Басты жаңалықтарЖастар

Ақтөбе жастарды күтеді!

Астанадағы Назарбаев университетінің студенттерімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастарды оқу бітірген соң Ақтөбені көркейтуге шақырды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына арналған Астанадағы Ақтөбе күндері аясында өңір басшысы  Назарбаев университетінде оқып жатқан студенттермен кездесті. Жастарды аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырып, пікір алысты, сұрақтарға жауап берді. Қазір Астананың жоғары оқу орындарында 700-ге жуық ақтөбелік оқып жатыр, оның 168-і Назарбаев университетінің студенттері.

— Мемлекет басшысының тікелей ұйытқы болуымен ашылған Назарбаев университеті — елдегі ең мықты оқу орындарының бірі. Осында ақтөбелік жастардың оқып жатқанына қуаныштымын. Сіздердің ең басты міндеттеріңіз —жақсы білім алу, жақсы адам болу. Егер сіздер мықты болсаңыздар, елді алға сүйресеңіздер, біз әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына тез енеміз. Мемлекет басшысы да біздің жастардың дамыған елдердің жастарынан білім жағынан да, басқа тұрғыда да қалмау керектігін айтады. Сондықтан сіздердің жақсы оқып, білім алуларыңызға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Сіздер сол мүмкіндікті пайдалана білулеріңіз керек, — деді облыс әкімі.

Бұл кездесуде де өңір басшысы жастарды Ақтөбе облысының әлеуметтік-эккономикалық дамуымен таныстырды. Әлемдік нарықтағы кейбір құнды металдардың, мұнайдың бағасының түсіп кетуіне қарамастан, өңірде экономикалық көрсеткіштер тұрақты. Алыс елді мекендерді ауызсумен, сапалы жолмен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері айтылды.

— 2020 жылға қарай облыс 98 пайыз көгілдір отынмен қамтылады. Алдағы аптада Ойыл, одан кейін Ырғызға газ барады. Тұрғындарды баспанамен қамту барысында да іргелі жұмыстар жасалып жатыр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бәйтерек» холдингінің  қаржыландыруымен жыл аяғына дейін ең кемінде 580 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның 27 пайызы Ақтөбе жастарына тиесілі. Жастарға барынша жағдай жасалып жатыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 274 жас маман ауылға барды, оларға көтермеақы, тұрғын үй берілді. Жастардың жұмыспен қамтылуына да барынша көңіл бөлініп отыр. «Жасыл ел» бағдарламасы бұрын жылына екі рет жүргізілетін болса, енді жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін болды. Осы мақсатта 350 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазір бес мыңға жуық жас осы бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл олардың уақытты тиімді әрі қызықты өткізуге септігін тигізеді, — деді Б.Сапарбаев.

Жастардың уақытын тиімді өткізу  үшін мәдени, спорттық мекемелерді көбейтуге көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 2017-2018 жылдары аудан орталықтарының барлығында жабық спорт нысандары салынбақ. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында Ақтөбеде Жастар сарайы,  жекпе-жек орталығы, өлкетану музейі салынып жатыр. Биыл желтоқсан айында хоккей модулі, алдағы жылы Мұз сарайы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жастардың ғылыммен айналысуы үшін Жас ғалымдар кеңесі құрылды, «Ақтөбе жастары» атты ұйым да жұмыс істеп жатыр.

— Осының барлығының бір ғана мақсаты бар — жақсы, білімді, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу. Сіздер мықты болуларыңыз керек. Теріс дінге ермеңіздер, ұл-қыздарымыз тәрбиелі болуы керек. Қазақ қыздарының шаштасып төбелескенін, оны қазақтың жігіттерінің қызықтап, түсіріп алып, оны интернетке жүктеп, мәз болғанын қашан көрдіңіздер? Ондай бізде бұрын болған жоқ. Елдің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сіздерді тәрбиелеп өсірген елді, жерді ұмытпау керек. Оқуды бітірген соң Ақтөбеге келіңіздер. Жақсы маман боламын десеңіздер, алдымен кішкентайдан, ауылдан бастау керек. Сондықтан сіздерді Ақтөбе күтеді, келіңіздер, — деді облыс әкімі.

