Басты жаңалықтарЖастар

Бердібек САПАРБАЕВ: Еңбек жолдарыңызды Ақтөбеде бастасаңыздар, билік сіздерді тек қолдайды

Өткен сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғимаратында Астанада оқитын ақтөбелік 600 студентпен кездесті. Басқосу барысында білім-ғылым, жастарға жасалатын жағдай, өңірдің осы салаға қатысты жаңалықтарынан бөлек, басшы мен күйеу баланың қандай болу керектігі, қару-жарақ дүкендеріндегі қауіпсіздік мәселелері мен Ақтөбе халқының саны қайтсе миллионға жететіні төңірегінде сұрақ-жауаптар болды.

Әңгімені Қазақстанның Тәуелсіздік алған 25 жылындағы жетістіктері, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының жемісі, еліміздің халықаралық аренадағы беделі, т.б. туралы бастаған өңір басшысы артынша жастардың қоғамда алатын орнына тоқталды:

— Сіздердің сезімдеріңіз, ой-пікірлеріңіз, жалпы не нәрсеге де көзқарастарыңыз бізден басқаша. Өйткені сіздер XXI ғасырда туған адамдарсыздар, Тәуелсіздік құрдастарысыздар. Сондықтан облыс басшысы ретінде мен үшін осы кездесудің орны бөлек деп білемін. Сіздердің ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды біз болашақта міндетті түрде ескеретін боламыз. Сол үшін де осында келіп отырмыз. Осылай жиналып отырғанымыз, кең сарайда әңгімелесу мүмкіндігіне ие болуымыз — барлығы Тәуелсіздіктің арқасы. Соны бағалай біліңіздер.

Еліміздің болашағы — сіздерсіздер, жастар. Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай білім алуға, шетел тілдерін үйренуге, жастардың талантын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Сіздердің міндеттеріңіз тек жақсы білім алып, өз саласының кәсіби маманы атану, мемлекет пен халық мүддесі үшін пайдалы қызмет етулеріңіз қажет, — деп атап өтті.

Сондай-ақ, Бердібек Машбекұлы облыстағы халықтың 27 пайызын 16-29 жас аралығындағы жастар құрайтынын, олардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік «Дипломмен ауылға», «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламаларының жүйелі іске асырылуының нәтижесінде жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Бүгінгі таңда бұл көрсеткішті бұдан да төмендету мақсатында шаралар жүзеге асырылып жатыр. Өз сөзінде облыс әкімі қазіргі таңда екі жатақхананың салынып жатқанын, ол ең алдымен жас мамандарды баспанамен қамту үшін жасалып отырғанын айтты.

Одан соң микрофон кезегі қатысушы жастардың өздеріне беріліп, олар әрқилы сұрақтарын қойды. Қолтаңба беруін сұрап, лебізін білдірумен шектелгендер, болмаса сөз басында айтылған әңгімені қайта жалғағысы келгендер мұнда аз болған жоқ. Жастық жалынмен пендеауи сауал жолдағандар да кездесті. Айталық, өзінің есімін Айқожа деп таныстырып, магистрант екенін, болашақта Ақтөбенің күйеу баласы болуға дайындалып жүргенін айтқан жігіт былай деді: «Сіздің ойыңызша, күйеу бала қандай болуы керек? Басшылық қызметтегі адамның бойында болуы керек басты 5 қасиетті айтып беріңізші». Бұл сұраққа Бердібек Сапарбаев: «Күйеу бала сүйген жарына ең алдымен адал болуы керек. Екеуі үйленбей тұрып айтқан уәдесін орындап, сөзінен айнымауы қажет. Сосын екі жақтың да ата-анасына бірдей қарауы тиіс. Ал басшыға келсек, оның білімді, тәрбиелі, адал, халыққа жақын болғаны дұрыс. Ең бастысы, адамгершілігі мол болуы керек. Қай істе болсын, адами қасиеттерден аттамағаны құптарлық», — деп жауап берді. Қыз-жігіттердің де күткені осы болса керек, әлгі жауаптан кейін олар ұзақ қол соқты, Ақтөбеден қыз алғалы отырған қатысушы да алғысын жеткізді.

