Әлеумет

Шартарап

Тұщы су мен ащы су…

Әлем жыл сайын «жылынып» келеді. Бұл — жақсылық емес. Бүкіләлемдік климат өзгерісінің қарқыны тоқтамаса, таяу жылдарда адамзат баласы ауыз су тапшылығы проблемасымен бетпе-бет келмек.

Жуырда АҚШ Сенатының қоршаған орта проблемалары жөніндегі комиссиясы отырысында Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Дэннис Блэр осындай мәлімдеме жасады. Барлау басқармасы сарапшыларының пікірінше, таяу уақытта ауыз су адамзат үшін ең қымбат, ең тапшы дүниеге айналу қаупі бар. Сөйтіп Дэннис Блэр болжамынша, енді бүкіл адамзат баласы араласатындай қарулы қақтығыс туа қалса, ең алдымен тұщы су көздері үшін таластан тумақ. Су тапшылығынан ерекше зардап шегетіндер қатарында Үндістан, Қытай, Пәкістан елдері аталды. Ал АҚШ, Ресей мен Канада арасында мұзы еріген Арктиканы игеру барысында жанжал тууы мүмкін…

Әрине, үшінші дүниежүзілік соғыстың бетін аулақ қылсын. Әйткенмен, Жер бетінің жыл өткен сайын жылынып, ауа райының өзгеріп отырғаны — белгілі жайт. Соңғы 100 жылда Жер беті  Цельсий бойынша 0,75 градусқа жылыған. Бұл — әлем бойынша орташа көрсеткіш. Ал біздің көршіміз Ресейде соңғы бір ғасыр уақыт ішінде температура 1, 29 градусқа көтерілген. Орыс ғалымдарының жорамалына сенсек, жақын жылдарда жылыну процесінің қарқыны тіпті жоғары болмақ. Ресейде алдағы он жыл ішінде ауаның орташа температурасы тағы 5 градусқа көтеріледі.

Ауа райының жылынуы салдарынан, әлемдік мұхит деңгейі өткен ғасырда 17 сантиметрге көтерілген. Қазір әр жыл сайын орта есеппен 3 миллиметрге көтеріліп келеді. Әсіресе, Австралияның батыс жағалауында бұл көрсеткіш өте жоғары — 8, 6 миллиметр. Құрлық тұрғындарының 80 пайызы мекен етіп отырған батыс жағалаудың осы ғасыр ішінде су астында қалу қаупі бар. Сондай-ақ зерттеушілер ХХІ ғасыр соңында Венеция қаласы толығымен су астында қалады деп мәлімдеп отыр. Әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуінен Ресей де зардап шегеді: Санкт-Петербург қаласының, Архангельск пен Мурманскінің біраз бөлігін су басады.

Жердің жылынуы біздің ғаламшарымызды қоршап тұрған ауа қабатында көмірқышқыл, метан және азот тотығы сынды газдар мөлшерінің күрт көбеюінен болып отыр. Ал бұл газдар мөлшерінің артуы өндірістің, өнеркәсіптің дамуына байланысты екені белгілі. Экологтарға сенер болсақ, атмосфераны зиянды газдармен ластау жағынан АҚШ, Ресей сынды өнеркәсібі дамыған мемлекеттер басқалардан алда келеді. Мысалы, әлем бойынша атмосфераны ластап жатқан зиянды газдардың 30 пайызы — АҚШ-тың, ал 13 пайызы Ресейдің «үлесі» болып табылады.

Кім қайырымсыз?

Өткен аптада Ресей астанасында ашылған көрмелердің бірінде жұрт алдында сөз сөйлеген Мәскеу мэрі Юрий Лужков бүгінде Лондонда тұрып жатқан ресейлік бизнесмен Роман Абрамович жөнінде жағымсыз пікір білдірді.

Абрамовичтің кезінде «Челси» клубын сатып алғанын еске сала отырып, Лужков: «… ондай «жақсылықтың» жұртқа ешқандай берері жоқ. Бұлайша өзі үшін, өзінің

жеке мүддесі үшін жақсылық істеу — орыс табиғатымен үйлеспейтін қасиет» — деп саналады. Одан әрі тарихқа үңіліп, Ресейде бір кездері өз байлығын пайдаланып, шіркеулер тұрғызып, қарапайым адамдарға, жетім-жесірлерге көп көмек көрсеткен Демидов, Морозов сынды байлардың болғанын айтыпты. Одан соң Мәскеу мэрінің толғанысы тіпті тереңдеп, өз қара басын ғана ойлау Батыстан «жұққан» ауру екенін атап өтіп, «Батыс капитализмді әркім өз басы үшін ғана жанталасатын джунгли санайды. Бірақ бұл  — Ресей үшін жат түсінік», — деп аяқтапты сөзін.

