АуылЖаңалықтар

Өнімнің кепілі — сапалы тұқым

Астық

Арпа пісіп тұр

Бұл жолы біз ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі Ақтөбе облыстық инспектурасының директоры Қуанышбек Байқазақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы  тұқым шаруашылығы және өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы Жарасқан Елеусізовпен бірге Мәртөк ауданына бағыт алған едік. Мақсатымыз — биылғы жаңа егіннің жай-күйімен танысу болатын. Бұл өңір — облыстағы астық өсірумен дендеп айналысатын төрт ауданның бірі. Аудан орталығына жеткенге дейін, жол бойы ұшырасқан арпа егісіне қарап, орақ маусымының есік қағып тұрғанын аңғаруға болатын еді. Соңғы аптасы өтіп жатқан шілде айы өз дегенін өткізе бастағандай екен. Мамандар жолшыбай біз көрген арпа егісіне бүгін комбайн салса да артық болмайтынын айтты.

Аудан орталығынан біздің тобымызға ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрислам Қарақұлов қосылды. Жолшыбай осы өңірден марал шаруашылығын құруға талаптанып, жерін қоршап жатқан кәсіпкердің қарекетіне көлік үстінен назар аудара отырып, Казанка ауылдық округі аумағындағы егістікке де келіп жеттік. Бұл жерде бізді Мәртөктегі ауыл шаруашылығы дәнді дақыл егісінің сорттарын сынау жөніндегі алқаптың басшысы Қуаныш Дандаев күтіп алды.

Осы екі арада бізге биылғы жаңа астықтың жағдайын ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрислам баяндап та үлгерген еді.

— Егіннің жағдайы биыл жаман емес. Жауын жауды. Алайда, биыл көктем ерекше болды. Ерекшелігі сол, жауын жақсы жауды да, бірақ күн салқын болды. Содан ерте тұқым сепкендердің егісін арамшөп басып кетті. Соңынан тұқым шашқандарға қолайлы болды жағдай. Дегенмен жалпы алғанда,егіннің шығымы биыл жақсы. Елу мың гектардың үстінде дәнді дақыл бар. Аудандағы егістің  жалпы көлемі 96 мың гектар, — дейді бас маман.

— Міне, шілде айы болса, аяқталып қалды. Арпа, бидай пісіп үлгерген сияқты. Биыл болжам қалай болып отыр? — деген сауалымызға бас маман: «Бәрі ойдағыдай. Қалай жоспарладық, солай өнім аламыз. Болжам — гектарына дәнді дақыл бойынша гектарына 10-12 центнер болатын. Нәтиже осыдан жоғары болмаса, кем болмас деп ойлап отырмыз. Тек дән толысатын осы бірер аптада күн қатты ысып кетпесе болды» деп жауап берді.

Маманның бұлай қауіптенуінің реті бар еді. Өйткені, біз егіс басында болған осы 27 шілде күні, ауа райын болжаушылар: «Алдағы екі-үш күнде 43 градусқа дейін қатты ыстық болады» деп хабарлап жатты. Негізгі мамандықтары агроном болғандықтан, менің жанымдағы жігіттер бұл жағдайдың мынау шығып тұрған егіске қалай әсер ететінін жақсы білетін. Сондықтан олар бұдан қауіптеніп, мұндай ыстықтың беті аулақ болса екен деген тілектерін үнемі айтумен болды.

Тарының жаңа сорты болады

Біз тары алқабына келіп тоқтадық. Бұл дақыл өзге дақылдардан едәуір кештеу, жер қызғасын себіледі. Биыл көктем кеш шықты. Оның үстіне көп уақытқа дейін күн жылынбай, салқын болып тұрды. Соның салдары ма екен, әлде басқалай себебі бар ма, танаптағы қырлық тары аласа, әрі көк күйінде тұр. Бұл тарының «Яркое-6» дейтін жаңа сорты

Осы жерде  мамандар өсіп тұрған тарының жайын баяндай бастады.

— Бізде негізі облыс бойынша аудандастырылған тарының 6 сорты бар. Соның ішінде бесеуі біздің ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасынан шыққан. Қазір осы біздің селекционер ғалымдар шығарған тарының сорттары еліміздің біраз өңірлерінде өсіріледі. Дегенмен, біз тарының жаңа сортын сынақтан өткізуді жүргізе береміз, — деді олар.

Бұдан соң жақсы өсіп тұрған көпжылдық шөп егістігіне таяп келдік. Бұл мал азығындық дақыл, соның ішінде биыл алғаш егілген еркекшөп болып шықты. Бұл мал азығындық дақылдар — Батыс Қазақстан облысының тәжірибе стансасында шыққан, сондықтан да «Батыс-3», «Батыс» деп аталыпты.

