«Ақтөбе — құтты мекен»

Қайта оралған мереке

Мыңдаған жылдар бойғы дәстүрге сай, Наурыз — қазақтың басты мерекесі еді. Кеңес заманының алғашқы жылдарында да солай болды. 1925 жылғы 22 наурызда сол кездегі қазақтың басты басылымы — «Еңбекші қазақ» газеті:

«Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп.

Шаруаның кенелген

Мейрамы ежелден» — деген жыр жолдарын келтіріп, қалың көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтаған. Бірақ 1926 жылдан бастап бұл мерекені тойлау тоқтатылды.

Тек 1988 жылы ғана зиялы қауым тарапынан қазақ жерінде Наурызды ресми түрде мерекелеу туралы бастама қолға алынды. Негізі, ресми тойланбағанмен, оған дейін де Наурыз қазақ даласының әр түкпірінде ауылдық жерлерде үзбей атап өтілгені белгілі. Енді оны жалпы қазаққа ортақ ұлттық мереке ретінде қайта түлету, өз дәрежесінде атап өту қажет болды. Қазақстан компартиясының сол кездегі бірінші басшысы Г.Колбин бұл бастамаға: «Наурыз — діни мереке, исламның қалдығы» — деп, қарсылық білдіріпті. Ал қалың қазақ бастаманы қызу қолдап әкетті. Бұған ақтөбеліктер де үн қосты.

Ақтөбеде алғаш рет…

1989 жылы Ақтөбе қаласында Наурыз бірінші рет көпшілік мереке ретінде атап өтілді. Бұл жөнінде «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 1989 жылғы 22 наурызда шыққан 57-санында жазылған. Ақтөбедегі А.Пушкин атындағы орталық демалыс және мәдениет паркінде киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Ән-күйден шашу шашылып, қазақ аңыздары кейіпкерлерінің қатысуымен қойылымдар әзірленді. Мерекелік бағдарламаға Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің оқытушылары және ұйымдастыру бөлімінің оқушылары ерекше атсалысқан. Ұйымдастыру бөлімінің оқушылары Қ.Амантұрлин — Қожанасыр, А.Көптілеуов Тазша бала болып жұрт алдына шықты. Сондай-ақ, Ақтөбе педагогика және медицина институттарының, кооперативтік техникумның өнерпаздары, «Әлия гүлі» ансамблі өнер көрсетті. Аудандардан да өнерпаздар келген. Жұртшылық шалқарлық Мұханбет Еңсепов пен Әлия Молдағұлова мемориалдық музейінің қызметкері Гүлсамал Аймаханованың айтысын тамашалады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қаладағы шахмат-дойбы павильонында ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырды.

Ал халықтың көңіл күйі газет бетінде соғыс және еңбек ардагері С.Елемесовтің мына пікірі арқылы сақталып қалыпты: «Бұл бір тамаша болды. Тіпті толқығанымды сөзбен де жеткізе алмай, қиналып тұрғаным… Қазақта «Өшкенім жанды» деген қанатты сөз бар ғой. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді қайта жаңғыртқаны үшін мәдени ұйымның басшыларына мың да бір алғысымды айтамын».

Ол кезде Ақтөбеде қазақтар азшылық еді. Жергілікті ұлттың облыс орталығындағы үлесі 32,7 пайыз ғана болды. Әрине, осындай жағдайда ұлттық мерекенің арнайы атап өтілуі айтып жеткізгісіз қуаныш болғаны түсінікті.

Алғашқы мерекелік нөмір

1990 жылдың 22 наурызында облыстық «Коммунизм жолы» газеті өз тарихында алғаш рет Наурызға орай мерекелік нөмір шығарды. Мерекелік нөмір: «Жыл басы — Наурыз, Мол болсын дәм-тұз» деген ақ тілекпен ашылған.

Сол тұста жұртшылықтың, әсіресе жастардың алдында: «Наурыз қандай мереке? Ата-бабаларымыз оны неге атап өткен?» — деген сауалдарға жауап беру қажет болды. Аға буын мен зиялы қауым өкілдерінің осы төңіректегі алғашқы ізденістері көлемді мақалалар болып біздің газеттің бетінде қалыпты.

