Әлеумет

5 теңге неге тапшы?

Ақтөбеде 5 теңге тапшы. Бұл «Автопарк» ЖШС қызметкерлері үшін қиындық келтіріп отыр. Себебі, аталған мекеме жұмысшылары кейде 5 теңгенің жоқтығына байланысты жолаушылардан 25 теңге үшін 20, 35 теңге үшін 30 теңге  алады екен.

Біз осы жөнінде нақтырақ білмек ниетпен құзырлы мекемелерге хабарласқан едік. Сонымен…

Ербол Әділов, «Автопарк» ЖШС директоры:

—  Бір жарым айдан бері 5 теңге тапшы. Бастапқыда 5 теңгенің аздығына байланысты жолаушылардан кем ақша алатындығын айтқан кондуктордың сөзіне сенер, сенбесімді білмегенмін. Тексеру нәтижесінде, расында, солай екеніне көз жеткіздім. Бір емес, бірнеше көлік жүргізушілері 5 теңгенің жетіспейтіндігін айтты. Бұл барлық  бағыттағы кондукторлардың «бас ауруына» айналды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған жоқ.

5 теңгенің «жоғалып» кетуі біздің жұмысымызға қиындық келтіріп отыр. Кейбір кондукторлар жолаушыдан жолақыны кем алады. Шығынға жұмыс істеу кімге де болсын жақсы емес. Ал жүргіншілерден 5 теңгені артық ала алмайсың. Бұл — бір.

Екіншіден, уақыт алады. Себебі, кейбір аялдамалардан жүргінші көп түседі. Сол кезде бәріне бірдей 5 теңгені тез тауып беру оңай емес. Ал бұл сол бағыттағы көліктің жұмыс жоспарына кедергі келтіреді. Әрі жолаушыларды бөгейді.

Ақтөбе қаласында 5 теңге тапшылығының себебін түсіндіріп беру жөнінде  біз қыркүйектің 29-ы күні «Ұлттық банктің» Ақтөбе филиалы директорының міндетін атқарушы Аманқос Өтебайға хат жіберген едік. Содан бері біраз уақыт өтті, дегенмен аталған мекеме жауап қайтарған жоқ.

Мәселені күрделендірмеу үшін біз өз бетімізше қамданып  жатырмыз. Күнде кешкісін қоғамдық көлік қозғалысы тоқтаған соң, 5 теңгелерді жинап, әр бағыттағы кондукторға 500-1000 теңгеден бөліп береміз.

Айта кету керек жайт, кейбір жолаушылар берешекті 1 теңгелерден қайтарса, шамданады. Тіпті, темір монеталарды кондукторлардың бетіне лақтырып жіберген  жағдай да болды. Ал бұл — сайып келгенде, ұлттық валютаны қорлау деген сөз. Ол үшін жүргінші заң алдында жауапқа тартылады. Бірақ мұны тұрғындардың барлығы бірдей түсіне бермейді.

Нұрберген Медетов, № 22 бағыттың кондукторы:

— 5 теңгенің аздығы жұмысқа әжептәуір қиындық келтіріп отыр. Соңғы кездері жолаушылардың барлығына бірдей 5 теңге қайтару мүмкін емес. Сондықтан амал жоқ жолаушылардан: «Кімде 5 теңге бар?» деп сұраймыз. Сөйтіп, салондағы жүргіншілермен ақша айырбас жасаймыз.

Айсәуле Аяғанова, қала тұрғыны:

— Ақтөбеде 5 теңгенің тапшылығы жолаушыларға қиын болды. Себебі, кондукторға жолақы үшін ақша беріп тұрсаң, «апа, 5 теңгеңіз бар ма?» дейді. Болмаса, салондағы жолаушылардан сұрайды. Сөйтіп, жүргіншілер сөмке ақтарып кетеді. Бұл жерде кондукторларды кінәламаймын. Бірақ қай бағытқа мінсең де, осы 5 теңгенің «жыры» бітпейді. Жолаушылардың бірқатары жұмысқа асығып бара жатады немесе жұмыстан шаршап келе жатады, міне, сол кезде кондукторлардың әрекеті жүргіншілердің наразылығын тудырып, ашуын келтіретіні рас.

Жұмабай Жандәулетов, «Ұлттық банк» Ақтөбе филиалының директоры:

— Былтыр тиындарды қайда жіберерімізді білмей дал болып едік. Енді таба алмай жатырмыз.

Негізі бұл мәселені шешуді «Автопарк» ЖШС бізге хат жолдамас бұрын қолға алдық. Жоғары жаққа 1-2 рет өтініш жаздық. Монета шығару оңай емес екені белгілі. 5 теңгенің тапшылығын шешу тікелей бізге байланысты шаруа емес. Шамамен бір айда бұл мәселе шешілуі мүмкін.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Гулжан ариптесим жаксы маселе котерипты. Ол кейбіреулер ушін усак-туйек болып коринуи мумкин, бирак, карапайым халык ушин проблема. Бул тек Бір Актььобедеги туындаган жай емес, Атырауда да осы маселеге коп бас ауыртады. Маселен бизде жол акысы 45 тенге  , кобине 40 немесе  50 тенге берип карап отырасын.
     

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button