ЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Қоғамдық қабылдау өткізді

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық акция аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындарды «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов бастаған  «Нұр Отан» партиясының өкілдері қабылдады.

Азаматтардың өтініші жеке-жеке қаралды. Қабылдау кезінде құқықтық көмек пен кеңес берілді. Тұрғындардан түскен негізгі сұрақ пәтер кезегі, баспана, жер, жұмыссыздыққа қатысты болды. Сегіз баланы тәрбиелеп өсірген Камида Саймоголоква пәтер мәселесімен келіпті.

Көпбалалы анаға бірнеше жыл бұрын  бір бөлмелі жалдамалы пәтер берген. Кейін 2014 жылы  облыс әкімдігінің қолдауымен екі бөлмелі пәтер беріледі. Алайда тиісті орындар кейін жалға берілген пәтерді мемлекетке қайтару туралы шешім шығарады. Ал көпбалалы ана егер үш бөлмелі пәтер берілсе ғана, бұл шешімге келісетінін айтып, шағымданды. Әміржан Әлпейісов ананың шағымын мұқият тыңдап,  Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекеновадан мәселенің мән-жайын сұрап білді.

— Бұл кісілер де заң бойынша жұмыс істейді. Соттың шешімі шыққан. Дәл қазір мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан сіздің хатыңызды Елбасыға жолдаймыз, — деді штаб жетекшісі.

Қабылдауға келушілер көп болды. Оларды «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Қазбек Қазкенов, «Ахысқа» түрік мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының басшысы Руслан Барбосов секілді топ мүшелері қабылдады. Денсаулық, білім мәселелеріне қатысты сұрақтарды сол салаға жауапты мамандарға  жолдады.

Жалпы «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 43 күнде 35 елді мекенді аралап, 140-тан астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, 33 қоғамдық қабылдау өткізген.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button