Экономика

Жөндеуден кейін жұмыс бағытын өзгертеді

«Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цех ұжымы №23 балқыту пешін жоспар-кестеге сәйкес жөндеуге кірісіп кетті. Бұл жұмыстар өндірістік қызметті жандандыру,  өнім сапасын арттыру, жоспарды уақтылы орындау, қоршаған ортаны қорғау әрі қауіпсіздіктің алдын алуға мүмкіндік береді. Маңызды істі кәсіпорынның білікті мамандары атқаратын болады.

№2 балқыту цехында үздіксіз жұмыс істейтін №23 пеш бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес  жөндеуге байланысты өз жұмысын уақытша тоқтатты. Пешті жаңғырту, толық жөндеуден өткізу шарасы металлургиялық құрал-жабдықтарды жөндеу, электржөндеу және  механикалық жөндеу цехы ұжымдарына жүктелген.

— Жоспар бойынша цехтағы барлық балқыту пештеріне жылына бір рет ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ортакөміртекті феррохром өндіретін №23 балқыту пеші толық жөндеуден өткізілгеннен кейін өзінің жұмыс бағытын өзгертіп, төменгікөміртекті феррохром өндіруге көшеді. Екі күндік қыздырылудан кейін пеш өз жұмысын әрі қарай  жалғастырады. Қазіргі таңда жөндеу бригадалары  өздеріне сеніп тапсырған жұмыстарды ойдағыдай атқаруда.  Білікті мамандардың  көмегімен ауқымды шара барысында  пештің қаптамасы, футировкасы ауыстырылып, отқа төзімді кірпіштері жаңартылады. Сондай-ақ, электр және  механикалық бөліктері толық тексеріліп, жарамсыз құралдары жаңасына алмастырылады. Жөндеу жұмысының  сапалы орындалу барысын бақылау  цех басшыларына жүктелген, — дейді №2 балқыту цехының басшысы Әбілқайыр Сотқаров.

Жөндеуден кейін пеш өнім сапасын арттырып, қауіпсіз еңбек етуге жол ашады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button