Әлеумет

«Дағдарыс» дертінің «дауасы»

Қазақстандық психологтар әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты республикада еңбекке қабілетті азаматтар ертеңгі күнге деген сенімі мен тұрақтылық сезімін жоғалта бастағанын айтады. Адамдардың күрделі жағдайдан өздігінше шыға алмауы қауіпті екендігін ескерткен мамандар оларға тегін жәрдем көрсететін психологиялық орталықтарды көптеп ашу керектігін айтып дабыл қағуда.

Тықыры қорқынышты тығырық

Былтырғы жылдың қазанында американдық аса ірі қаржы компаниясының қожасы миллионер Картик Раджарам таяп қалған банкроттық тықырдан қорқып, өз әйелі мен екі баласын өлтіріп, соңынан өзін-өзі опат қылған.

Тағы сол Америкада алпауыт консалтингтік компанияның негізін қалаушы бай Тьерри де ля Виллюше стресс пен депрессияның «дауылына»  шыдай алмай, ерікті түрде жарық дүниемен қош айтысқан.

Осы жылдың қаңтарында АҚШ–тағы тағы бір жылжымайтын мүлік сататын белді ұйым бастығы, шіріген бай Стивен Гуд жаны күйреуге ұшырап, о дүниелік болған.

Ал танымал неміс миллиардері, Қазақстанда да өз цемент өндірісін орнатып үлгерген бай магнаттардың бірі  Адольф Меркле пойыздың астына түсіп, қаза тапқан болатын. Істі тергеушілердің деректеріне қарағанда, 74 жастағы бизнесмен холдингтік компаниясы дағдарыс салдарынан көптеген миллиард шығынға ұшырағаннан кейін өзіне-өзі қол жұмсаған екен.

Көршілес Ресей елінде де дағдарыстың салдарынан өзі-өзіне қол жұмсап, мойнындағы қарызынан «оңай» құтылғандардың саны күрт өсіп отыр. Осы жылдың алғашқы екі айының өзінде қаржылық ахуал салдарынан елде 100-ден астам суицид фактісі тіркелген.

Медицина саласының мамандарының болжамынша, алдағы кездерде бұл көрсеткіш еселеп өсуі мүмкін. Сонымен қатар олар өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының саны осы дағдарыс уақытында рекордтық деңгейге жетуі мүмкіндігін айтып алаңдауда.

Орта тап. Психологиялық орталық. Статистика

Өз елімізде әзірге ешкім ғаламдық қаржы дағдарысынан жапа шегіп, жан түршігерлік оқиғаға тап бола қойған жоқ. Бетін әрі қылсын. Кейбір психологтардың шамалауынша, батыс елдерінің тұрғындарымен салыстырғанда біздің шыдамды да көнбіс халқымыз дағдарыстың зардаптарына анағұрлым дайын әрі оған оп-оңай бейімделе қоятын көрінеді.

Психологиялық тұрғыдан алғанда Қазақстандағы дағдарыс бәрінен бұрын орта тап  өкілдеріне батыңқыраған сыңайлы. Себебі, бір айлық жалақымен күн көруге көндігіп жүргендерді, «шықпа жаным, шықпамен» күнелтушілерді қаржы жетіспеушілігі онша әбіржітпеуі де мүмкін. Қалтасы қалыңдар да «қапшығы» ортайғанымен, депрессияға ұшырай қоймайды. Дағдарыс сейілген соң қайтадан қалтасын қомпайтудың тірлігін жасайды.

Ал орта топтағылардың көпшілігі байлардың қатарына қосылу үшін кезінде несиелер алғаны мәлім. Сол қарыздың өтемі дағдарыста иесін қысатыны айқын.

Психологтардың айтуынша, бұдан жиырма жыл бұрын, яғни Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыранда көптеген отандастарымыз стресстің емін «ащы судан» тапқан. Ал қазір бас ауыртатын уайымның емін дәріханадағы дәрілерден іздейтіндер көбейіп отырған көрінеді. Психолог мамандардың да көмегін керек ететіндер некен-саяқ. Оның бір себебі, қазақтың өз жарасын өзі жалап жазу керектігі хақындағы ұстанымды ұстайтын ұяңдық қалпы болса, екінші жағынан, елімізде психологиялық орталықтардың жұмысының әлі де бір жүйеге түспей отырғаны. Мысалы, біздің өңірімізде отбасылық проблемаларда қол ұшын созатын бір-екі ғана  орталық бар. Оған тізімге жазылсаң, міндетті түрде кезекті күтуің керек болады. Ондағы бір сеанстың құны 2000-3000 теңгенің көлемінде. Ал бір теңгесі болса да, қарызынан құтылуды ойлап отырған жұртшылық сол теңгесін қиып, психологқа барады дегенге сенер ме едіңіз?

Әлия Мәмбеталина, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінің деканы, психология ғылымының кандидаты:

Біздің білім ошағымызда психология мамандығы 1991 жылы ашылды. Бүгінде кафедрада 12 маман жұмыс жасайды. Осы білім ошағынан психолог мамандығын алып шыққандар түрлі салаларда жұмыс жасап жүр.

Дағдарыс бәрібір өз зардабын тигізбей қоймайды. Бірақ біз, университет студенттердің жағдайларын барынша түсінуге тырысамыз. Және де бізге көмек сұрай келген ата-аналар көкейлеріндегі сауалдарға тиянақты жауаптар алып жүр.

Осы дағдарыстың салдары болу керек, кейбір оқушылар өзге секталарға кіріп, соның шырмауынан шыға алмайды. Ал олардың аналары біздің көмегімізге жүгінеді. Ондайда баланың жағдайын да, ата-ананың уайымын да сейілтуге бар күшімізді саламыз. Күйзелістен шығудың бірден бір жолы психолог мамандардың сөз көмегін алу болып табылады.

