Жастар

Жастар пікірсайысқа түсті

Турнир

 Сенбі күні Қазақ-орыс халықаралық университетінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту» тақырыбында қалалық пікірсайыс турнирі өтті.

Шараның мақсаты — жастар арасында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын насихаттау, мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу.

Турнирге Ақтөбе қаласындағы орта білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерінен құралған 66 команда қатысты.

Барлығы 120-дан астам үміткер сынға түсті. 5 кезең бойынша өзара пікір таластырған командалар арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Заман біздікі» пікірсайыс клубы (мүшелері — А.Оразалин, А.Жақыпова) мен №9 мектеп-гимназияның «Sunny girls» орыс фракциясы (мүшелері — К.Нұржанова, О.Ситко) Гран-приді жеңіп алды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына қатысқан облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ернұр Бурахан мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Қайрат Сұлтаналин жеңімпаздарға облыс әкімінің кубогі мен естелік сыйлықтар табыстады.

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айткүл Сәлімжанқызының айтуынша, мұндай шаралар белсенді жастардың қатарын толықтырумен қатар, оларды мәдениетті, қазақ тілінде еркін сөйлеуге, шешендік өнерді меңгеріп, көшбасшы болуға тәрбиелейді.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button