Жиналғандар оған жабыла қол соққан. Сол жерде тұрған Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл де бұл сөзге ризашылығын жеткізеді. «Юрий Лужков өте дұрыс және қажет әңгімені қозғады», — депті дінбасы.

Осының бәрі дереу Абрамовичке жетіп, ол The Daily Telegraph газеті арқылы Лужков пен патриарх Кириллдің «сыбағасын» беріп отыр.

Өзінің жыл сайын миллиондаған доллар қаржыны қайырымдылыққа жұмсап, сол ісіне еш жарнама жасамай келе жатқанын айта отырып, ол Лужков пен патриархтың да «кедейлер» қатарынан емес екенін жұрт есіне салып, алдымен өздеріне қарап алсын дегендей қылады. Оның сөзіне қарағанда, Лужковтың әйелі — Ресейдегі ең бай әйел, ал патриарх Кириллдің қолында құны ондаған мың доллар тұратын швейцар сағаты жүрген көрінеді.

Арақтан құтылу үшін,

арнайы сайт ашты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуіне сай, егер қандай да бір елде жыл сайын, жан басына шаққанда, 6 литрден көп алкоголь тұтынылатын болса — ол ел халқының денсаулығына үлкен қатер төніп тұрғаны…

Ал Эстонияда жыл сайын жан басына шаққанда 11,9 литр алкоголь тұтынылады екен. Бұл көрсеткіш статистика департаменті мәліметтері мен дүкендер және жеке адамдар арасында жүргізілген сауалнамалар негізінде алынған.

12 литр таза алкоголь дегеніңіз — 30 литр арақ, 260 литр сыра (4,6%) немесе 100 литр шарап (12 %) …

2000 жылы Эстонияда жан басына шаққанда жылына 7,6 литр таза алкоголь тұтынылған. Осы көрсеткіш жыл сайын өсе келіп, қазіргі нәтиже міне — 12 литр. Жалпы, эстондар ішімдікке салыну жөнінен Еуропада чехтардан кейінгі «екінші» орынға шығыпты.

Эстон үкіметін осы жағдай қатты алаңдатып отыр. Эстонияның денсаулық сақтау саласын дамыту институты тұрғындарды түрлі ақпараттармен қамтуды алкоголизмге қарсы күрестің бір тармағы ретінде қарап, арнайы сайт ашты. Арнайы сайт арқылы жұртшылыққа алкогольдың зияны, оны тұтынуды азайту жолдары жөніндегі дәрігерлер кеңесін жеткізумен қатар, осы мәселе төңірегінде адамдардың бір-бірімен пікір алмасуына да мүмкіндік туғызылмақ.

Соңғы кезде ішімдікке қарсы күрес жүргізу жөнінде жекелеген елдер басшылары ғана емес, ДДСҰ мамандары да жиі айта бастады.

ДДСҰ қазір мемлекеттер басшыларын тұрғындарға алкогольдың зияны жөніндегі ақпараттарды неғұрлым көбірек жеткізу жолдарын қарастыруға, алкогольды ішімдіктерді тұтынуға қарсы ұлттық стратегиялар мен бағдарламалар әзірлеуге, сондай-ақ алкогольды жарнамалауға тыйым салу, оның бағасын қымбаттату секілді шараларды қолға алуға шақырып отыр. Ал алдағы жылдың мамыр айында өтетін ДДСҰ ассамблеясында кеңінен талқыланатын мәселелердің бірі осы — алкогольды ішімдіктерді тұтынуды азайту болмақ.

Әйелдерді спид құртып отыр

Бүгінде әйелдер ер адамдарға қарағанда 6-8 жыл артық өмір сүреді.

Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әйелдер денсаулығын қорғау мәселелеріне арналған баяндамасы жарияланды. Баяндамада бүгінде әлем бойынша әйелдердің өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші, ер адамдармен салыстырғанда, 6-8 жылға артық екені айтыла отырып, әйткенмен кейбір Азия және Африка елдерінде әйелдер арасында өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары екені атап көрсетілген.

ДДСҰ мәліметтері бойынша, бала тууға қабілетті жастағы (15-45 жас) әйелдер арасында өлім-жітімнің басты себебі жұқтырылған иммунитет жетіспеушілігі синдромы (СПИД) болып отыр. Аталмыш ұйымның бас директоры Маргарет Ченнің айтуынша, бұл жағдай, әсіресе, Африка елдеріне қатысты. Сахарадан оңтүстікке қарай жатқан Африка елдерінде 20-60 жас аралығындағы әйелдер үшін өмірден ерте кету қаупі 42 пайыз болып табылады. Бұл — Еуропа елдерінің ортақ көрсеткішінен 7 есе жоғары көрсеткіш.

