Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Зайыр ЖАНЖАРҚЫНОВ: Өмірге өз ұстанымың болсын

 ӨМІРБАЯН ДЕРЕКТЕРІНЕН:

Зайыр Қосайұлы Жанжарқынов 1933 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген.

1956 жылы Ақтөбе теміржол көлігі техникумын тәмамдап, 1961 жылы Ташкент теміржол көлігі инженерлері институтының құрылыс факультетін бітірген. 1978 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебін сырттай оқып шыққан.

Еңбек жолын 1961 жылы құрылыс материалдары комбнатының құрылыс шебері болып бастаған. Темір-бетон құрылғылары зауытының бас инженері, директоры болады.

1967 жылдан Ақтөбе үй құрылысы комбинатының бас инженері, директоры қызметін атқарады. 1974 жылдан партия қызметінде. Ақтөбе қаласындағы Фрунзе аудандық партия комитетінің, Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы.

1984 жылдан «Қазақ мұнай-газ құрылыс» басқармасы бастығының орынбасары болады.

1998 жылдан құрметті еңбек демалысында. Ақтөбе қаласының құрметті азаматы. 

— Осы өңірдің орталығы саналатын Ақтөбе қаласын басқарған адамдардың бұл салада  әрқайсысының өз қолтаңбасы қалған шығар деп ойлаймыз. Сіз 1974 жылдан Ақтөбе қаласындағы Фрунзе ауданына басшылық жасадыңыз. Ал 1982 жылдан Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болдыңыз. Сол кездегі қала қандай еді, қазір қандай?

— Жалпы Ақтөбе қаласының тарихын көпшілік жақсы біледі деп ойлаймын. Сонау бір кезеңдерде бекіністен бой көтерген шағын қалашық бүгінде өзінің өзгеше өркендеу, даму сатысын бастан өткеруде деп білемін.

Бәрі де заманына қарай. Біздің уақытымызда ауылдан қалаға қарай көшу үрдісі болмаған. Қазір бәрі қалаға қарай ұмтылуда. Сондықтан күн сайын өрістеп жатқан алып құрылыстар көңілімізді қуантады. Ақтөбе заман талабына сай сәулетті шаһарға айналып келеді. Бұған мен қуанамын.

Жетпісінші жылдары тұрғындар негізінен қаланың қазіргі ескі бөлігінде тұратын. Бүгінгі  «Айна» сауда орталығының орнына салынған «Октябрь» кинотеатрының айналасы ашық, бос жатқан жер болатын. Қазіргі Әлия даңғылы мен Әбілқайыр даңғылы қиылысатын жер біз үшін үлкен проблема болды. Өйткені нақ осы тұс едәуір еңіс болатын. Осы араны көтеру үшін қаншама жұмыстар істелді, оны айтсақ, қазір біреу сеніп, біреу сенбейді.

Қалада үлкен екі құрылысты пайдалануға бергеніміз есімде. Оның біріншісі — жүнді алғаш өңдеу фабрикасы (ПОШ). Оны белгіленген уақытқа тапсыру жөнінен үлкен қауіп болды. Облыстың бірінші басшысы Ливенцов осындағы күн сайын өтетін жедел жиын тізгінін ұстауды маған тапсырды. Бұл жетпісінші жылдардың соңғы тұсы болатын. Ақырында 31 желтоқсан күні түнгі он екіні соққанда 10 машина жүнді жуып жатты. Бұл — алғашқы жеңісіміз болатын.

Одан кейін аяқ киім фабрикасы құрылысын қолға алдық. Ол да оңайға соқпады. Күнде айқай-шу. Себебі, бұл екі құрылыс та  Қазақстан үшін маңызды болатын. Жоғарыдан бақылау қатты болды. Бұл шаруаны да абыроймен атқардық.

— Сіз жетпісінші жылдардың басында Ақтөбедегі үлкен үй құрылысы комбинатының басшысы болдыңыз. Содан партиялық қызметке қалай келдіңіз? Әлде өндірістен гөрі осы жағын дұрыс деп санадыңыз ба?

