БілімБасты жаңалықтар

Біздің облыста биыл 65 балабақша ашылады

Қазірдің өзінде оның 10-ы пайдалануға берілді

Биыл біздің облыста 65 (!) балабақша салынады. Сөйтіп, 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 95 пайызға жетеді. Ал 2018 жылдан бастап осы жастағы балапандардың барлығы бірдей кезек күтпей-ақ балабақшада тәрбиеленетін болады.

Жаңа оқу жылынан бастап балабақшалар мен мектептерде мектеп алды даярлық сыныптары ашылады. Мұнда 5 жастан бастап қабылданатын балдырғандарға «Әліппе» пәні оқытылады. Еліміз бойынша 1000 білім беру мекемесінде пилоттық жоба ретінде енгізілетін мектеп алды даярлық сыныптарын біздің облыстағы 50-70 балабақша мен мектепте де ашу жоспарланып отыр.

Осы және мектепке дейінгі білім беру саласындағы басқа да өзгерістер туралы біз облыстық білім басқармасының бас маманы Рахима Жамансаринамен сөйлескен едік.

Көрсеткіш және кезек

Қазір облыста 559  балабақша мен шағын орталық бар. Оның 69-ы — жекеменшік балабақша. Бұл білім беру мекемелерінде  47 288 балдырған тәрбиеленіп жатыр. 1-6 жастағы балапандардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші — 65,4 пайыз. Республикалық көрсеткіш — 56,4 пайыз. Ал 3-6 жастағы балалардың 92,9 пайызы балабақшаға барады.

Облыс бойынша жалпы 36 мың балапан балабақша кезегін күтіп жүр. Оның 30 573-і Ақтөбе қаласында тұрады.

Балабақша кезегі жоқ бір ғана аудан бар. Ол — Қобда. 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуда Мәртөк (97,7 пайыз),  Ойыл (95,4 пайыз),  Темір (93,4 пайыз), Ырғыз (92,5 пайыз), Байғанин (91,2 пайыз) аудандарының көрсеткіштері жақсы, — дейді Рахима Жамансарина.

Ал Мұғалжар, Темір аудандарында кезегін күтіп жүрген балапандардың саны мыңнан асады. Алғада 800-ден астам, Шалқар мен Хромтауда 600-ден астам кезек бар.

Жекеменшік балабақша 17 есеге артты

Біздің облыста соңғы жылдары балабақша саны күрт артты. Былтыр 4655 орындық 41 балабақша пайдалануға берілді. Оның 36-сы — жекеменшік балабақша. Биыл 65 балабақша еңсе көтереді (сыйымдылығы — 5450 орын). Қазірдің өзінде 10-ы ел игілігі үшін пайдалануға берілді. 65 балабақшаның 10-ы үшін қаржы бюджеттен бөлінсе, қалғанын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкерлер салады. Биыл облыстағы 12 ауданның барлығында да балабақша бой тіктейді. Соның ішінде Мұғалжар мен Хромтауда төрт-төрттен, Алға мен Темірде үш-үштен балабақша  ашылады.

Елбасының тапсырмасының арқасында біздің облыста жеке кәсіпкерлер ашқан балабақшалар 17 есеге артып отыр. 2000 жылы облыста небары 4 қана жекенің иелігіндегі балабақша болған-ды. Қазір олардың үлесі — 69. Бұл білім беру ұйымдарында 8953 бала тәрбиеленіп жатыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

Қазір облыстағы 69 жекеменшік балабақшаның барлығы да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Әр бала үшін мемлекеттен берілетін қаржы — 19 354 теңге.

Инклюзивті білім беру әдісі

Биылғы оқу жылынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жаңа стандарт енгізілді. Соған байланысты қыркүйектен бері барлық балабақшалар мен шағын орталықтарда инклюзивті білім беру әдісі енгізілді.

Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалар дені сау балалармен бірге бір топта білім алады. Әр топқа екі-үш баладан қабылданады. Инклюзивті білім беру әдісінің пайдасы көп. Өйткені мүгедек бала өзі қатарлас балалармен араласады, ойнайды. Ал бұл олардың дамуына көмектеседі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары енді балаларын үйінен қашықтағы арнайы балабақшаларға тасып әуре болмайды. Үйінің маңындағы кез келген балабақшаға балаларын берулеріне болады,  — дейді Рахима Жамансарина.

Қазір облыстағы балабақшаларда 232 бала инклюзивті білім беру әдісімен оқиды. Жаңа стандарт бекітілгенге дейін мүмкіндігі шектеулі балаларды Ақтөбе қаласындағы үш арнайы түзету балабақшасы ғана қабылдады. Сондай-ақ, жалпы типті балабақшаларда мүгедек балаларға арналған 26 арнаулы топ (355 балаға арналған) жұмыс істеді.

2008 жылы балабақшаға инклюзивті білім беру жүйесін елімізде бірінші болып біздің облыс енгізді. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы №17 балабақшада арнайы кабинет ашылды. Аталған балабақшаның әр тобына екі-үштен мүгедек балалар қабылданды, — дейді Р.Жамансарина.

Әліппе оқулығы қайта енгізіледі 

Жаңа оқу жылынан бастап еліміз бойынша мың мектеп мен балабақшада пилоттық жоба ретінде  мектепке дейінгі даярлық сыныптары ашылады.

Мұндай сыныптарды біздің облыстағы 50-70 мектеп пен мектепке дейінгі мекемеде ашу жоспарланып отыр.

Бұл сыныптарға балалар 5 жастан бастап қабылданады. Балаларға Әліппе оқулығы оқытылады.  Әріптермен бірге, сөздерді буынға бөліп оқу, дауысты, дауыссыз дыбыстар үйретіледі. Апробациядан өткеннен кейін бұл жобаны 2019 жылдан бастап еліміздегі барлық мектептерге, балабақшаларға енгізу жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасының қызметкері.

12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге байланысты былтырдан бастап 1-сынып оқушыларына Әліппе оқулығы оқытылмайтын болды. Оның орнына жаңа оқулық — сауат ашу енгізілген-ді. Пәннің аты сауат ашу болып өзгергеніне де бірнеше жыл болған-ды. Сөйтіп, өткен жылы пәннің атауына байланысты сауат ашу деп өзгертілген оқулық енді бұрынғы атауын қайта иеленбек. Оқу бағдарламасынан алынып тасталған әліппе мен ана тілі қолданысқа енгізіледі.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button