ЖастарЖаңалықтар

40 бозбала әскерге аттанды

Сәрсенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Отан қорғау — қасиетті борыш» атты әскер қатарына қабылданғандарды шығарып салу салтанаты өтті. Шара 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орайластырылды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарын жаңадан толықтыру үшін ұйымдастырылған дәстүрлі рәсімде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары:

— Еліміздегі ерекше мерекелер — Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында сіздердің балаларыңыз Отанды қорғау деген абыройлы істі атқарғалы тұр, құрметті ата-аналар. Отан қорғау ісі — әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан сіздер өмірдің жаңа бір сатысына шыққалы тұрсыздар, жас сарбаздар.

Бір жыл тез-ақ өтіп, шынығып, өмірдің жаңа қыр-сырын үйреніп, ортамызға қосылады деп сенеміз. Ең бастысы, барлығын жауапкершілікпен орындап, абыройлы қызмет етіп, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызға аман-есен оралуыңызға тілектеспіз, — деді.

Атқарушы билік өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары, ата-аналар мен жастар бұл жолы 18-22 жас аралығындағы 40 жігітті әскерге шығарып салды. Сол жауапты міндетті атқарғалы тұрғандардың бірі — Серік Қыдырбай өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. «Жасым — 19-да. Әскер қатарына өз еркіммен бара жатырмын. Меніңше, бұл — әр азаматтың борышы. Егер мүмкіндігің болса, бұдан қашпау керек деп ойлаймын. Барша замандастарымның туған жерге абыроймен қайтуын тілеймін», — дейді ол.

Ал Гүлсім Әбдірахманова немересін шығарып салу үшін салтанатты шараға арнайы келген. Қарғалы ауданынан әскерге шақырылған Евгенийдің жанынан әжесі бір елі алыстамай, әжелік ақ жүрекпен шыр-пыр боп жүр…

Әскери комиссариаттағылар екі күн бұрын ғана немеремнің әскерге баратынын айтты. Сол себепті, аяқ астынан жолға дайындалып, туыстары боп жиналып, келіп тұрмыз. Евгенийдің білім алған саласы басқа, бірақ әскери билет артық болмайды деп ойлаймын. Әрі армия адамның шыңдалып, нағыз азамат болып келуіне жақсы ғой. Бәрінің ойдағыдай болатынына сенемін. Елімізге бейбітшілік, ал балаларға сабырлылық тілеймін, — деп лебізін ортаға салды ол.

Жалпы, Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, полковник Сейіткерім Арапбаевты сөзге тартқанымызда, 40 жігіттің Қапшағай қаласындағы әскери бөлімге аттанып бара жатқанын білдік. Оның айтуынша, биыл облыстан жалпы саны мыңнан астам бозбала осы абыройлы міндетті өтегелі отыр.

Шара соңында ерлік пен қайсарлық, әскери антты сақтау бойынша игі тілектер айтылып, сахнада әртістер патриоттық әндерді шырқады, хореографиялық композицияларды орындады. Және, әрине, үлкен жолдың алдында жігіттерге қолдау көрсете келген жақын-жуықтары елге аман-есен оралуына тілекші екенін білдіріп жатты. Лайым, сарбаздар Ақтөбесіне осындай көтеріңкі көңіл күймен келгей!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button