Әлеумет

Үйіміз жылы бола ма?

Қаладағы тұрғын үйлердің жылы болуы ең алдымен «Трансэнерго» акционерлік қызметінің үйлесімді қызметіне байланысты екендігі белгілі. Сонымен, кезекті қыс тағы да есік қағып, төрге енуге қам жасап тұр.

Биыл үйлеріміз жылы бола ма?

Біз осы сауалды Ақтөбе қаласындағы «Трансэнерго» акционерлік қоғамы директорының бірінші орынбасары, кәсіпорынның бас инженері Олжас МЕКТЕПБАЕВҚА қойған едік.

Ол біздің тілшімізге акционерлік қоғамда атқарылып жатқан шаруалар аумағын былайша баяндап берді.

— Мемлекет Басшысының «Дағдарыстан — жаңару мен дамуға» Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған біраз қаржы қарастырылды. Жылу жүйесін жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен 816,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 184 миллион теңге бөлінді.

Бұл бағдарламаның әкімшісі «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ болып табылады. Аталмыш мекеме жұмысты жүргізу үшін жеті бірдей мердігерлік ұйыммен келісім-шартқа отырды.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 10,104 шақырымдық жылу желісін жөндеу 615,108 миллион теңгеге шықты. 12 километр жылу құбыры оралып, 3 бу қазандығының қондырғылары алмастырылды. Қарғалы селосындағы үш қазандық алмастырылып, химиялық су тазалау құралдары жөнделді.

Жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары тұтынушылардың жылуды тұрақты пайдалануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, істің сапасын қамтамасыз етеді, жылу жүйелерінің ақауын азайтады. Абай даңғылы, Парк, Қазанғап, Земледельческая көшелерінде жылу құбырлары жөнделді. Өкінішке қарай, 312-атқыштар дивизиясы даңғылында жер бетіндегі жылу құбырлары қаптамаларының түсті және қара металл ретінде ұрлануына байланысты жылу шығынына жол берілді. Құбыр қаптамаларының жоқтығына байланысты жыл сайын орта есеппен 23 652 Гкал жылу жоғалады немесе 34,1 миллион теңге шығын келтіріледі.

Бу қазандықтарын жөндеу жөніндегі жұмыстар тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Биылғы қысқы кезеңге әзірлік кезінде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қаланың 1978 адамы жұмыс орнымен қамтылды.

Сондай-ақ «Экономика салаларын дамыту» бағдарламасы бойынша 325,476 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Ал тарифте қаралған қаржы есебінен 117,2 миллион теңгеге 1,875 километр жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді.

Біздің қызметімізде жылу желілерімен қатар, тығынды арматура, элеватор жолдары секілді жоспарлы жұмыстар бар. Биыл 183,2 километр жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді, 79 элеватор торабы тексеруден өтті. 8 насос стансасы, 18 бу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті.

Міне, осының бәрі биылғы қысқы маусымға дайындық барысында атқарылған шаруалар. Бұның бәрі — біздің акционерлік қоғамға қатысты мәселе.
Ал енді тұрғындарға қатысты жайлар да бар. Ол — берілген жылу, ыссы су үшін төлемнің уақытында жасалмауы. Қала тұрғындары осыны ескерсе екен.

Инвестиция

Кәсіпкерлік қадамдары

Облыс орталығында кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау және инвестициялық ахуалды оңтайлы орнықтыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда.

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов бұл үрдістің жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтады.

Облыс экономикасын дамытуға үлес қосатын, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының іске қосылуына жол ашатын, халық қажеттіліктерін өтейтін бірнеше жаңа жобалар қазірдің өзінде халық игілігіне пайдалануға берілді. Солардың бірқатарының жай-жапсарын жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.

«Олжаға» кірсеңіз — олжалы шығасыз

Қаламыздағы жақсы жаңалықтың бірі — еңселі гипермаркет «Олжа» деп аталады. Осы атты таңдаушылардың өзі осында кірген тұтынушылар олжасыз шықпайды деп бағамдағанын айтады.

Ғазиза Жұбанова атындағы көшеде орналасқан бұл ғимарат құрылысы 2007 жылы басталды. Ал биылғы жаз айында пайдалануға берілді.Жобаны іске асыру және технологиялық құрылымдарын байыптау барысында Қазақстан, Ресей, Украина, Германия, АҚШ елдерінің мамандары үлес қосты. Игерілген инвестициялық қаржы мөлшері шамамен 1 миллиард 200 миллион теңге құрады.

Екі қабаттан тұратын гипермаркетте тұтынушылар үшін барлық жағдай ойластырылған. Жоғарғы қабатқа көтерілу траволатор арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ төтенше жағдайда қауіпсіздік шараларын қарастырудың бүкіл жай-жапсары ойластырылған.

