Әлеумет

90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары

…Біз соғысқа қатысқан Әлияны, Мәншүкті білеміз. Сонан соң әуеден дұшпанының зәре-құтын қашырған Хиуазды… Қазақстанның өзінен Ұлы Отан соғысына мыңдаған қыз-келіншек қатысты. Оларға келгенде тіліміз күрмеле береді. Дерек аз, зерттеу жоқтың қасы…

«Қос шынар» қоғамдық қорының басшысы Ғалымжан Байдербес «соғыс жылдарында Шалқар ауданынан ғана 40 қыз майданға аттаныпты» дегенді айтып жүретін. Қолында нақтылайтын құжаты болмағандықтан мән бермегенмін. Жақында сүйінші сұрап, редакцияға арнайы келді. Қазақта «Түйе сұрасаң бие береді» деген сөз бар. Бұл жолы керісінше болыпты. 40 қыз іздеп жүрген Ғалымжан ағамызға соғыс жылдарында Шалқар ауданынан әскерге шақырылған 90 қыз-келіншектің тізімін жіберіпті.

— Бұлардың қайсысы туралы дерек бар? — деймін сенер-сенбесімді білмей. Ғалекең масаттанып қолыма өзіміздің газеттің 2005 жылдың 24 қарашасында шыққан санын ұсынды. Индира әріптесім жазған «Әлияның құрбылары» атты шағын мақала екен. Мұнда тоқсанның екеуі туралы дерек беріліпті. Оқи бастадым: «Қолымызға көне сурет түсті. Ұлы Отан соғысынан қалған сурет. Суретте — әскери киім киген өрімдей жас қазақ қыздары. Жеті қыз. Сырт жағында сарғайып өшуге айналған жазу бар. Ол жетеуінің аты-жөндері екен: Тайлақова Бәтима, Оразбағамбетова Бағдагүл, Есқожина Шынбөпе, Әжібаева Қазына, Көпенова Күміс, Дәметова Сапура, Көптілеуова Қожабике…»

Осылардың ішінде Шынбөпе Есқожина мен Бәтима Тайлақованың аттары тізімде жүр. Олар кім болды екен деген ой дегбірімді алып, ары қарай оқыдым: «Бұл суретті бізге сол жеті жауынгердің бірі, бүгінде дүниеден өткен Шынбөпе Есқожинаның қызы — Жұмағайша Алдабергенқызы көрсетті.

…Шынбөпе Есқожина 1923 жылы Шалқар ауданындағы Қотыртас стансасында дүниеге келіпті. Әкесі дін жолындағы адам екен, 1937 жылы халық жауы ретінде атылыпты. Он сегіздегі қыздың Шалқар аудандық әскери комиссариатына майданға аттануға тілек білдіргендегі ішкі мақсаты әке есімін ақтау болған. Сөйтіп, еті тірі, сауатты қыз көп ұзамай майданға аттанған».

Шынбөпе Есқожина авиаполк құрамында болыпты. Сталинград түбіндегі, Курск доғасындағы ұрыстарға қатысқан. Авиаполк құрамында олар ұшақтарға бомба тиеген. 1945 жылы олардың полкі Квантун армиясына қарсы, Шығыс майданға жіберіліпті. Сол жақта өмірлік жары Алдаберген Жарылғапұлын кездестіріпті…

Ал Бәтима Тайлақова туралы мардымсыз ғана айтылады. «Жұмағайша айтады:

— …Айтпақшы, мына суреттегі қыздардың бірі — Бәтима Тайлақованы осы Ақтөбеден кездестірдік. «Дельфин» бассейнінде жұмыс істеп, кейін зейнеткерлік демалысқа шығыпты. Омбыдан анам маған қонаққа келгенде, екеуі кездесіп, мәре-сәре болушы еді. Бәтима апай анамнан бұрынырақ дүниеден өтті».

«Қызы батыр ел — ұлы ел» деген сөзді ұранына айналдырып, ерлік көрсеткен әйел баласын тапса індетпей қоймайтын Ғалекең қоржынына 90 бірдей қыз түсіп мәз.

— Енді осы тізімді газетке жариялау керек, қалған қыздардың да деректері шығып қалар, — дейді айтса қайтпайтын мінезіне басып.

— Мұны қайдан алдыңыз, — деймін, мен де оңай берілгім келмей. Алдыма Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жауап хатын тастады.

