ЖаңалықтарЭкономика

Бизнес ортаны жақсарту үшін кәсіпкерлерге жағдай жасалу керек…

Өңірімізге іссапармен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Капитал Плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Отырыста бүгінгі күні кәсіпкерлік саласының дамуына кедергі келтіретін факторлар назарға алынып, Елбасының биылғы Жолдауында айтылған екінші басымдық — бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту мәселелері сөз болды.

  • Бүгінгі күні бизнес ортаны дамытуда шешілмей жатқан мәселелер әлі де бар. Оның бірі — кәсіпкерлердің құқығы мен оның қорғалуы болса, екініші мәселе — салыққа қатысты шараларды жеңілдету, кәсіпкерлерге кедергі келтірмеу.

Қазіргі таңда елімізде осы бағытта бақылау-қадағалау қызметтерін қысқартуға байланысты қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы керек. Мәселен, біздің елімізде бүгінгі күні 28 мыңға жуық бақылау-қадағалау қызметтері бар. Оларды қысқарту бір күннің шаруасы емес. Қазақстанда ашық бизнесті жүргізу үшін ең алдымен заң тұрғысынан нақты, кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасалуы керек. Әрине, кәсіпкерлер салық төлеуі қажет, бұл — олардың міндеті. Бірақ олар бизнес жағдайында әртүрлі мәселелерге тап болса, біз шұғыл әрекет етуіміз керек. Қазір біздің Ұлттық палата осы бағытта жұмыстар жүргізіп, тексерулерді азайтуды ұсынып отыр. Сондықтан бұл мәселелерді шешудегі ең тиімді жол  —  заңға орынды өзгерістер енгізу. Бүгінде палата өкілдері бұл мәселені қолға алып жатыр, — деді Т.Құлыбаев.

Өз сөзінде Президиум төрағасы Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекет меншігіндегі кәсіпорындардың 50 пайызы  2020 жылға дейін жекешелендірілу керектігін, сондай-ақ жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру қажеттігін атап өтті.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов бүгінгі күні палатаның облыстағы кәсіпкерлермен жұмысты жетілдіру бағытында атқарылып жатқан шаруалардың жай-күйіне тоқталып, өткен жылы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүргізілген шараларды атап өтті.

Өткен жылы облыстағы кәсіпкерлерден палатаға 340 шағым келіп түскен. Оның 227-сі қаралып, соның нәтижесінде кәсіпкерлердің құқығы қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар былтыр облыста 1,1 миллиард теңге көлемінде бизнес саласында жүрген 38 жеке тұлғаның мүліктік құқығы қорғалды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура штабы бірлесе отырып, өткен жылы 315 құқықбұзушылық анықталып, нәтижесінде 418 кәсіпкердің құқығы қорғалды, — деді ол.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов облыстағы кәсіпкерліктің дамуы, бұл салаға көрсетіліп жатқан қолдаулар мен алдағы жоспарлар туралы айта келе, бүгінде өңір экономикасының көтерілуіне шағын және орта бизнес субъектілерінің ықпалы зор екенін айтып өтті. Сондай-ақ ол облыс басшысының қолдауымен бірқатар кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізіп жатқандығын айтты.

Жиын соңында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан көптеген сауалдар қойылып, жауап алынды. Сондай-ақ кәсіпкерлер өз мүдделерін қорғауда нақты ұсыныс-пікірлерді ортаға салды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button