ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Тіл жанашырлары марапатталды

Жұма күні облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының алдында «Рухани жаңғыру тетігі — тіл» атты шара өтті.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналғандарды тіл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Тіл мерекесіне орай биыл облыста көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы республикалық деңгейде өтті. Ал «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы аясында «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім мен саясаттанушы Расул Жұмалының қатысуымен көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Мұның барлығы халық арасында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, басқа тілдерді дамыту мақсатында өткізіліп отыр, — деді ол.

Салтанатты жиында Ербол Нұрғалиев «Ана тілдің абызы» номинациясы бойынша белгілі ақын, публицист, республикалық «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлына, «Тілдің туын көтерген» номинациясы бойынша облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Жанат Сисекеноваға, «Мемлекеттік тіл — мерейім» номинациясы бойынша өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері Оксана Супрунға, «Семсер сөздің төресі» номинациясы бойынша жас айтыскер ақын, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Әлихан Жақсылыққа, «Тілдарын» номинациясы бойынша облыстық ішкі істер департаментінің кадр жұмысы басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Бауыржан Максимовке облыс әкімінің арнайы Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын табыстады.

Бұдан кейін «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаттанушы Дос Көшім құттықтау сөз сөйледі.

Бүгінгі күнгі үлкен күшпен, еңбекпен келген, 1989 жылы қазақ халқының үлкен қуанышына айналған Тіл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы өңірге мен бірнеше рет келдім. Сол уақытта облыс басшылығының, тіл жанашырларының, тіл басқармаларының жұмысын көріп риза болдым. Біздің алдымызда латын әліпбиіне көшу, ономастика саласын дамыту жұмыстары тұр. Сондықтан сіздердің алдағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін, — деді ол.

Шарада полиглоттар шеруі өтіп, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері мен үш тілде оқытатын мектептердің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ аталған шара аясында «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастырған «Қате жарнамаға жол жоқ», «Тіл тазалығы — ой тазалығы» акциялары қорытындыланды.

«Қате жарнамаға жол жоқ» акциясында жасотандықтар бір апта бойы қаладағы жарнама мәтіндерін тексеріп, Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабының талаптары бойынша жарнамалардың мемлекеттік және орыс тілінде жазылуын қадағалады. Грамматикалық және стилистикалық қателердің болмауын бақылады. Нәтижесінде 30-дан астам қате анықталып, оларды түзетуге ұсыныстар жолданды.

Ал «Тіл тазалығы — ой тазалығы» акциясында жастар арасында карикатура байқауы ұйымдастырылып, оған 20-дан астам адам қатысты. Тіл мәселесін сырлы бояумен әсерлі жеткізген жастар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тіліміз біздің құдыретіміз, қорғаушымыз, халықтық келбетіміз, ұлттық болмысымыз деп ата-баба əруағын сыйлап, өшпес өнегесімен қазақ тілін арындай сақтаған ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҚАСИЕТТІ ЕЛІМ аман болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button