«Олжа» гипермаркетінде екі жүзден астам адам жұмыс жасайды. Дүкенде ондаған кассалық терминалдар жұмыс істеп, келушілерге кідіртпей қызмет етуді жүзеге асыруда.

Қазіргі заман ағымына сәйкес, қандай да қолға алынған істің қаншалықты дәрежеде өзін ақтап шығатындығы ерекше ескеріледі. Бұл тұрғыдан аталған гипермаркеттің өзін 5-7 жыл көлемінде толық ақтайтындығы айтылуда.

Бүгінгі уақыт ағымына сай бөлшек сауданың перспективалық форматы ыңғайындағы гипермаркеттің басты концепциясы — тұтынушының іздеген нәрсесін «бір шаңырақтың астынан табуы». Бұлай болатындығы қазірдің өзінде күмән тудырмайды. Өйткені саудаға қойылатын тауарлар ассортименті 30000 атаудан асып жығылады. Гипермаркеттің бірінші қабатынан азық-түлігін алып шыққан тұтынушы екінші қабаттан өнеркәсіп бұйымдарын, тұрмыстық заттарын да қамти кетеді.

Тағы бір ерекшелігі, мұнда ет және балық өңдеу цехтары, өз наубайханасы бар. Дүкенге келушілер ыстық нан ала алады. Сондай-ақ түрлі кондитер тағамдары да алдыңызда дайын тұрады.

«Елім» көшетті көбейтеді

Қала халқын көкөніс өнімдерімен қамту қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Тіпті өзімізде қаншалықты мөлшерде өндіріліп жатқанымен, оңтүстіктен тасымалдау қажеттілігі білініп-ақ тұрады. Осы бағыттағы олқылықтарымыздың орнын толтыру мақсатында Қарғалы селосындағы «Елім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа жобаларды жүзеге асыру үстінде.

Аманкелді Бердіғалиев жетекшілік ететін инвестициялық жоба — «Жылыжай кешені» деп аталады. Көкөніс дақылдарын және гүлдердің көшеттерін өсіретін жылыжай кешенінің келешекте көп қажеттіліктерді өтейтіндігі күмәнсіз. Сондықтан да жалпы құны 54 млн. теңге тұратын бұл құрылысты жүргізуге кәсіпкер азаматтардың батыл кіріскені байқалады. Серіктестік өз тарапынан 30 млн. теңгені шығарса, оған қосымша 24 млн. теңге инвестиция тартылмақ. Алдын ала болжамдар бойынша аталған кешен пайдалануға берілгеннен кейін сегіз жыл ішінде өзін ақтап шығады деп күтілуде. Аумағы 1228 шаршы метр жерді алып жатқан жылыжайда жылына 1 миллион дана көшет өсірілмек.

Жылыжай кешенінде 28 жұмыс орны ашылады, оның жиырма бесі жұмысшылар да, қалғандары — инженер-техник қызметкерлер.

«Жылыжай кешеніндегі» көшеттердің игілігін жаппай көретін күн де алыс емес.

Көкөніс осында сақталады

«Фриком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан көкөніс сақтау қоймасы бар көтерме сауда құрылысының екінші кезегі — қаладағы елеулі құрылыстардың бірі. Сауда-қойма алаңының көлемі 3500 шаршы метрді құрайды. Ол алпыс бөліктерге бөлінген. Мұнда бір мезгілде 5000 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін сақтауға болады. Қоймаларда сақтау процесінің ылғалдылығын және температураны автоматты реттейтін қазіргі заманғы жабдықтар жұмыс істейді.

Сондай-ақ жүк көтергіш лифтілер, қосымша лабораториялар, көтеру-түсіру пандустары, тіпті бұзылған өнім қалдықтарын қабылдағыштар мұндағы жұмыстың қалыпты жүруіне жағдай жасайтын болады.

Тамшылатып суару — мол өнім кепілі

Алқап өнімділігін арттыру талабы қазіргі кезде озық технологияны пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Осы орайда «Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі, «Серік» шаруа қожалығындағы тамшылатып суару әдісін пайдалану келешегінен мол үміт күттіреді. Бұл — шетелдік технологияда өзін ақтаған және аз шығынмен көп өнім өндіруге жол ашатын жоба. Ал біздің алқаптарымыз бұл бағытқа қарай енді-енді қозғалуда.

Сонымен, агроөнеркәсіптік саладағы бұл жаңалық та өз жолын тауып кетеді деген сенім бар.

Енді біздің бау-бақшашыларымыз тамшылатып суарып, түйірлеп өнім алатын болады. Биылғы алғашқы тәжірибе болашақтағы мол табыстарға бастау бар екендігін дәлелдеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button