Жаңалықтар

Ақтөбе — франчайзингтің дамуы үшін өте қолайлы өңір

«Атамекен» мейрамханасында «Франчайзинг саласындағы мемлекетаралық қауымдастықты дамыту» туралы конференция өтті. Жиынға Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов, Ресей франчайзинг қауымдастығының президенті Юрий Михайличенко және облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысты. Сондай-ақ  кәсіпкерлер, бизнесті енді бастағалы жүрген тұрғындар мен жастар және осы саладағы компания өкілдері қатысып,  дәріс алды.

Франчайзинг дегеніміз —  коммерциялық концессия, нарықтық субъектілер арасындағы қарым-қатынастың түрі. Бір тарап (франча́йзер) екінші тарапқа (франчайзиге) ақы (роялти) үшін белгілі бір бизнес түрін, әзірленген бизнес-моделін және оның жүргізу әдісін пайдалануға береді. Бұл — лицензиялаудың дамыған түрі, онда франчайзер франчайзиге өз атынан тауарлық белгілерді немесе франчайзердің брендін пайдалана отырып ақылы әрекет етуге құқық береді. Конференция барысында Қазақстан мен Ресейдегі франчайзинг қауымдастығының өкілдері мен мамандары  елімізде енді дамып келе жатқан саланың қыр-сырын түсіндірді.

Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов Ақтөбе —  франчайзингтің дамуы үшін өте қолайлы өңір екенін атап өтті.

Ресеймен шекаралас жатқандықтан әрі миллион тұрғыны бар қалаға жетуді көздеген аймақта бизнестің бұл түрін дамыту өте қолайлы. Бұл ретте ақтөбелік компаниялардың мүмкіндігі зор. Жалпы франчайзинг — экономикалық қару. Көпшілік бұны шетелдің танымал брендтерін алып келумен түсінеді. Оның ауқымы үлкен. Қазір біздің мақсатымыз — қазақстандық брендтерді сыртқа шығару. Қазір елімізде 450 франчайзинг желісі болса, оның 20 пайызы ғана қазақстандықтардың үлесінде. Осы салада 21 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Франчайзинг — шағын бизнес үшін өте қолайлы. Себебі бизнесті жаңадан ашқаннан, оның технологиясын сатып алып жұмыс істеген тиімді. Әлемдік тәжірибеде франчайзинг компаниялардың дағдарыс кезінде аса көп шығынға ұшырамайтыны анықталған, — деді қауымдастық президенті.

Жиын соңында  аймақаралық қатынасты дамыту үшін Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов пен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов меморандумға қол қойды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button