«Құрметті Байдербес мырза!» — деп басталыпты.

— Байдербес мырза қайтыс болмап па еді, «Ғалымжан мырза» демей ме? — деймін қашанғы әзілдейтін әдетіммен.

— Сендер, журналистер, сөз термесеңдер жүре алмайсыңдар, ары қарай оқы!

«Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мұрағаттық есепке тіркеу бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде Шалқар ауданынан 90 (тоқсан) әйел шақырылған, бірақ өкінішке орай, сіз сұрап отырған 40 (қырық) қыз туралы ешқандай деректер жоқ.

Қоса тіркелді: Ақтөбе облысы Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ҰОС кезінде шақырылған әйелдер тізімі — 3 бетте.»

№№ Аты-жөні, тегі Туған жылы Шақырылған жылы, күні

1

2

3

4

Анненкова Вера Федоровна 1918 10.06.1942
Акжигитова Нурия 1921 10.06.1942
Ашуркова Валентина 1921 20.07.1942
Анненкова Любовь Филипповна 1922 20.07.1942
Аубекова Буппе 1921 20.07.1942
Беляева Надежда Димитровна 1923 29.09.1942
Бакмаева Зоя 1923 4.05.1942
Байхузина Сания 1921 4.05.1942
Бугаева Екатерина 1921 20.06.1942
10. Борисова Антонина 1923 14.12.1942
11. Баекакова О.М. 1915 26.12.1942
12. Борзинкова Валентина Ивановна 1923 4.05.1942
13. Буденная Галина 1919 4.05.1942
14. Баржиевская София 1923 4.05.1942
15. Байкузина Софья 1921 4.05.1942
16. Горшкова Мария Яковлевна 1922 20.06.1942
17. Горбунова Татьяна 1922 4.05.1942
18. Дорофеева Анна 1921 10.06.1942
19. Жилкубаева Аккан 1923 20.07.1942
20. Искужина Шинбута 1923 4.05.1942
21. Ирниязова Урю 1923 20.04.1942
22. Кузнецова Тамара Ивановна 1919 23.01.1943
23. Калашникова Елизавета 1922 23.01.1943
24. Кунратбаева З 1924 28.02.1942
25. Квасникова Тамара 1923 4.05.1942
26. Коновалова Н.А. 1923 4.05.1942
27. Когутовская Тамара 1924 4.05.1942
28. Коликова Нина Ивановна 1924 4.05.1942
29. Казахная Надя 1924 4.05.1942
30. Крутикова Елена 1922 4.05.1942
31. Канаржаева З 1924 2.01.1942
32. Колодкина Раиса 1916 10.06.1942
33. Кулешева Анна 1922 10.06.1942
34. Князбаева Камажай 1923 20.06.1942
35. Крестьянникова Анастасия 1918 20.06.1942
36. Какаулина Е 1920 20.06.1942
37. Канава Клавдия С 1923 4.05.1942
38. Коковалова Анна А 1923 4.05.1942
39. Клеван Анна Ивановна 1916 4.05.1942
40. Кыутовская Тамар 1919 4.05.1942
41. Крутикова Анна 1922 4.05.1942
42. Кузнецова Екатерина Григорьевна 1929 20.07.1942
43. Калниникова Нина Ивановна 1924 20.04.1942
44. Казарская Надежда 1924 20.07.1942
45. Тоня Кина, Мария Андреевна 1920 23.01.1943
46. Мамарбаева Турсан 1922 2.02.1943
47. Малинина  А.В. 1922 14.12.1942
48. Макарова Вера Александрова 1923 14.12.1942
49. Мендибаева Зия 1907 14.12.1942
50. Мухаметярова Кавир 1919 4.05.1942
51. Мендыббаева Зоя 1917 4.05.1942
52. Малинина А.В. 1922 10.06.1942
53. Малкова Мария Петровна 1923 20.06.1942
54. Макарова Вера Николаевна 1923 20.06.1942
55. Мощенко Тамара 1919 4.05.1942
56. Мухаметярова Мурзав 1919 20.09.1942
57. Муухамадеева Фариза 1921 Шақырылғандар тізімінде бар, бірақ аттандырылғандар тізімінде жоқ.
58. Недуева Клавдия Васильевна 1917 14.12.1942
59. Нечетайлова В.А. 1921 4.05.1942
60. Неровнова А.А. 1923 4.05.1942
61. Ньдуева Клавдия Васильевна 1917 10.07.1942
62. Нечетайлова  Нина А. 1927 20.07.1942
63. Неровнова Антонина А. 1923 20.07.1942
64. Телехвии Мария Павловна 1923 23.01.1943
65. Тотапопова Елд. Александровна 1922 2.02.1943
66. Полутина А.В. 1923 20.12.1942
67. Прохорова Зоя 1923 10.06.1942
68. Полутина Альфа Васильевна 1923 20.07.1942
69. Резвова София Андреевна 1922 21.11.1942
70. Русанова Шура 1923 14.12.1942
71. Резванова Ф.Г. 1923 4.05.1942
72. Рожкова Мария Ивановна 1922 2.06.1942
73. Русанова Александра 1923 20.06.1942
74. Резванова Проса 1923 4.05.1942
75. Сорокина Ольга 1917 4.05.1942
76. Соколова Вера Т. 1922 4.05.1942
77. Саулебаева Жимбат 1922 20.07.1942
78. Старкова Анна Николаевна 1923 20.06.1942
79. Тутаева Т. 1921 20.06.1942
80. Тиханова Т.А. 1918 20.06.1942
81. Трофимова Зоя Васильевна 1922 4.05.1942
82. Таплокова Г. 1923 4.05.1942
83. Тайлакова Фатима 1923 20.07.1942
84. Филиппова Вера Сергеевна 1918 14.12.1942
85. Фрушина Равенка 1923 20.12.1942
86. Яшникова Ольга 1919 20.07.1942
87. Каленова Вера Никоповна 4.08.1941
88. Погораздова Нина Федоровна 1922 22.07.1942
89. Симонова Мария Михайловна 1922 2.07.1942
90. Целкунова Наталя Степановна 4.08.1941

Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор А. Кунратбаев (Қоңыратбаев болар, сірә) қол қойған, облыстық департамент бастығы Т.Еренчиев жолдаған тізімді мұқият қарап шықтық. Ішіндегі өзіміздің қаракөздеріміздің аты-жөні орысша таңбалағанда біршама өзгеріпті. Оларды қазақшалағанда осылай болатын шығар деп жобаладық. Тізімде екінші тұрған Акжитова Нурия. Нұрияның тегі Ақжігітова болуы ықтимал. Бұл біздің пікіріміз. Қалғандарын тізімде тұрған рет сандары бойынша береміз.

5. Аубекова Буппе — Әубекова Бөпе.

8. Байхузина Сания — Байғожина Сәния.

19. Жилкубаева Аккан — Жылқыбаева Аққан.

20. Искужина Шинбута — Есқожина Шынбөпе.

21. Ирниязова Урю — Ерниязова Үрия (Өрік те болуы мүмкін).

24. Кунратбаева З. — Қоңыратбаева З.

31. Канаржаева З. — Қанаржаева З.

34. Князбаева Камажай — Князбаева Қамажай.

46. Мамарбаева Турсан — Мамарбаева Тұрсын.

51. Мендыббаева Зия — Меңдібаева Зия.

56. Мухаметярова Мурзав — Мұхамедиярова Мырза.

77. Саулебаева Жимбат — Сәулебаева Жымбат (Сымбат әлде Қымбат болуы да мүмкін)

83. Тайлакова Фатима — Тайлақова Бәтима.

Қайталап айтамыз: қыздарымыздың аттарын жобалап қана қазақшаладық. Олардың аттары мүлде басқаша болуы да мүмкін. Өйткені «Шинбутаны» Шынбөпе деп кім ойлайды? Қызы табылғасын ғана анықталды.

Бұл тізімді жариялап отырғандағы мақсатымыз — соғыс жылдарында кестесін қаруға, орамалын пилоткаға өз еріктерімен айырбастаған ержүрек қыздарымыздан Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында бір дерек шығып қала ма деген үміт. «Ер етігімен қан кешкенде» қатарласа жүруге жараған «нашар балалар» қашан да болған. Ғалекеңнің «Қызы батыр ел — ұлы ел» деп жүргені сол. Ендеше, осы батыр қыздарды білетін жандар редакцияға хабарлассын.

Сәтжан ДӘРІБАЙ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. ел, жер тарихы дегенде есі кете мазасынан айырылатын Ғалымжан ағаны танимыз ғой. Шіркін, қазақтың барлығы осылай өткен-кеткеніне шырылдап жүрсе!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button