған мектептерді жөндеуге, басқа да әлеуметтік ғимараттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға өз үлестерін қосып, демеушілік көрсетті.

Темір

Биылғы жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданда жалпы құны 31,53 млн болатын 36 жоба жүзеге асырылған.

Атап айтсақ, Шұбарқұдық ауылдық округі бойынша аудандағы жеке кәсіпкерлер Вокзал алаңына электронды сағат орнатып, түлектер №1 мектеп-гимназияға, №3, №4 орта мектепке қажетті жабдықтар алып берген. Сондай-ақ округтегі орталық көшелерге абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. «ЛК Шұбар», «Техногаз» серіктестіктері мен аудандағы жеке кәсіпкерлерлер судан зардап шеккен отбасыларға 8,7 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.

Сонымен қатар жеке кәсіпкер М.Өтегенов Кеңқияқ ауылынан 15 млн теңгеге балабақша салса, «КМК Мұнай» ЖШС мұнайшылары 9,5 млн теңгеге Кеңқияқ ауылдық округіндегі Парковая көшесіне тротуар салып берген. «Сұлтан Бейбарыс» ШҚ басшысы Қ.Хамзин  Шығырлы ауылынан мұз алаңын салу үшін қоршау тұрғызса, алтықарасулық кәсіпкерлер Алтықарасу мектеп-балабақшасының ғимараты мен ауласын жарықтандыруға көмек көрсеткен.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Құмқұдық ауылындағы Абай атындағы орта мектебін аяқтаған түлектер оқушыларға арнап шағын футбол алаңын салып берген.

Сонымен қатар аталған акция аясында жергілікті кәсіпкерлер мен түлектер Қопа, Ақсай ауылдарында мұз айдындарын қоршап, ауылдық округтердегі балабақшалар мен мектептерге құрал-жабдықтар алуға қаржылай көмек көрсеткен.

Хромтау

Хромтау ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 102 млн 822 мың теңге тұратын 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі күні аталған жобаның 28-і іске асырылған. Жалпы құны — 81 млн теңге.

Аталған акцияға түлектер көп үлес қосқан. Атап айтсақ, Хромтау ауданындағы №2, №5, №6 мектеп-гимназияны, №1, №4 Хромтау орта мектебін, Никелтау орта мектебін, Ақжар орта мектебін, Қарлау бастауыш мектебін, Табантал орта мектебін, Майтөбе орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер демеушілік жасап, білім ордаларына қажетті құрал-жабдықтар сыйлаған. Сонымен қатар кәсіпкер Ғани Әлжанов №4 Хромтау орта мектебіне пандус орнатса, Хромтау қаласының тұрғыны А.Касалапов Абай даңғылына LED экран тұрғызған.

Ауданда жергілікті кәсіпкерлер арасында халықтың игілігі үшін ірі жобаларды жүзеге асырғандары да бар. Атап айтсақ, кәсіпкер К.Жұмабаев Көктөбе ауылында

тұрғындар үшін дәрігерлік пункттің құрылысын жүргізсе, «Бисенов» ЖК басшысы Бектемір Бисенов Ақжар ауылында 33 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория, Абай ауылдық округінде 13 млн теңгеге дәрігерлік пункт салып берді.

Шалқар

Ауданда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биылғы жылдың 8 айында құны 45,6 млн теңге болатын бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Аудан түлегі, Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті, медицина ғылымдарының доценті, профессор Серік Ақшолақовпен аудандық ауруханаға құны 250 миллион теңгені құрайтын томография аппаратын алып беруге келісім жасалды.

Қазір аталған акция аясында ауданның белді азаматтары мен белгілі кәсіпкерлері бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Атап айтсақ, Тимур Әминов Шалқар ауылдық округінің Жылтыр ауылында 42 млн теңгеге 40 орындық «Балбөбек» балабақшасының құрылысын жүргізсе, Берік Әуесханов Тоғыз ауылдық округінің Тоғыз ауылында 14 млн теңгеге спорт алаңын салуды жоспарлап отыр. Ал Қайыржан Бекенбаев Жаңақоныс ауылдық округінің Аққайтым ауылында 14 млн теңгеге спорт алаңының құрылысын жүргізіп жатса, осы ауылда Бердібек Шәкірбекұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 110 млн теңгеге ауыл клубының құрылысын жүргізуде.

«ИнтерСтройАқтау» мекемесінің директоры Нұрдәулет Сәдуовтың қолдауымен Қауылжыр ауылдық округіндегі Қайдауыл ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 110 млн теңгеге 50 орындық балабақша салынып жатыр. Сондай-ақ осы ауылда Бақтыбай Кукеновтің демеушілігімен 14 млн теңгеге спорт алаңын салу үшін жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта аудан орталығында Бақыт Аманбаевтың демеушілігімен 100 орындық балабақша, келер жылы Аманғали Сариннің демеушілігімен жалпы құны 70 млн теңге болатын спорт алаңы салынбақшы.

Ырғыз

Ырғыз ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биылғы жылы 76 млн 100 мың теңгеге 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі кезде 23 жоба жүзеге асырылды.

Атап айтсақ, жергілікті кәсіпкерлер О.Ипанов, М.Қияқбаеваның, сондай-ақ шаруа қожалықтары басшыларының демеушілігімен Құйылыс ауылында спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жоба құны —  4,7 млн теңге. Ырғыз ауданының орталығында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті 1977 жылы бітірген түлектердің демеушілігімен «Ырғыз елі» монументі ашылды. Сондай-ақ 1989 жылғы жастардың бастамасымен Ырғызда 200 000 теңгеге «I love Irgiz» белгісі орнатылды. Аманкелді Мектепбаев бастаған 1950 жылғы азаматтар Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне 400 000 теңгеге жылыжай жасақтап, сыйға тартты.

Қазіргі аудан орталығында ең ірі жоба «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаевтың демеушілігімен жүзеге асырылуда. Ол балалар үйінен шыққан жас отбасыларға арнап тұрғын үйлер салуда.

Белшер ауылында ауыл азаматтары Н.Тобағабылов, А.Жұбаназаров, Б.Өмірзақовтардың бастамасымен, сондай-ақ ауыл тұрғындарының демеушілігімен 3-топ мүгедегі С.Майданбаевқа тұрғын үй құрылысы салынып жатыр. Оған 2 млн 600 мың теңге жұмсалған, алдағы уақытта 400 мың теңгенің жұмысы жасалатын болады.

Дайындаған Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button