ЖаңалықтарЭкономика

Кооперативтер құру — ауыл болашағы

Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығын кеңінен дамытуға баса көңіл бөлініп, әсіресе бұл бағыттағы өңдеуші кәсіпорындар үлесін арттыру ерекше назарға алынды, оған мемлекеттік қолдау көрсету жайы жаңа деңгейге шықты. Ауыл шаруашылығы кооперативтері ісін жандандыру күн тәртібіне берік қойылды.

Облыстық әкімшілікте өткен жиында осы мәселелер кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов өңірдегі ахуалды қысқаша баяндап, алдағы міндеттер жөнінде ой бөлісті.

Жиында сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов облыстағы кооператив басшылары алдында мемлекеттік қолдау шаралары барысына кеңінен тоқталды. Ол кооперативтік ұжымдардың құрылу ережелері мен одан әрі қарайғы даму бағыттарын түсіндірді.

Елбасының биылғы жаңа Жолдауына сәйкес, елімізде алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруалар мен шағын фермерлер кооперативтерге бірігуі тиіс. Бұл туралы Үкімет пен әкімдіктерге тапсырма берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту туралы бағдарлама аясында жүргізілетін болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Берік Нығымашевтің айтуынша, кооператив құрылғанда белгілі бір талаптар сақталуы тиіс. Мәселен, оның мүшелерінің саны жиырма адамнан кем болмағаны тиімді. Сонымен бірге кооперативтің алғы бағытын нақты айқындау маңызды. Ол не өндіреді, қамту аймақтары, өнімді өткізу мүмкіндіктері — барлығы ескерілуі тиіс.

— Кооперативтерге бірігудің көптеген артықшылықтары бар, — деді Берік Нығымашев. — Біріншіден, кооперативтер өндірілген өнімді тиімді сата алады. Екіншіден, мемлекеттік қолдауға жол ашылады, қажетті құрал-жабдықтар алу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, кооперативтер материалдық-техникалық құралдармен, яғни жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, мал азығымен, тағы басқаларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 70% жеңілдіктегі арнаулы салық режимі бар. Төртіншіден, прогрессивті агротехниканы пайдаланып, өнімді тұрғылықты жерде делдалсыз өткізу мүмкіндігі туады. Ең бастысы, кооперативтің әрбір мүшесі де, сондай-ақ, тұтастай кооператив те жеңілдік пайызымен несие ала алады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құсайын Сәрсенбаев бүгінгі күні өңірде ет, сүт, өсімдік шаруашылығы және өзге де бағыттар бойынша 137 кооператив құрылғанын айтты. Олардың өндірген өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізуде бірқатар жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік қолдау шаралары да көрсетіліп келеді. Мәселен, 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жыл мерзімге дейін жеңілдетілген несие берілуде. Бұдан өзге, қажетті техникалар алуда субсидия қарастырылған.

Қарғалы ауданындағы Қосестек селосының тұрғыны Еркін Өтегенов сүт қабылдау пункті кооперативін құруда алдыңғы қатардан көрінді. Ол «ҚазАгро» АҚ арқылы қаржы қолдауын алып, өз ісін дамытуда. Кәсіпкер жетекшілік ететін «Қосестек» ауыл шаруашылығы кооперативінде қазір 4 тонна сүтті салқындатуға арналған модульді сүт қабылдау пункті жұмыс істейді. Осы пунктте жинақталған сүт тиісті процедуралардан өткеннен кейін «Молочные истории» ЖШС сүт зауытына жеткізіледі.

Алдағы уақытта осындай үлгілі шаруашылықтар тәжірибесін кеңінен тарату жайы айтылып, кооперативтер құру ісін жүйелі жүргізу бағыттары белгіленді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button