Жаңалықтар

«Жасырын сатып алушы»: сапалы қызмет, нәтижелі жұмыс

Жұма күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысындағы ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы және ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы Қ.Тоқышев, ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, жергілікті атқарушы орган басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Жиында үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе — мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру мақсатында биыл 22 мамыр — 31 тамыз аралығында мемлекеттік мекемелерде өткізілген «Жасырын сатып алушы» жобасын іске асыру жұмыстары туралы аталған департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Марал Гильманов баяндады.

Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында биылғы жылы 22 мамыр — 31 тамыз аралығында департамент мамандары облыстағы бірқатар мемлекеттік мекемелерге барып, нәтижесінде 50 бұзушылықты анықтады. Атап айтсақ, мемлекеттік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуде жағдайдың (пандус, арнайы лифтілердің жоқтығы, қызметкерді шақыру нүктелерінің жұмыс жасамауы) жоқтығына байланысты 13 дерек, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсетуде техникалық талаптардың сәйкес болмауына қатысты 6 дерек, мемлекеттік мекемелерде ақпарат алушыларға арналған арнайы тақталардың болмауы немесе сәйкес келмеуіне қатысты 4 дерек, өзіне-өзі қызмет ету аймақтарында қамсыздандырудың аздығына байланысты 2 дерек, мемлекеттік ұйымдарда қызметкерлердің этикаға қайшы келетін мінез-құлық көрсетуіне қатысты 4 дерек, тағы басқалар тіркелген, — деді ол.

М.Гильмановтың айтуынша, аталған бұзушылықтар көп жағдайда облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінде, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қалалық сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінде, сондай-ақ қалалық мемлекеттік кіріс басқармасында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, т.б. мекемелерде болған.
— «Жасырын сатып алушы» жобасы аясында департамент мемлекеттік мекемелерге бұзушылықтар мен олқылықтарды жою туралы 33 ұсыным жасап, мемлекеттік қызмет пен еңбек тәртібінде заңның сақталуы жайлы 10 түсіндіру семинары мен дөңгелек үстел өткізді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады, — деді М.Гильманов.

Отырыста екінші мәселе — «Электрондық үкімет» порталы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді өзектендіру, әсіресе аудандарда электрондық түрде қызмет көрсету үлесін арттыру мәселесі қаралды. Бұл туралы департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Арман Қоңырбаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 8 айында жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарына жасалған талдау бойынша бірқатар аудандарда «электрондық үкімет» веб-порталы жұмыс жасап тұрса да, халықтың ұсыныс-шағымдарына қағаз түрінде қызмет көрсету саны артқан. Атап айтсақ, Мұғалжар ауданы — 28%, Қарғалы ауданы — 25,2%, Хромтау ауданы — 20,2%, Мәртөк ауданы — 19,2%, Ойыл ауданы — 19%, Темір ауданы — 4,2%.

Жиында Қ.Тоқышев аудандардан келген жауапты мамандарды орындарынан тұрғызып, мәселенің мән-жайын сұрады, оларға ескерту жасады.

  • Біз жылдан-жылға әсіресе аудандарда «электрондық үкімет» порталы арқылы халыққа қызмет көрсетуді күшейтуіміз керек. Жыл аяғына дейін аудандар кемшіліктерді жоюлары керек. Тіпті болмаса халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қызмет көрсетілуі қажет, — деді Қ.Тоқышев.

Өз сөзінде департамент басшысы жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және жақсарту бойынша алдағы уақытта нақты шаралар қабылданатынын, мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заң талаптарының сақталуы бойынша үнемі тексерістер жүргізілетінін атап өтті.

Бұдан кейін Қ.Тоқышев жиналғандарды Алматы қаласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесі бойынша өткізілген көшпелі жиналыстың хаттамалық тапсырмаларымен таныстырды. Хаттамада көрсетілгендей, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста мемлекеттік қызмет сапасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды күшейту туралы мәселелер қаралған.

Отырыста облыстағы табиғи монополия субъектілерінде, оның ішінде жылу, электр, су, газбен қамсыздандыру бойынша қызмет көрсететін коммуналдық мекемелерде халыққа қажетті жағдайлар жасау мәселелері де талқыланды.

Қайыржан Тоқышев аталған коммуналдық мекеме өкілдеріне жүргізілген мониторинг бойынша анықталған кемшіліктерді жою керектігін айтып, ескерту жасады.

  • Халыққа жақсы жағдай жасап, сапалы қызмет көрсетсек, содан кейін тұрғындарға «коммуналдық төлемдерді төлеңдер» — деп талап етеміз. Болашақта біз бұл бағытта да жұмыс жасайтын боламыз. Қазіргі күні Ақтөбе қаласында жарты миллионға жуық адам тұрады. Болашақта Ақтөбе миллион тұрғыны бар қалаға айналады. Сондықтан мекемелер тұрғындарға сапалы, жоғары деңгейде қызмет көрсетуі тиіс. Ал аудандарға келсек, алдағы уақытта облысты алға шығару үшін электронды түрде қызмет көрсетуге көшуіміз керек. Қазір аудандарда ғаламтор жүйесі бар, халыққа қызмет көрсету орталығының филиалдары жұмыс жасайды, — деді департамент басшысы.

Отырыста ведомоствоаралық жұмыс тобының мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Қ.Тоқышев «Жасырын сатып алушы» жобасының қорытындысы бойынша бұзушылық жасаған мекемелердің басшыларына кемшіліктерін жойып, мәселелерді шешуге 10 күн уақыт берілетінін айтты. Сондай-ақ ол сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қадағалау, осы бағыттағы нәтижелі жұмыстарды жандандыру бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеп, алдағы аптада ведомоствоаралық жұмыс тобы Ақтөбе қаласындағы коммуналдық мекемелер мен емханаларды аралайтынын жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button