— Шынын айтқанда, менің партиялық қызметке барғым келмеді. Біріншіден, өзім қалаған мамандығым бойынша еңбек етіп жүрдім. Екіншіден, алдыма қойған жоспар-мақсаттарым бар еді. Үшіншіден, бала кезінен әбден қиындық көріп өскен адамға материалдық жағы да әсер етпей қоймайды ғой. Комбинат директоры ретінде ай сайын сол кездегі ақшамен 600 сом аламын, оның үстіне тоқсан сайын берілетін сыйлығы және бар. Ал мен қызметке баратын қаладағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының айлығы — 210 сом. Бұған қалай келісемін? Оның үстіне жауапкершілік жүгі тіпті ауыр екенін сеземін.

Облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Хайрулла Иманалин ағамыз екінші рет шақырғанда маған келіспеуге болмайтындығын анық аңғартты. «Партия айтты — бітті» деген жазылмаған заң бар. Партиялық қызметке осылай келдім.

— Ұстазыңыз кім?

— Қазақ мұнайының атасы атанған Сәпи Өтебаев деген кісі. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, кейінгі жылдары Алматы қаласында өмірден өтті. Сол кісі алпысыншы жылдардың басына қарайғы тұста Ақтөбеде Батыс Қазақстан халық шаруашылығы кеңесінің басшысы болып қызмет істейді екен. Сол кісі мені өзіне референт етіп алды. Бірден аңғарғаным, Сәпи ағаның айтар сөзі нақты, ісі мығым көрінді. Аз ғана мерзім ішінде ол кісіден көп нәрсе үйрендім.

— Қазіргі облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлованың журналистерге берген бір сұхбатында өзін Ақтөбе қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайланарда «Әлі жас қой, мұндай жауапты қызметтің тізгінін ұстатқанымыз қалай болар екен?» — деп күдіктенгендер де болғанын, бірақ оларға қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Зайыр Жанжарқыновтың, яғни сіздің: «Сонда жастарға сенім артуға болмай ма? Жастарды үлкен істерге араластырмасақ, олар тәжірибені қайдан жинайды?» — деп қарсы тұрғаныңызды айтқаны бар. Сол кезде жастардан тағы кімге сенім арттыңыз?

— Ақтөбе қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Сапарғазы Сейтімов деген азамат қызмет істеді. Іскер жігіт еді. Тындырған істері де аз болған жоқ. Қаланың проблемалары қай кезде таусылған? Ол кезде де ашылып-шашылып жатқан шаруа жетіліп артылатын. Сапарғазы соларды жүйелеп, реттеп отыруда көп еңбек етті. Тындырымды еді, қолға алған ісін жандырып жіберетін. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетіп қалды.

Бағдат Алдабергеновті де ерекше бөліп айтар едім. Ол кең ауқымда ойлайтын, алымды инженер ретінде қалыптасты. Кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды, Шалқар ауданында басшылық қызметте болды. Беріректе мұнай – газ саласында еңбек етті.

Тұрабай Орақов, Үмітбек Нұркин секілді жігіттер де сол кезде алдыңғы қатардан көрініп еңбек етті. Күні кеше сияқты еді, бұлардың қатарлары қазір жетпістің о жақ, бұ жағында.

— Өміріңіздегі ұмытылмай ерекше сақталып қалған кездесулер есіңізде бар ма?

— Әрине, бар. Қазіргі облыстық әкімшілік үйі алдында пролеториат көсемі Лениннің ескерткішін орнатуымыз керек болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Андреевич Ливенцов оның граниттен жасалуын талап етті. Содан Свердловск қаласына жол тарттым. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы мәселені тез шешті. Содан кейін кабинетінде отырғанымызда «Егер қаласаңыз, мен сізді біздің қаламен таныстырайын» деді.

Содан кейін оң қабырғадағы пердені ысырды да, менің көз алдымда қала келбеті орныға қалды. Макеттің табиғи жасалғаны соншалық, мен қала ішінде жүргендей әсерде болдым. Ол менің таңдағаныма масаттана отырып, қала болашағы туралы әңгімеледі. Содан кейін «Сіздің Ельцинге кіргіңіз келмей ме?» деді.

