Жаңалықтар

Ақтөбеде тестілеу орталығы ашылды

Ақтөбе қаласында мектеп оқушыларына арналған «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған компанияның Алматыдағы өкілдігінің басшылары, сала мамандары қатысты.

Аталған орталықтың мақсат-міндеттері туралы компанияның негізін қалаушы Жанат Рахмани:

— Біздің мақсат — әртүрлі тест түрлерін тапсыратын мектеп түлектеріне ыңғайлы жағдай жасау. Жыл соңына дейін біз Қазақстанның барлық ірі қалаларында осындай орталықтарды ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, білім беру саласына инвестиция салып жатырмыз. Жалпы, оқушылар үшін ыңғайлы, заманауи тестілеу орталығын жасақтауда Ұлттық тестілеу орталығы, жер-жердегі білім ошақтары және біздің компания бірлесе жұмыс істейді. Бұл — мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүргізіліп отыр, — дейді.

Қазіргі таңда Алматы, Ақтау, Шымкент, Тараз қалаларында бөлімшелері бар орталықтың алдағы уақытта қызметі кеңейіп, тиісінше облыстардағы өкілдіктері де көбеймек.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова бастаған ақтөбелік мұғалімдер мың шаршы метр аумақты алатын жаңа нысанның жұмысымен танысып, компьютер залын, оқу кабинеттерін аралап көрді. Жұтынып тұрған ғимараттың материалдық-техникалық базасына, жалпы ұл-қыздарды қабылдаудағы даярлығына қонақтар жоғары баға берді.

«Ustudy» тестілеу орталығының басқарма басшысы Алжанбек Болысбекұлының айтуынша, Ақтөбедегі кешен бір уақытта 150-ге дейін оқушыны қабылдай алады. Ол келушілердің мұнда сынама тестілеуден өтуден бөлек, қосымша сабақ алуға, бейнесабақтарға қатысуға, кеңес алуға мүмкіндіктерінің барын атап өтті. Әрине, бұның барлығы ақылы негізде ғана жүзеге асырылады. Орталық өкілінен нақтылы тарифтердің қанша екенін сұрағанымызда, бір оқушыға тестілеуден өту 260 теңге тұратынын, қалғанының бағасы келушінің оқу үлгерімінің деңгейіне қарай қойылатынын білдік.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button