АуылЭкономика

Мал көбейтудің мүмкіндіктері

Мемлекеттік бағдарлама

 «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс», «Сыбаға» бағдарламалары өңірге қандай игіліктер әкелді? Бұл бағдарламалар алда қалай жалғасады?

Осы сауалдарға жауап іздеп, біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Әлімбековке жолығып, әңгімелескен едік.

— Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына қатысты алынған шаралар, соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар өңірде төрт түлік малдың көбеюіне елеулі ықпал еткені даусыз. Осы мемлекеттік бағдарламалардың облысымызда алғашқы енгізілген күнінен бастап, қазіргі кезге дейінгі нәтижелері туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз?

«Агробизнес — 2020» бағдарламасы ауыл шаруашылығына  тың серпін берді. Осы шараның аясында «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы біздің облысымызда 2011 жылдан бастап қолға алынды. Әр жыл сайын облысқа Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тапсырмалар беріледі.  Сол кезден бастап бұл тапсырмалардың облыста қалай орындалғанына нақты деректер келтіруге болады. Алғашқы жылдан өткен жылға дейін облысқа 19900 асылтұқымды сиыр сатып алуға тапсырма берілген еді.  Осы аралықта біздің аймақта 23100 асылтұқымды  ірі қара сатып алынып, тапсырма асыра орындалды. Еліміздің өзге облыстарымен салыстырғанда, біздің облыс «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасын орындау бойынша жоғары көрсеткішке жетті. Ал «Құлан», «Алтын асық» «Ырыс» бағдарламалары біздің өңірде 2014 жылдан басталды. Осы жылдан бастап өңірлерге түліктің осы түрлерін көбейту мақсатында тапсырмалар берілді.  Айталық, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша биылғы жылға дейін облысқа 40500 саулық қой сатып алу тапсырмасы берілсе, одан 24 мың  қой сатып алынды. Бұлай болғаны, тапсырма 2014 жылдың соңына қарай жетті. Одан кейінгі жылдарда көрсеткіш жаман болған жоқ. Соның дәлелі, 2015 жылы тапсырмадағы 8500 саулық қойдың орнына — 10400, 2016 жылы 7 мың саулық  қойдың орнына 10200 қой сатып алынды.

«Құлан» бағдарламасы да өз жемісін берді. Осы аралықта облысқа берілген 3800 асылтұқымды бие  сатып алу тапсырмасы 4203 жылқыға орындалды. «Ырыс» бағдарламасы бойынша алға қойылған басты міндет — тауарлы сүт фермасын құрумен байланысты. Яғни асылтұқымды сүттік  бағыттағы ірі қара — сиыр сатып алып, тауарлы сүт фермаларын құру қажет. Айталық, осы аралықта 6 тауарлы сүт фермасын құру, соның ішінде 550 асылтұқымды ірі қара сатып алу көзделсе, бізде 10 тауарлы сүт фермасы құрылып, сүттік бағыттағы 715 асылтұқымды ірі қара сатып алынды.

— Аталған мемлекеттік бағдарламалар мал шаруашылығының дамуына қозғау туғызды. Жаңа шаруа қожалықтары құрылып, асылтұқымды мал саны көбейді. Бұлайша қысқа мерзімде шаруаның алға басуына себеп болған не?

— Бұл бағдарламалардың барлығы да несиелік бағдарламаларға жатады. Осының ішіндегі «Ырыс» бағдарламасынан өзгесін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Ақтөбедегі қаржылық филиалы  қаржыландырады. Ал «Ырыс» бағдарламасын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының  облыстық деңгейдегі филиалы жүзеге асырды. Елеулі жеңілдікпен берілген несие қаржы кәсіпкерлердің, оның ішінде ауыл тұрғындарының да қызығушылығы мен ынтасын туғызды.