Өмірге ұрпақ әкелуге қабілетті жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің келесі бір негізгі себебі — жүктілік және босану кезіндегі асқынулар. Осындай асқынулардан әлемде жыл сайын жарты миллион әйел көз жұмады екен. Соның 99 пайызы — экономикасы жағынан артта қалған елдер тұрғындары.

Әйелдер арасындағы өлім-жітім көрсеткішінің жоғарылауына туберкулез, жатыр қатерлі ісігі дерттерінің, өзін-өзі өлтіру мен бақытсыз жағдайлардың да «үлесі» аз емес көрінеді.

Маргарет Чен әйелдер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші, әсіресе, әйелдерді әлі де екінші сортты санайтын аймақтарда жоғары деген пікір айтады. Ол осыған орай  ДДСҰ-ның дамушы елдерде әйелдер құқығын қорғау мақсатында нақты шараларды жүзеге асырмақ ниетін әйгіледі.

Дағдарысты опа-далаппен жеңеміз!

Дағдарыс жағдайында экономиканың басқа саларындай емес, косметикалық бұйымдар саудасы өсіп-өркендеп отыр.

2007-2008 жылдардағы Ұлыбритания косметикалық рыногындағы жағдайға талдау жасаған Mintel зерттеу компаниясы осындай ұйғарым жасаған.

Mintel компаниясы мәліметтеріне сай, аталған екі жыл ішінде Ұлыбританияда косметика нарығы 7,4 пайызға өскен. Соның ішінде теріні күту үшін пайдаланылатын заттар саудасының көлемі 6,7 пайызға, иіс сулар саудасы 4,6 пайызға артқан.

Зерттеушілердің айтуынша, бүгінде жасы 25-34 жас аралығындағы, табысы орташа британ әйелінің әрқайсысының сөмкесінде құны шамамен 120 доллар болатын косметикалық заттар жүр.

Жалпы, дағдарыс кезінде косметикалық заттарға деген сұраныстың артуы бір бұл ғана емес, 1930 жылдардағы Ұлы Депрессия кезінде де дәл осындай жағдай белең алған. Кейін бұл жағдайға әлеуметтанушылар «далап факторы» деген айдар да таққан.

«Дағдарыс кезінде әйелдердің неғұрлым әдемі көрінуге деген талпынысы түсінікті, өйткені олар әдемі болуды жұмысқа тұрудың, табыстың кепілі деп біледі» — дейді зерттеушілер.

Сондай-ақ зерттеушілер экономикалық дағдарыс кезінде әйелдердің қызыл түсті киімдерге көбірек ұмтылатынын анықтапты.

Ұлыбританиялықтар өздерін экономикалық дағдарыстан ең көп зардап шеккендер қатарына жатқызады. Өйткені бұл елдің экономикасы АҚШ экономикасымен тығыз байланысты. Үстіміздегі жылдың қазан айында Ұлыбританияның 1955 жылдан санағанда ең ұзақ экономикалық құлдырауға ұшырап отырғаны жария етілді.

Салық азайтылды…

Германия үкіметі дағдарысты жеңу жолы — салықты азайту деп шешкен.

Германия үкіметі дағдарысқа байланысты экономиканың бірқатар салалары бойынша қосымша құн салығын 19 пайыздан 7 пайызға азайтуға шешім қабылдады. Мысалы, бүгінде бұл елде мейманханалар үлкен қиындыққа ұшырап отырған көрінеді. Үкімет оларға көмек ретінде салық мөлшерін азайтып отыр. Сондай-ақ биоотын үшін пайдаланылатын өсімдік түрлерін өсірумен шұғылданатын фермерлерге де жеңілдіктер қарастырылған.

Салыққа қатысты жеңілдіктер жекелеген адамдарға да жасалмақ. Мысалы, мұраға ие болғаны үшін салынатын салық мөлшері азайтылып отыр, т.б.

Үкімет жұрт салықтан үнемдеген ақшаны дүкендер, басқа да сауда орындарына жұмсайды, ал өз кезегінде бұл бөлшек сауда саласына қолдау болады деп үміт етеді.

Мамандардың есептеуі бойынша, салық мөлшерін төмендетуге байланысты Германия мемлекетінің қазынасы 2010 жылы 6,1 миллиард еуроға ортаймақ. Соған қарамастан бұл елде алдағы жылы балалар үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін өсіру көзделіп отыр. Атап айтқанда, алдағы жылы тұрмысы төмен отбасыларға әр бала үшін ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері 20 еуроға өседі. Ал әр балаға берілетін жылдық жәрдемақы көлемі бүгінде 6024 еуро болса, алдағы жылы 7008 еуроға жеткізілмек.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button