Денсаулық

Әлсіздікке жол берме!

Неміс философы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың тоғыздан бір бөлігі денсаулыққа негізделген. Денсаулық болмаса сыртқы игіліктер рахатқа бөлемейді, тіпті ақыл-ой, жан, мінез-құлық сапасы сияқты өзіндік игіліктер әлсірейді және өшеді» деген екен. Күнделікті күйбелең тіршілікте денсаулыққа мән бермейтініміз рас. Ал көктем мезгілінде денсаулыққа  бейжай қарауға болмайды.

Көктем — қараөзек шақ, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» кезі.  Осы кезде адамның ұйқысы келіп, тез шаршайды. Енжарлық пайда болады, жұмысқа қабілеті төмендейді. Ал дәрігерлер, көктемгі әлсіздіктен құтылу үшін дәруменге бай тағамдарды ішу керектігін айтады. Мамандардың айтуынша, дәрумен жетіспеушілігіне, әсіресе, орта жастан асқан адамдар жиі ұшырайды. «Ақтөбе- Арасан» ЖШС директорының орынбасары, терапевт Гүлнар Сидашеваның айтуынша, көктем мезгілінде бойында созылмалы ауруы бар және қатерлі дертке шалдыққан  науқастар мен  темір жетіспеушілік анемиясымен ауыратын адамдар дәрумендер тапшылығын бірден сезеді екен.

Дәрумен жетіспеген кезде бас айналып, әлсіздік пайда болып, ұйқышылдық басады. Адам дел-сал күй кешіп, жұмысқа деген қабілеті төмендейді. Тез шаршап қалады. Тіпті жүйкесі де сыр беруі мүмкін. Сәл нәрсеге ашу шақырады. Дене салмағы азайып, дәрумен жетіспеушілігінен шаш түсуі мүмкін.

— Көктемде дәрумен жетіспеген кезде бірінші кезекте созылмалы дерті бар адамдар қиналады. Себебі ауру қозып немесе жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Бұндай кезде әсіресе әйел адамдар өзін-өзі күтуі керек. Жүкті әйелдер дәрігердің бақылауында болуы тиіс, — дейді Гүлнар Сидашева.

Дәрігердің айтуынша, азаматтар салауатты өмір салтын ұстанып, жүйелі тамақтануы керек. Әсіресе дәрумендерге бай  ұлттық тағамдарды, яғни шұбат, қымыз ішіп тұрса иммунитет күшейеді. Ағзасында кальций жетіспейтін адамдар тары жегені дұрыс. Ересек адам күніне бір литрге дейін табиғи сүт ішсе, дәрумен тапшылығын сезінбейді. Бұған қоса ас мәзірінде көкөністерді пайдалану керек. Мәселен, қанды көбейту, қақырықты түсіру, сіңірлерді бекемдеу, денені қуаттандыру үшін қант қызылшасы пайдалы. Әсіресе, көктемде қант қызылшасын немесе шырынын ішіп жүрген адам бойкүйездікке, әлсіздікке ұшырамайды. Ал сәбіздің құрамында дәрумен жетіспеушілігінен болатын ауруларға қарсы, ағзаның тұмауға қарсы тұруын күшейтетін, зат алмасуды жақсартатын заттар бар.

Көктемде сарымсақтың пайдасы зор. Ол В1 тобының дәрумендері мен С, Д дәрумені, йод, май, тағы да басқа заттарға бай. Оның құрамында ауру тудыратын микробтарды жоятын ерекше бактерицидтік заттар бар.

Көктемде пайдалы тағамның бірі — пияз. Пияздың құрамында С дәрумені мен каротин көп. Көктемнің көкөніс шыға қоймаған кезеңінде пиязды ас мәзірінен түсірмеген жөн. Өйткені пияз ауру жұқтырмайтын және қырқұлақ ауруына  қарсы заттарға бай.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button