Кейін Ресей Президенті болған Борис Николаевич сол тұста облыстың партия комитетін басқаратын. Мен ол кісімен жолығуға ынталы екенімді білдірдім.

Ельцин біздің шаруамыздың оң шешілгенін білді де, сосын маған қарап, «Онда мен қазір сізді қала көшелерімен алып жүремін», —  деді.

Екінші хатшының алдындағы жағдай тағы қайталанды. Мен сыр бермей, жаңа тыңдағандай  күйде үнсіз қарап тұрдым. Ал сыртқа шыққан соң екінші хатшы ырза болып, менің өзін «сатып кетпегеніме» пейілін білдіріп, үнсіз ғана қолымды қысты.

Әрине, бұл бір ғана кездесу. Әйтпесе, талай жағдайлар бастан өтті ғой.

— Бізде күні кешеге дейін ірі өндіріс орындарын басқа ұлт өкілдері басқарып келгені, олардың бірқатары шовинистік көзқарас ұстанып, қазақ басшыларға бағына қоймағаны белгілі. Осындай жайды сезіндіңіз бе?

— Әрине, болған жайды несін жасырамыз. Мен Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы кезімде жиналыс жүргізіп отырдым. Оған қаладағы зауыт-фабрикалардың басшылары қатысты. Кейбір директорлардың бұрыннан бұра тартып үйреніп қалғанын білемін. Бұл жолы «Ақтөберентген» зауытының басшысы Игорь Порфирьевич Шкуренко негізгі шаруасынан ауытқып, қайта-қайта Жапонияның мысалын келтіре берді. Бұрыннан оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ екені білініп тұр. Мен оның сөзін бөлдім де, «Ақтөбе туралы айтарыңыз бар ма?» дедім турасынан. «Басқа айтарыңыз болмаса, отырыңыз!» деп қаттырақ айттым. Мұндайды көрмеген ол кідіріп қалды. Қызарып-бозарып берекесі кетті.

Одан кейін сөз алған «Ақтөбесельмаш» зауытының директоры Юрий Николаевич Алимпиев өздерінде атқарып жатқан жұмыстарды нақтылап айтып, алдағы жоспарларын ортаға салды. Сол жылдары қолға алынған қосалқы шаруашылық мәселесіне қатысты ойларын айтты. Қысқасы, содан кейін жағдай біршама түзелді.

Мен үй құрылысы комбинатына директор болған кезімде Юрий Троийцкий деген азаматты бас инженерлікке алдым, жақсы жұмыс істедік. Кейін өзімнің орныма қойып кеттім. Қазір ол зейнет демалысында, хабарласып тұрамыз. Мұны айтайын дегенім, қай жұмыста болмасын, адамдардың бір-бірін көтеріп, қолдап, түсінісіп жұмыс істегені дұрыс қой.

— Қаланың селоға көмегі деген науқан болғанын білеміз. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

— Ол уақытта барлық техника, күш-қуат қалада болды ғой. Сондықтан да ауыл шаруашылығы жұмыстары кезінде қаланың көмегі қажет болатын кездер аз болған жоқ. Мәселен, біздер Байғанин ауданына мал азығын дайындау науқанында көмек көрсеттік. Қаладағы автобазадан бөлінген көліктермен барып, шабылған шөпті мал баздарына тасуға көмектестік.

Сондай-ақ Қурайлы ауылында қызыл кірпіштен сиыр қорасын тұрғызып бердік. Ол тұста ауылдарда мүмкіндіктер жетісе бермейтін. Күрделі шаруаларға қаржы да табыла бермейтін.

— Қай кезде де атқарған жұмыстың нәтижелі болғаны жақсы ғой. Сіздің мемлекеттік марапаттауларыңызға қарап отырып, еңбегіңіздің еленіп отырғанын байқау қиын емес. Мәселен, 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденін кеудеңізге қадапсыз. Бұл үй құрылысы комбинатының директоры кездегі марапатыңыз сияқты. Сондай-ақ, 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту, 1981 жылы «Халықтар достығы» ордендерін алдыңыз. Ол қаладағы аудандық, сондай-ақ Ақтөбе қалалық партия комитеттеріне жетекшілік жасаған кезіңізге сәйкес келеді. Жалпы сіз үшін марапаттың мәні неде?