Мал азығындық дақылдың биылғы бітіміне мамандар: «Біздің жерде еркекшөп мұндай бітік шыға бермейтін. Сірә, биыл бұл дақылдың шығуына жыл аса қолайлы болып тұрған сияқты. Көптен бері осы шөпті шығара алмай жүр едік» деп сүйсінді. Сосын «Келесі жылы осы еркекшөпті қайталап егеміз. Өзі екі жыл егіліп сыналу керек. Міне, қасынан,алдағы жылы егілетін жерін де дайындап қойдық. Бұған келесі жылы еркекшөп егіледі, сосын күздік бидай егеміз» деп, көпжылдық еркекшөп егісіне жалғасып жатқан, жыртылып, майдаланған сүдігер алқабын көрсетті.

Бұл маң шағын егістік танаптардан құралғанмен, көз ұшына дейін жалғасып жатқан қалың егіс. Сондықтан мамандарға қойған біздің сауалымыз да, әңгімеміз де сол жөнінде болды.

— Мәртөк сорт танабы аталатын осы алқапта 217 гектар жер бар. Соның 113 гектарына бүгінде егіс егілген. Оның ішінде дақылдардың жаңа сорт тұқымын сынау тәжірибесіне 3 гектар арналған. Міне, біз сол тәжірибелік дақылдарды шетінен көріп келе жатырмыз. Бұл жерде бидай, қатты бидай, жұмсақ бидай, сұлы, тары, тағы басқа дақылдар бар, — дейді Қуанышбек Әзтайұлы.

Жалпы, дәнді дақыл сортын байытып, тұқым шаруашылығын нығайтуда біздің өңірдің ғалымдарының да қосып отырған үлесі мол екен. Соның бір мысалын Қуанышбек осы жерде айтты. Қазір мұнда бидайдың ақтөбелік жаңа сорты «Ақтөбе-39» аталатын бидай өсірілуде. Осы жұмсақ бидайдың сорты екі гектардан тұқымға көбейтіліп жатыр.

Егіс басында ақтөбелік бидай тұқымдары жөнінде әңгіме қозғалғанда, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы тұқым шаруашылығы және өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы Жарасқан Елеусізов әңгімеге араласып:

— Бізде ақтөбелік бидайдың екі сорты бар. Ал мынау танаптағы ақтөбелік бидайдың жаңа сорты соған қосымша, — дейді. Мамандар бидайдың, екпешөптің жаңа сорттары да біздің облыста өзінің жолын табады деп есептейді. Өйткені, бұған дейін еркекшөптің жаңа сорты енгізілмеген. Әзірге оның екі сорты ғана сынақтан өткізілуде. Мал азығын дайындауда екпе шөптің жөні бөлек. Өйткені, оның түсімі, жұғымдылығы қалай болғанда да жабайы шөпке қарағанда жоғары болады, — дейді мамандар.

Бір дақыл бойынша тәжірибе танабы 50 шаршы метрден, төрт жерге 200 шаршы метрге егіледі екен. Бір ғажабы, әр дақылдың танабында бір түп не арамшөп, не өзге дақыл жоқ, тап-таза. Қатар егілген бидай мен арпа танаптары да сондай. Мұның мәнісін мамандар астықты себу кезіндегі мұқияттылықпен байланыстырады.

Осы егіспен қатар, биылғы күздік бидай егісіне сүдігер де дайындалып қойылған.

— Биыл осы жерге күздік бидайдың сынақтан өтетін сорттары егіледі, — дейді мамандар.

Кейінгі жылдары аймақта тары егісі молая бастағаны белгілі. Өйткені тұтынушы тарапынан тары өніміне сұраныс өсіп келеді. Дәнді-дақыл сортын сынаушылардың әңгімесіне қарағанда, тап қазіргі таңда бізде тарының сұрыптаудан өткен тұқымын егіп тұрған шаруашылықтар жоқ. Көпшілік жағдайда, қолға түскен тұқым егіліп келеді. Осыны ескеріп, тарының «Яркое-6» деп аталатын жаңа сортын өсіре бастаған.

— Тарының бұл сортын екі жыл сынақтан өткізіп, былтыр біз осыны мемлекеттік тізбеге кіргіздік. Бұл енді болашақта облыстағы тұқыммен айналысатын шаруашылықтарға, қожалықтарға осы тарының көлемін көбейтіп, егіп, сосын сатуға өзінің құқығы бар, — дейді  облыстық инспектураның директоры.

Тәжірибе алқабының басшысы

Мәртөктегі дәнді дақыл сорттарын сынау алқабының басшысы Қуаныш Дандаев өз шаруасына мығым жігіт көрінді. Егістіктің қыруар шаруасын өз уысынан шығармай орын-орнымен тындырып отырғаны сүйсінтеді. Бір қылтанақ жоқ, егістің соншалықты тазалығына сүйсінген бізге, оның қалай бұлай болып отырғанын өзі айтып берді.

