Жаңалықтар

«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы 32 мыңнан аса тұрғынға көмек көрсетті

«Ақтөбе ақпарат» орталығында «Тәуелсіз Қазақстаным» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов БАҚ өкілдеріне штабтың осы уақытқа дейін атқарған жұмысын баяндады. 

Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, осы уақытқа дейін республика бойынша 32 мыңнан астам тұрғынға кеңес берілген. Оның ішінде 7 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілген. Ал 4,5 мың адам жеке сұрақ бойынша қабылдауға жазылған. Топ жетекшісінің айтуынша, топ  құрамында жеті министрліктен  және  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгро» ұлттық холдингі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамынан, барлығы  271 маман бар. Оның 72-сі — дәрігерлер.

— Халықтан түскен сұрақтың негізгі бөлігі тұрғын үй мен жерге қатысты болды. Жергілікті жердің мамандарымен бірлесе отырып, келушілердің барлығына жан-жақты кеңес бердік. Бірінің мәселесі сол жерде шешімін тапса, екіншісінің сұрағы жазылып алынды. Себебі мәселенің барлығы бір-екі күнде бітпейді. Сондай-ақ денсаулығына алаңдаған тұрғындар тексеруден өтті. Дәрігерлер жан-жақты қарап, қажет болған жағдайда  Алматы, Астана қалаларындағы емдеу мекемелеріне жолдама берді. Әлеуметтік қызметшілерге  мұқтаж болып отырған ауыл азаматтары да өз мұңдарын айта келді. Осы жерде назар аударатын бір мәселе, қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы көмекші тағайындалады, олар аптасына екі-үш рет науқасқа келіп кетеді. Ал ауылдағы мүгедектің жағдайы қиын. Тіпті  аудан орталықтарының өзінде бұл шаруа қарастырылмаған.  Сондықтан аталған мәселе бойынша да біраз жоспар құрдық. Жалпы өзге өңірлермен салыстырғанда Ақтөбе өңірінде арыз-шағым айтып, күрделі  мәселемен келгендер аз болды. Себебі осының алдында ғана тиісті министрліктен келген мамандар барлығын шешіп кетіпті, — деді штаб жетекшісі.

Кеше «Нұр Отан» партиясының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындардан барлығы жиырма сұрақ түскен. Әміржан Әлпейісов сұрақтың барлығы жауапсыз қалмайтынын айтты. Бау-бақша, жер телімі, пәтер кезегі секілді мәселелер жергілікті билікпен бірлесе отырып шешілетінін жеткізді.

«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызы өз жұмысын 14 желтоқсан күні Алматы қаласында аяқтайды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button