— Мемлекеттік бағдарламаларға байланысты өткен жылдардың тапсырмаларының аймақта  өз деңгейінде орындалғанына көз жетті. Алда да осы жұмыстар жалғаса ма? Аталған бағдарламалар бойынша биылғы жылдың тапсырмалары қалай орындалуда?

— Биылғы жылға да облысқа берілген тапсырмалар бар. Оны барлық аудандарға жеткіздік. Осы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2050 сиыр, «Алтын асық» бағдарламасына сәйкес 3 мың қой, «Құлан» бағдарламасымен 500 жылқы алу керек. Бұдан бөлек, «Ырыс» бағдарламасымен әрқайсысында 50-ден сиыры бар, 2 тауарлы сүт фермасын  құру жоспарланып отыр.

Алайда өткен жылғы деңгеймен қарағанда, біздің қазіргі көрсеткішіміз төмендеу. Мұның басты себебі, пайыздық төлемақының өсуімен байланысты. Ол қазір 15 пайыздан төмен емес. Бұл өткен жылғыдан жоғары болып тұр. Бұрын барлық бағдарламалар бойынша несиелер 14 пайызбен беріліп, оның 7 пайызын мемлекет субсидиялаған болатын, бүгінде ол өзгерді. Қазіргі қаржы институттарының талабы 15 пайызға бекем тұр. Несие беру құнының өсуі шаруаны ойландырып отыр. Несиенің пайыздық  үстеме ақысы жоғары болғасын, ауыл кәсіпкерлерінің, шаруа қожалықтарының мал сатып алуға деген қызығушылығы да төмен болып отыр…

— Дегенмен, мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудандарға берілген

тапсырмалардың бүгінгі күнге орындалу барысын айтып өтсеңіз?

— «Сыбаға» бағдарламасы бойынша облысқа 2050 аналық ірі қара сатып алу тапсырмасы берілсе, ағымдағы  жылдың 15 мамырына, аграрлық несие серіктестігінің  мәліметіне сәйкес, 81 ірі қара сатып алынған, жоспар 4 пайызға ғана орындалып отыр. Бұл малдарды сатып алып отырған Ырғыз, Ойыл аудандарының екі шаруашылығы, біріншісі — 54, екіншісі 27 ірі қара алған.

Несие кооперациясының қойылатын талаптары да жоғары. Себебі шаруашылықтардың көбісінің кепілшарт жасасқанда кепілі бола бермейді. Қалада үйлері жоқ. Болса да арзанға бағаланады. Ауылдағы мүліктер болмашы бағаланады.

«Алтын асық» бағдарламасымен 3 мың саулық қой сатып алу  тапсырмасы берілсе, орындалғаны —151 қой, 5 пайыз ғана. Мұны да Ойыл ауданының  2 шаруашылығы алған.

«Құлан» бағдарламасымен осы жылы 500 жылқы сатып алуға тапсырма бар. Бүгінгі күнге Қобда ауданында 45 жылқы, Ырғыз ауданында 10 жылқы сатып алуға несие берілген. Немесе тапсырманың орындалу барысы 11 пайызға тең.

Жалпы, біздің аймақта жылқы шаруашылығын дамытуға қызығушылық бар. Оның себебі түсінікті, жылқы малы өзін ақтайды. Қыста азық тілемейді. Аяқтай жайылып шығады, жайылым жетеді. Сондықтан кәсіпкерлер 15 пайыз үстеме ақымен несиені алады деп ойлаймыз. Бұл бағдарлама артығымен орындалуға тиіс.

Әрине, қалған бағдарламаларды жыл ішінде орындау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Шаруаны жүргізу үшін ауыл шаруашылығына жеңілдік беретін өзге мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып жұмыс жасауға тура келеді. Мысалы, шаруашылықта селекциялық жұмыстар жүргізіп, мал тұқымын жақсартуға жоғары субсидиялар қаралған. Осыларды жеткізіп, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жақсарту қажет.

Сұхбаттасқан Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button