Ал болашақ журналист Фархат Қаналы бүгінде облыстың өркендеуіне қажетті мамандықтарды жоғары оқу орындарында игеріп жатқан, бірақ белгілі бір себептермен мемлекеттік грантқа ілікпей қалғандарға билік тарапынан нақтылы көмектің қаншалықты болатынын сұрады. Бұған облыс әкімі келесі оқу жылынан бастап оларға қолдау болатынын айтып, бұл мәселені назарға алуды залда отырған жауапты маманға тапсырды.

Жасарал есімді жігіт, өзінің Әйтеке би ауданынан екенін айтып, артынша ауыл-аймақтарда былай тұрсын, облыс орталығының өзінде қазақ күресімен айналысуға арналған мектептердің талапқа сай еместігін жеткізді. Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің күн тәртібінде екенін, қазіргі күні 3 ауданда ғана барлығы қамтылған спорт кешенінің барын айтты. Ол алдағы жылы Ақтөбеде жекпе-жек орталығы пайдалануға берілетінін, оның соңы бұл болмайтынына сендірді.

Тағы бір студент жергілікті жерде қайырымдылық қорларының аты ғана барын, шындыққа келгенде олардың жұмысы қағаздағыдай еместігін айтып, осы жайтқа байланысты алаңдап жүргенін ортаға салды. Іле-шала көп ұзамай барлық қайырымдылық қорлары жетекшілерімен кездесу өткізілетіні, бұл жан-жақты қаралатыны белгілі болды.

Елордада білім алып жүрген Ернар Ұланов қаладағы жолдардың жағдайы адам төзгісіз екенін, бұның бәрі мердігер мекемелердің салғырт жұмысының салдары екенін айтып қосты. ЖШС басшылары, кәсіпкерлерлерді жолдарды жөндеуге міндеттеу керектігін облыс әкімі істің заң талаптарына сай істелуі керектігін, сөйте тұра, тендерді бөлу жайына ерекше мән берілетінін айтты.

Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті Назерке Сайлауованы алдағы уақытта Ақтөбенің ақпарат орталығына қаншалықты айнала алатындағы қызықтырды. «Бәрі өндіріске, экономикаға байланысты. Егер аталған салалар өте жақсы дамыса, әбден болуы мүмкін. Анығы, ақтөбелік журналистердің кәсіби деңгейі, басқа өңірлердегі әріптестерімен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары. Бұны мен тәжірибесі мол адам ретінде айта аламын», — деп жауап берді Б.Сапарбаев.

Оқу-ілім, тұрмыстың түйткілдері, болашақ туралы сөз қозғалған жиында Айдана есімді студент Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендеріндегі қауіпсіздіктің қандай екені жөнінде білгісі келетінін айтты. Бердібек Машбекұлы: «Бұл жаздағы оқиғадан кейін біздің жіті назарымызға алынды. Қазіргі таңда қауіпсіздік қызметі күшейтілді. Құзырлы органдарға осыған қатысты өзіміздің арыз-тілектерімізді де айтып жатырмыз», — деді.

Басқосуды түйіндеген облыс басшысы жастарға өз бұйымтайын да айтпай қалмады.

— Өздеріңіз білесіздер, алдымызда Ақтөбедегі халықтың санын миллионға жеткізу міндеті тұр. Оған қалай жетеміз? Әрине, сіздердей жерлестер дипломын алған соң ауылға оралып, оған атсалысуы қажет. Осында оқыған білімдеріңізді Ақтөбенің дамуына қоссаңыздар, біз сіздерді қашанда қолдаймыз. Жас, білімді кадрлар орталық қалаларға ғана емес, Ақтөбеге де керек қой. Сондықтан өздеріңіздің елдеріңізді ұмытпаңыздар, туған жерлеріңіз сіздерді күтеді, — деген Бердібек Машбекұлы жиналғандармен суретке түсіп, кең зал ұсынған Еуразия ұлттық университеті басшылығына естелік-сыйлықты табыс етті.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button