Жастар әкімге бірқатар сұрақ қойды. Университеттің 4-курсында оқып жатқан Сағыныш Байтұрсынов «Ақтөбе» футбол командасының тағдырына алаңдайтынын айтты.

— Футбол командасында өзіміздің жергілікті балалар болуы керек. Айына мыңдаған евро алып, екі-үш гол ғана соғатын легионерді ұстамауымыз керек. Әзірге командада Ресейден, Африкадан келген екі легионер ғана бар. Футболды қолдаймыз. Қазір аудандарда футбол орталығының филиалдары жұмыс істеп жатыр. Бұйырса, өз балаларымыздың арасынан мықты футболшылар шығады, — деді облыс әкімі.

4-курс студенті, студент үкіметінің президенті Дәурен Есхан жастардың туған жерге барғысы келетінін, алайда жұмыс мәселесіне көбірек алаңдайтынын айтты. «Біз Ақтөбедегі кәсіпорындардың, өндіріс орындарының қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көрсек деп едік, сондықтан осындағы жастар Ақтөбеге барып, ірі кәсіпорындарға экскурсия жасасақ дұрыс болар еді», — деді. Аймақ басшысы «президенттің» айтқанын қолдады: алдағы уақытта жастар Ақтөбеге ірі кәсіпорындарға, өндіріс орындарына келетін болды, Ақтөбедегі жүріп-тұру, орналасуын жергілікті билік өз қолына алады.

«Жақсы әкім болу үшін, мықты менеджер болу үшін не істеу керек?» дейді Дәурен Есхан.

«Ол үшін ерінбей еңбек ету керек, білімді болу керек, адамгершілікті жоғалтпау керек, өтірік айтпауы керек, халыққа жақын болу керек. Осы қасиеттер болса, жаман әкім болмайсың», — деді Б.Сапарбаев.

Жастар білім саласына да, әсіресе, орта мектептердегі білім саласына көбірек көңіл бөлуді сұрады.

— Мен Ақтөбедегі қарапайым мектептердің бірінде оқыдым. Қарапайым мектептерде оқушылардың толыққанды білім алуына  көңілім толмайды. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейлері жоғары оқу орындарының оқытушыларымен тығыз жұмыс істейді. Басқа мектептерде ол жоқ. Мәселен, мен университеттерге сондай мамандарды өзім іздеп барып, сабақ алып жүрдім. Осыны қолға алсаңыз, — дейді үшінші курста оқып жүрген Аида.

— Ал мені Ақтөбе облысының ЭКСПО-ға қалай үлес қосатыны қызықтырады, — дейді Қуаныш Айшыбеков.

— Медицина саласындағы қызмет көрсету сапасы нашар. Ақтөбеде каникулда жүргенімде денсаулық жағдайыма байланысты бір ай бойы медициналық мекемелерді аралаумен болдым. Бірақ осы бір айда ем алудың орнына қағаздармен ғана ары-бері шапқылап жүрдім, — дейді 1-курс студенті Зарина Серікболатова.

— Мен Ақтөбеде Стартап орталығын ашқым келеді. Соған қолдау көрсетесіз бе? — дейді Нұрсұлтан дейтін жігіт.

Жастар сондай-ақ ғылымның дамуы, мемлекеттік тілді дамыту мәселелері төңірегіндегі сұрақтар да болды. Аймақ басшысы әр сұраққа ыждағаттылықпен жауап беріп, жастардың әр ұсынысын қолдайтындығын, облыстық жастар ісі жөніндегі басқармамен бірлесіп, айтылған ұсыныстарды жүзеге асыратынын айтты.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button