Денсаулық

Қатерлі ісіктен емделуге болады

Соңғы жылдары елімізде қатерлі сүт безі ісігіне шалдыққан әйелдер саны өсіп барады. Біздің өңірде де бұл көрсеткіш жоғары. Соңғы төрт айда 58 әйелден қатерлі ісік анықталса, оның 25 пайызы аурудың соңғы сатысында дәрігерге қаралған.  Ал төрт айда 20 әйел көз жұмыпты. Облыстық әкімдікте өткен жиында осы мәселелер сөз болды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медицина орталығына Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан мамандар келіп, аталған дертпен күресудің жолын үйретті.

Ғылыми-зерттеу  институттың маммология орталығының басшысы, медицина ғылымының докторы Шынар Талаева сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан үш әйелге жоғары технология арқылы ота жасады. Ақтөбелік онкохирургтер білікті маманның тәжірибесін меңгерді.

Шынар Талаеваның айтуынша, соңғы жылдары сүт безі дертіне шалдыққан әйелдер арасында сырт елдерде емделетіндер көбейген. Көпшілігі несие алып, тіпті үйін сатса да шетелде емделгенді тәуір көреді. Ал білікті маманның айтуынша, бұндай ота түрлері елімізде тегін әрі сапалы жасалады.

— Әйелдердің көпшілігі маммологқа көрінуге құлықсыз. Олар дәрігерге көрінсем, сүт безімді түгелдей алып тастайды деп қорқады. Егер ауру алғашқы сатысында анықталса, ешқандай қиындық болмайды. Бұл кезде қатерлі ісіктен айығуға болады, — дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, аурудың алдын алудың бір жолы — көп бала туу, баланы емізу, түсік жасатудан аулақ болу. Мәселен, туу көрсеткіші аз солтүстік өңірде аталған дертке шалдыққандар саны көп болса, оңтүстікте керісінше аз көрінеді. Себебі оңтүстік өңірде бала туу көрсеткіші жоғары.

Жиында Шынар Талаева аурудың алдын алу және емделу туралы баяндама жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button