Редакцияға жолдаған «Қазақтың жаңа жылы» атты мақаласында партия, соғыс және еңбек ардагері Жүсіп Әлсейітов Наурыз мерекесін, жоғарыда да келтірілгендей, ислам дінімен байланыстырған пікірлерден арашаламақ болады. Ал атеизм үстемдік құрған қоғамда бұл өте маңызды еді…

Сондай-ақ, КПСС ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар Академиясы ғылыми атеизм институтының аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Б. Шәпиев өз мақаласында Наурызды егін шаруашылығымен байланыстырған. Ол Наурызды қазақтардың бір күн емес, 3-4, тіпті кей жерлерде 7-10 күн тойлайтыны жөнінде айтқан. Наурыздың шығу тарихына байланысты аңыздар да келтіріпті. Бір аңыз былай айтылады: «Наурыз үш ағайынды жігіттің бірі болған. Басқаларын Қазақ, Созақ деп атаған. Наурыздың баласы болмаған. Өлер алдында ол ағаларын шақырып алып, оларға: «Менен ешкім қалмайды, менің атым жоғалады. Егер сендер менің атым жоғалмасын десеңіздер, жыл сайын мен өлген күнді атап өтіңдер» — дейді. Ағалары жыл сайын ас ұйымдастырып, оның өтінішін орындап және бұл күнді жыл басы деп есептеген».

Міне, алғашқы ізденістердің іздері осындай…

Мәңгілік елдің Наурызы

1991 жылдың 20 наурызында Қазақ КСР-інің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы» туралы Жарлығы шықты. Құжатта: «Көктемгі күн мен түннің теңесу күні — наурыздың 22-сі халықтық мереке — Наурыз мейрамы болып жариялансын» — деп атап көрсетілді. Мерекені әзірлеу мен өткізу жөнінде қажетті шараларды жүзеге асыру Қазақ КСР Министрлер кабинеті мен Халық депутаттарының жергілікті Кеңестерінің атқару комитеттеріне жүктелді. Мереке бір күнге белгіленгенмен, жұртшылықтың Наурызды кең көлемде атап өту үшін наурыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралағында «Табиғат жарасымы» айлығын өткізу жөніндегі бастамасын қолдау тапсырылды. Осылайша Наурызды ресми түрде мерекелеуге жол ашылды. Наурыз қазақ еліне біржола қайта оралды.

Президент Жарлығы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде жергілікті билік Наурызға орай мерекелік шаралар ұйымдастыруды қолға алды. Бұл, әрине, мерекеге жаңа серпін берді. Ақтөбеде қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Сәния Қалдығұлованың басшылығымен жиын өтіп, барлық кәсіпорындар мен мекемелер басшыларына наурыздың 22-сінде еңбеккерлерге демалыс беру, ал жұмыс күнін 30 наурызға ауыстыру, сондай-ақ, Наурыз мерекесін лайықты атап өтуге атсалысу тапсырылған.

1999 жылы Наурыз елімізде мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Ал «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Заңға 2008 жылдың 25 маусымында енгізілген өзгертулер мен толықтырулардан кейін, қазақстандықтарға Наурызға байланысты 21-23 наурыз аралығында үш күн демалыс берілетін болды.

Сондай-ақ, 2009 жылы ЮНЕСКО Наурызды бүкіладамзаттық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қосты. 2010 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Наурызды халықаралық мереке ретінде жариялады. БҰҰ деректеріне сай, Наурызды әлемде 300 миллионнан астам адам мерекелейді.

 

Әзірлеген И.ӨТЕМІС.

 

 

 

ДӘСТҮР ҮЗІЛГЕН ЕМЕС

 Серік Ерғали, этнолог, публицист, «Нау мен ырыс» кітабының авторы:

— Мен туған Байғанин өңірінде Жыл басы ретінде Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі ешқашан үзілген емес. Дәл 14 наурыздан басталатын. Ата-анамыз қарт кісілерге сәлем беруге жұмсайды. Сөйтіп, күні бойы ауылды аралап, мәре-сәре болатынбыз…

Ал 1990-жылдары Ақтөбе қаласында Наурыз мерекесіне арналған шараларды ұйымдастыруды алдымен қоғамдық ұйымдар, ұлтжанды азаматтар басқаратын мекемелер мен кәсіпорындар қолға алды. 1990 жылы «Алдаспан» ұйымы сол кездегі облыстық саяси-ағарту үйінің алдына 2 киіз үйді біріктіре тігіп, той-думан ұйымдастырдық. Жұртқа тегін көже үлестірілді.  Тәуелсіздік алғаннан соң, Наурыз мерекесі мемлекеттік мейрамдар қатарына қосылды.

Алайда беріректе қазақтың басты мерекесі өз деңгейінде мерекеленбей, этнографиялық еске алу күні секілді өтетін болды. Мейрам біржақты парсыға телінді. Осы жайттар қатты әсер етті, ойландырды. Сөйтіп, Наурыз мерекесінің түп-тамырын, тарихын зерттеуді қолға алдым. «Нау мен ырыс» кітабы сол зерттеулер нәтижесінде дүниеге келді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button