Экономика

Балық өсіруге қолдау көрсетіледі

Мемлекеттік бағдарлама

Биылғы жылдың ақпан айында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында тауарлы балық өсіруді дамыту жөніндегі кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету көзделген.

Осыған байланысты еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары бекітілді.

Инвестициялық субсидиялау қағидаларында екі топ: балық өсіру шаруашылықтары үшін техника мен жабдықтар сатып алу, сондай-ақ  кооперативтерге біріктірілген балық өсіру шаруашылықтары үшін техника мен жабдықтар сатып алу бойынша инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу  қарастырылған. Бұл орайда дербес балық өсіру шаруашылықтары үшін тұйықталған су жүйесінде, көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтары және шарбақта балық өсіру шаруашылықтарына техника мен жабдықтар сатып алуды шығыстардың 30 пайызын өтеу жолымен субсидиялау жоспарлануда, ал көл – тауарлы балық өсіру шаруашылықтары мен шарбақта балық өсіру шаруашылықтарын біріктірген кооперативтер үшін шығыстарды 50 пайыз өтеу көзделуде.

Сонымен бірге балық шаруашылығы субъектілеріне көтеріңкі инвестициялық субсидиялар  есебінен  шығындарды өтеу кезінде олардың кооперативтерге бірігуінің артықшылықтарына айырықша назар аударылатынын айту керек.

Бұдан басқа, бүгінде «Акваөсіру (балық өсіру) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Ауыл шаруашылығы  министрінің бұйрығының жобасы жасалып қойды.

Осы балық жемін субсидиялау қағидаларының жобасында балықтардың бекіре (осетровые), албырт (лососевые) және тұқы тұқымдас (карповые)  түрлерін өсіру үшін кәсіпкерлер шығыстарының пайызын өтеу жоспарланып отыр.

Мемлекет тарапынан қолдау тек «аквакультура» тауарлы балық өсіруге көзделген.

Жалпы балық шаруашылығын жүргізу: кәсіпшілік (промысловый), тауарлы балық өсіру (аквакультура) және әускойлық (спорттық)  бағыттарына бөлінеді.

Кәсіпшілік балық аулау дегеніміз табиғи су айдындарында ғылыми мекеменің ұсынысы негізінде, бөлінген квотаға сәйкес көлемде балық аулауға рұқсатты сатып алып оны аулау болып табылады.

Аквакультура-тауарлы балық өсірудің ерекшелігі бүнда ауланатын балыққа квота немесе лимит қойылмайды және негізгі мақсаты балық шабақтарын суға жіберіп оны жемдеп, өсіріп,  тауарлы салмағына жеткізіп  сату көзделеді.

Аквакультура (тауарлы балық өсіру) үш әдіспен жүргізіледі. Олар: 1.Түйықталған су жабдығында өсіру «УЗВ» (жабық ғимараттың ішінде, арнайы бассейн ыдыстарда су тазарту фильтрлерін қолдана отырып, түйықталған су жабдығы жұйесінде балықты жемдеп өсіру).  2. Шарбақта балық өсіру «садковое рыболовство» (терең немесе ағысы бар су айдындарында арнайы жасалған торларда балықты жемдеп өсіру). 3. Көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтары «ОТРХ» көлдерде немесе қолдан жасалған тоғандарда балық шабақтарын суға жіберіп оны жемдеп, өсіріп,  тауарлы салмағына жеткізіп сату.

2016 жылға дейін балық шаруашылығы тек кәсіпшілік бағытта жүргізілетін. Өткен жылдың күзінен бастап облыста 13 көл – тауарлы балық өсіру шаруашылықтары ашылды. Олардың көпшілігі бұрынғы колхоз- совхоздардың салған бөгеттерін пайдалануда.

Мемлекет тарапынан тауарлы балық өсіруге көзделіп отырған қолдауды кеңінен түсіндіру мақсатында инспекция және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен жұмысшы топ құрылып, облыс аумағының барлық аудандарда кәсіпкерлерді субсидия тәртібімен таныстыру жұмыстары жүргізілді.

Субсидия алуға өтінім қабылдауға рәсімдеу органы ретінде ауыл шаруашылығы басқармасы көзделген.

Береке ТОҒАЕВ,

 облыстық орман шаруашылығы

 және жануарлар дүниесі аумақтық

инспекциясы басшысының орынбасары.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button