Гүлбақыт Юсупова, облыстық психологиялық, медициналық, педагогикалық консультация (ПМПК) жанынан ашылған түзету кабинетінің психологы:

— Дағдарыс біздің елге соншалықты әсер етпеді дегенмен, адамдардың эмоциясынан қиналып, ішкі сырын кімге айтарын білмей, дағдарып жүргенін аңғаруға болда. Өзіңіз байқасаңыз, бүгінде айналадағы барлық жандар ашушаң, күйгелек болып кеткен. Оған осы дағдарыстың, жетіспеушіліктің тікелей қатысы бар.

Біздің орталыққа көбіне 18-ге толмаған жасөспірімдер келеді. Өз өңірімізде қиын жағдайға душар болғандар психологқа келе бермейді. Олар көбіне нерв жүйесін тексеретін мамандар көмегіне жүгінеді.

Бүгінгі ахуалға сүйенсек, әр дүкенде бір психологтан отыруы керек.

Облыс аумағында психологиялық орталық ашылса, онда мамандар бірігіп, жұмыс атқарса деген ұсыныс біраздан бері айтылып келеді. Бірақ іс жүзінде орындалған жоқ. Мықты психологтар жиналып, орталық ашып, халыққа тегін көмек қолын ұсынып жатса, күйзелістен құтылғысы келген жұртшылық бірінші сол жерге келер  еді. Бұл, әрине, халық жағдайының жақсаруына әсер етпесе де, аурулар санының күрт өспеуіне септігін тигізер еді.

Бүгінде психологиялық орталықтарға мұң шағушылардың қатары қаншалықты көбейіп отырғандығының дәл статистикасы әлі белгісіз, бірақ шамамен 20-25 пайызға артқандығы анық. Депрессияға бой алдырып, күйзеліске ұшыраған жан өзін ауру адамдай сезініп, әр дәрігердің есігін жағалап кетуі әбден мүмкін. Мұндайда тән ауруының емес жан ауруының емін іздеген дұрыстығын айтады мамандар. Қарызға қамалып, іштей мүжіле бергеннен гөрі психологиялық- терапиялық жәрдемге жүгінгеніңіз абзал.

«Ата-анам теңге таппай теңселгенде…»

Тығырыққа тірелгендер не өзінен, не қоршаған ортасынан, қоғамнан теріс айналуға мәжбүр. Түрлі қаржылық қиындықтардың салдарынан болатын қорқыныш пен депрессия психосоматикалық аурулар түрінде көрініс тауып жатыр. Психологиялық дағдарыстың, әсіресе, студенттер арасында белең алып отырғаны да шындық. Оқу ақысын төлей алмаудан туындаған қиындықтар студенттердің депрессияға, апатияға салынып, өзін-өзі кінәлау сияқты күйзеліске шалдығуына әкеп соғып отыр. Бұл орайда психологтар, ең алдымен, ата-аналарға отбасындағы жағдай мен балалар денсаулығына көңіл бөліп, мәселені ушықтырмаудың жолдарын қарастыруды өтінеді.

Нәбира Әуезова, студент:

Дағдарыс бәрінен бұрын біздей студенттерге көбірек әсер етіп отыр.  Мен осы оқуға жылына 80 мың теңге төлеп оқып жатырмын. Соның өзі ата-анама едәуір ауыртпалық түсіреді. Ақшаны бөліп-бөліп төлейміз. Сонда да соны таба алмай титықтап кетеді анам. Кейде сырттайға ауысып, жұмыс істеп, ақша тауып, өз оқуымның ақшасын өзім тапсам ба екен деген ой келеді. Отбасымды қалай қиындықтан құтқара аламын деп те мазаланамын. «Неге кезінде сабақты жақсы оқып, грантқа түспедім екем» деймін кейде.

Анам мектепте директордың орынбасары боп жұмыс жасайды. Әкем біреудің машинасын жалға алып жұмыс жасауда. Менен басқа тағы бір інім де жоғары оқу орнында оқып жатыр. Менен бұрынғы қыздарды оп-оңай оқытып шыққан сияқты еді. Ал мен сол оқуыма, ініме, үйге ақша жетсін  деп, жаңа киім де алғым келмейді. Апаларымның киімімен бітіріп шығармын.

Біздің оқу орнында мен сияқты оқудың ақшасын төлей алмай, қиналып жүргендер көп. Психологтарға барып, өз проблемамызды айтуға қысыламыз.

Р.S. Қазаққа тән ұяңдық психологтардың есігін қағудың өзін ерсі санайды. Содан соң әркім қиындықпен іштей күресіп, өзін-өзі айықпас дертке ұрындырары хақ. Дәрігер мамандардың айтуынша, аурудың 70 пайыздан астамы нерв жүйесінің бұзылуынан туындайды екен. Ал күні-түні күйзелу нерв жүйесін бұзатыны айдан анық.

Өз болашағыңызды ойласаңыз, үйдегі бала-шағаңыздың көңіліне кірбің  түсірмей, қанша уайымға салынып жатсаңыз да, байбалам салмағаныңыз дұрыс. «Әр адам өзінің жеке тұлға екенін ұмытпағаны жөн, сонда ғана өзін жоғалтпай, мәнді де маңызды өмір сүруді үйренеді»,— дейді мамандар.

Тағы да сол мамандар дағдарыстың жағымсыз ғана емес жағымды жағының да бар екенін айтады. Ол — дәл осы кезде әркім өзінің қолында барын бағалауды үйренетіндігі.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button