ДенсаулықЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Білікті дәрігерлер Ақтөбеге келді

«Тәуелсіз Қазақстаным» пойызымен келген дәрігерлердің бір тобы Ақтөбе қаласындағы №3 емханада тұрғындарды қабылдады.

Дәрігерлерді бастап келген Серікжан Сабыралиев:

— Ақтөбе қаласына бір топ медицина саласының мамандары келді, олардың ішінде гастроэнтеролог, онколог, травматолог, жүрек аурулары, көз аурулары дәрігері, хирург, тағы басқа мамандар бар. Осы №3 емханада 18 дәрігер науқастарды қабылдап жатыр. Таңертеңгі сағат тоғыздан  түстен кейінгі 4-ке дейін қабылдайды.  Дәрігердің қабылдауына пациенттер алдын ала анализдерін тапсырып, тексеруден өтіп барып келеді. Сол бойынша мамандар кеңес береді. Ақтөбенің алдында Хромтау ауданында болдық. Орал, Арқалық, Қостанай қалаларында болып, халыққа  медициналық қызмет көрсетілді, — дейді.

Ақтөбеде Астанадан және Алматыдан келген маман дәрігерлердің ішінде көз аурулары дәрігеріне қаралуға тілек білдіргендер легі көп болды.

Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының уролог андролог дәрігері Берік Іргебаев 7 адамды қабылдап үлгеріпті.

— Бұл пойызбен алғаш рет жолға шықтым. Маған көмек сұрап келген 7 адамның екеуі ғана алдын ала дайындықпен, яғни дайын анализдерімен келген. Үлгергендері шұғыл анализ тапсырып, әрі қарай кеңестерін алып жатыр.

Менің қарайтыным — қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы деген дерт.  Шет аймақтарда, тіпті Алматы облысының өзінде уролог мамандар жетіспейді, сондықтан осылай елге келгенде анықталған сырқаттарға ота жасау қажет болса, Алматыдағы орталыққа тегін ота жасауға шақырамыз.

Біздің «Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры Мырзакерім Алшынбаевтың «Ерлер денсаулығы» деген бағдарламасы бар, ерлердің денсаулығын жақсартуға арналған мұндай орталықтар әр өңірде бар, Ақтөбеде де бар болуы керек.  Уролог-андролог болғандықтан, маған қуықасты безі сырқатымен 70-80 жас аралығындағы үлкен кісілер келетін еді, соңғы кезде 50 жастағы ер адамдар сирек те болса қаралатын болып жүр.

Сондықтан жігіттерге айтар кеңесім, жастық қызу бойда тұрғанда, қыста жұқа киініп, денсаулыққа зиян келтіріп алмағаны жөн.  Аяқты тоңдырмаған дұрыс. Кездейсоқ жыныстық қатынастардың соңы жұқпалы аурулардың қақпанына түсіреді. Ерлер бедеулігінің бір себебі де осында, — дейді Берік Ғалымұлы.

Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының  маманы, хирург дәрігер Ерік Нұрланбаев  бүгін екі адамды  қабылдапты.

2011 жылдан бері өзі қызмет істейтін орталықта 70 шақты бауырды трансплантациялау отасы жасалғанын, Қазақстанда осы салада ілгерілеу бар екеніне тоқталды.

Ерік Құмарбекұлынан ақтөбелік тұрғындарға дәрігерлік кеңесін беруді өтінген едік:

— Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, таңертең дене шынықтыру жаттығуларын жасау,  дұрыс тамақтану  — осыларды есте ұстаған адамның денсаулығы зор болады, — деді.

Кардиолог дәрігердің қабылдауында болған  Елена Васильевна Дмитриева: «Кардиолог Галина  Юрьевнаның қабылдауында болдым, жүрегім мазалап, осында келген едім, астаналық дәрігерлердің келген кезіне тап келіппін. Дәрігер мені УЗИ аппаратына түсіп келуімді өтінді. Медициналық картама мұқият қарап, денсаулығымның жалпы жағдайын тәптіштеп сұрап, нақты көмек берді», — деп риза болып отырды.

Түске дейін дәрігерлер №3 емханада 200-ге жуық адамды қабылдап үлгерді.

Ангиохирург, травматолог, көз аурулары дәрігерлеріне келген қаралушылардың легі толастаған жоқ.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button