— Штат бойынша екі жұмысшы, бір тракторшы, бір агроном және басшысы — мен — барлығы 5 адам жұмыс істейміз. Бұған қоса, уақытша ауданның еңбек биржасынан адамдар беріледі. Биыл егіннің шығымы жақсы, ауа райы қолайлы болды. Оның үстіне біз биыл гербицидті, тыңайтқышты жақсы пайдаландық. Арамшөпті біз қолмен жұламыз. Әсіресе екі-үш гектар тәжірибелік алқаптарға қатты көңіл аударамыз. Сондықтан да арамшөп жоқ. Арамшөпті қолмен отауға бірнеше жылдан бері көпшілік үйренді. «Көз қорқақ,қол батыр» деген, қыруар жердің арам шөбін де қолмен жұлып бастағасын, бітіреміз, — дейді тәжірибелік алқап басшысы.

Ол сөзін аяқтауы мұң екен, әріптестері басшы жігітті мақтай жөнелді. Ол осы қызметте 14 жылдан бері істейді екен. Ала жаздай егіс басында болып, тынымсыз еңбек етеді. Негізінен көп шаруаны өз қолымен атқарады.

Тәжірибелік алқаптың егінін оратын арнаулы комбайн болады екен. Осы шетелдік комбайнға науқан кезінде Қуаныштың өзі отырып, егін орады екен. Көктемде тұқым сепкенде де солай. Дәнді дақыл егісінің таза болуының басты сыры осында көрінеді.

Аймақтағы сорт сынау алқаптары

— Облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынаудан өткізетін төрт танабымыз бар. Соның бірі — осы Мәртөк ауданында орналасқан. Екіншісі Алға ауданының Қарақұдық деген жерінде, үшіншісі Әйтеке би ауданының  Жамбыл ауылында, ал картоп пен көкөніс тұқымдарын сынақтан өткізетін төртінші танабымыз Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылының маңында, — дейді Қуанышбек.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау — егіншілік саласының маңызды буыны. Еліміз биыл бұл жүйенің құрылуының 80 жылдығын атап өтпек. Біздің облысымызда тұқым сорттары сынақтарын өткізу мекемесі 1937-1938 жылдары құрылған. Алайда сол жылдардың өзінде 13-14 сорт сынау танаптары болған екен. Кейінгі кезде, кешегі оңтайландыру тұсында, одан соңғы дағдарыс жылдарында көп қысқаруға ұшыраған. Бір кездері көршілес Атырау облысының көкөніс тұқымдарын сынақтан өткізу танаптары да біздің облысқа қарапты.

«Тұқым кітабы» деп аталатын үлкен жинақта елуінші жылдан бүгінге дейін жұмсақ бидайдың 700-ге жуық сорты осы біздің өңірде сынақтан өткені айтылады. Соның ішінен бүгінге қалып отырғаны тоғыз сорт. Ертеректе кірген сорттар бар шығар, бірақ ескі деп алынады да, орнына жаңа сорт келіп алмасады екен.Арпа дақылы да солай, 300 сорттың үстінде сынақтан өткен. Ескі сорттар алынып, соңынан жаңа шыққан өнімі мол, ауруға қарсы тұратын жаңа сорттар енгізілген. Сонымен бүгінгі күнге сынақта арпаның бес сорты бар.

— Мәртөктегі сорт сынау танаптарының жұмысымен таныстық, дұрыс екен. Ал қалған өңірлердегі шаруаның жайы қалай? — деп сұрадық инспектура басшысынан.

— Бұл жақтағыдан айырмашылығы, Алғаның сорт сынау танабында күнбағыстың 27 сорты сынақтан өткізілуде. Мұнымен бірге, мақсарының сорты қаралуда. Ал Әйтеке би ауданында сүрлемге салатын жүгерінің 30-дың үстінде жаңа сорты өсірілуде. Сұлы мен құмай тұқымдары да осы жерде сынақтан өткізіліп жатыр. Ал Ақтөбенің картоп және көкөніс танаптарында картоптың 14 сорты, оның ішінде голландиялық сорттары тексерілуде. Бұдан бөлек, пияздың жаңа тұқымдары өсіріледі. Міне, осындай жұмыстар жүргізілуде. Және бұл жұмыстар жылма-жыл жалғасады. Сынақтан өтпеген сорттар алынып тасталады да, орынына сынаққа жаңа сорттар кіреді, — деді Қуанышбек Байқазақов.

Өнімнің кепілі — сапалы тұқым екені анық жай. Мұны осы тәжірибе танаптарындағы жаңа сортты дәнді дақыл тұқымдары көрсетіп отыр. Сондықтан сынақтан өтіп,  шаруашылықтарға пайдалануға жететін жаңа сортты тұқым өңіріміздегі егіншіліктің келешегі десек қателеспейміз. Біз сол шаруаны көзімізбен көріп қайттық.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button