ЖаңалықтарЭкономика

Батыс аймағының кәсіпкерлері Ақтөбеде бас қосты

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік

ҚР Ұлттық экономика министрлігі және «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамының қолдауымен экономиканың жекелеген секторларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалардың үлгілік конкурстық құжаттары мен келісімшарт әдістерін түсіндіруге арналған семинар Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен болған өңірлік семинарға Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан кәсіпкерлер қатысты.   

Қазір облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы негізінде әлеуметтік ғимараттар көптеп салынып жатыр. Соңғы екі жылда ақтөбелік кәсіпкерлердің қатысуымен өңірде 20-ға жуық жоба іске асыпты. Бүгінгі күні құны 30 млрд теңгеге жақын әртүрлі әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр.  Оның бірқатары биыл пайдалануға берілмек. Жаңа жоба аясында тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да бірнеше емхана, балабақша салу жоспарланған.

Бүгінде ақтөбелік кәсіпкерлер өз ісінде бұл жобаның тиімді екенін түсінген.  Өңірлік семинарда «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Ғалымбек Мамраев бұл жобаның Ақтөбеде тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, ол жиналғандарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамалары, экономиканың жекелеген салаларында бұл жобаны жүзеге асыру тәсілдері бойынша типтік келісімшарттар жасаудың жолдарын түсіндіріп берді.

Семинар барысында Ұлттық экономика министрлігінің Бюджеттік инвестиция және мемлекеттік-жекеменшік  әріптестікті дамыту департаментінің директоры Нұрым Аязбаев бүгінгі күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың елімізде нормативтік-құқықтық базасы қалыптасып, жеке серіктесті анықтаудың процедуралары оңайлатылғанын тілге тиек етті.

Семинар кезінде кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың алдынан шығатын проблемалық мәселелер де талқыланды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Жеделбек Мұрзағалиев қор арқылы жүзеге асырылған жобалар турасында айта келе, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда кәсіпкерлер үшін кедергі келтіретін мәселенің бірі — кепіл мүлік екенін айтты. Ж.Мұрзағалиевтің айтуынша, егер кәсіпкер аймақта маңызы бар жобаны бастағысы келсе, бірақ оның сол жобаны кепілмен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпеген жағдайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржы агенті ретінде сол кәсіпкердің жарты тәуекеліне кепілдік береді.

«Даму» қоры қаржы агенті ретінде кәсіпкердің алатын несиесіне кепілдік береді. Алайда кепіл сомасының шарықтау мөлшері — 360 миллион теңге. Алайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылатын жобалардың құны бұдан әлдеқайда жоғары болады, — деді Жеделбек Мұрзағалиев.

Өңірлік семинарға жиналғандар өзара тәжірибе алмасып, мемлекет ұсынған жобаның тиімді тұстарымен қатар, кәсіпкерлер ісіндегі әкімшілік кедергілерді шешудің жолдарын жан-жақты талқылады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button