— Бала кезден қиындықта өскен, одан кейін комсомол мен партияның қатаң тәртібінен өткен біздің буын үшін марапаттың мәні — жауапкершілікте. Егер өзіңе тапсырылған міндетті абыроймен атқарып, жоғары басшылық тарапынан оң баға алсаң, нағыз марапат сол еді. Бұның астарында намысқа тырысу деген ұғым жатыр. Соны көтеріп жүруің керек.

Әрине, мемлекеттік наградалардың бәсін түсіруге болмайды. Дегенмен, шынын айтсам, мен үшін қымбат бағалау — «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағы шығар. Біраз жыл осы қаланың көркеюі, өркендеуі үшін жан аямай, тыным таппай еңбек еттім. Әлі де қала тіршілігіне алаңдап отырамын. Өйткені, бүгінде де өзім бір тұрғыны болып саналатын шаһардың салтанатының арта түсуі маған да мәртебе емес пе?!

— Балалық шағыңызға ой жіберсеңіз. Жадыңызда не сақталып қалды? Сол күндерді сағынасыз ба?

— Балалық шақтың орны бөлек. Былай қарағанда алаңсыз-қамсыз көрінеді ғой. Кейбір қиындықтарды ұмытып кетесің. Дегенмен, біздің балалық, жасөспірім кезіміз соғыс уақытымен тұспа-тұс келді. Қазіргі Темір ауданының Киров атындағы колхозында өтті менің балалығым. Кейін «Дружба» совхозы атанған шаруашылық қой.

Біздің ауылда чехтар көп болды. Содан да болар, мен алғашқы екі класты чех тілінде оқыдым.

Балалық шағымыздың ауырлығын көрсететін бір-екі мысал келтірейін. Ішетін тамақ жетіспейді. Көгеріп кеткен бидайды жинап, үйге әкеліп әбден қызарғанша қуырамыз. Егер толық қуырылмаса, одан уланып өлуге болады. Ал сол бидайды жинап жүргенімізді көріп қалса, бригадир соңымыздан түсіп, қамшымен қуалап жүріп ұрады. Аяушылық деген жоқ. Он төрт жасымнан шөп тасуға шыққаным есімде. Ауылда денелері ірі молдавандар болды, солармен бірге жұмыс істедім. Олар еңбекқор халық, шаршамайды. Алғашында аздап сыр бергеніммен, кейін оларға ілесіп кеттім.

Соғыс кезінде елге жер аударылған шешендер келді. Олардың қиын жері мал ұрлап, мазамызды кетірді.

Осының бәрі менің балалық еске түсіреді. Ара-арасында ойнап та аламыз. Дегенмен, жұмыстан босаған кезіміз болған жоқ. Мен тауық та, қаз да, шошқа да бақтым. Жылқы бағу өте қиынға соқты. Баламын ғой, түннен қатты қорқатынмын.

Соның бәрі бүгінде ертегі сияқты. Әйтпесе, менің сол кездегі көрген күнімді адам баласына бермесін деп айтып қалатын да кездерім болады.

Ал болашағымды айқындап, адам болуға ұмтылғанымда ағам Салық Ермұқановтың қамқорлығын көп көрдім. Ұзақ жылдар ішкі істер органында абыройлы қызмет атқарған ол менің жоғары білім алуыма, қалыптасуыма мол көмегін тигізді.

— Еліміздің болашағы жас буынға қандай тілегіңіз бар?

— Мен, міне, сексеннің бесеуіне қарай жол тартып барамын. Бастан қиындық та, қызықты шақтар да өтті. Адам үшін ең басты байлық — денсаулық. Ең алдымен осыны ұмытпау керек. Елбасымыздың өзі дені сау ұрпақтың өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөліп отыр.

Біздің болашағымыз білімді, қуатты болғанда ғана еліміз өркендей түседі, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосыламыз. Сондықтан жас буынның осы жауапкершілікті сезінгенін қалар едім.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button