Басты жаңалықтарЖаңалықтар

30 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

Шаһар

Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Ақтөбе қаласындағы 30 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізу үшін 675 миллион теңге бөлінді. Оның 23-і — мектеп, қалған 7-еуі — балабақша. Жөндеу жоспарланған екі мектепке — М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебі мен Қурайлыдағы №59 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары «Жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыс орталығындағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан бірқатар мектеп пен балабақшаларды аралап, жұмыстарымен танысты.

Шаһар басшысы бастаған топ алдымен Пригород орта мектебіне барды. 1974 жылы еңсе тіктеген бұл білім шаңырағы салынғалы оның тек қана шатырына (2008 жылы) күрделі жөндеу жүргізілген екен.

Бұл мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 50 миллион теңгеден астам қаржыға конкурс жарияланған болатын. Конкурс жұмыстары қорытындысында он миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Өйткені, «РусТал» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігі  тендерде жеңімпаз атанып, жалпы көлемі  42 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін болды. Қаржы үнемделіп, 42 миллион теңге бөлінгенімен жоспарланған жұмыстың бәрі істелетін болады. Ал үнемделген қаржы басқа мектептердің ғимараттарын жөндеу үшін жұмсалады, — деді қала әкімі.

Қазір мектептің 197 терезесі, 100 есігі ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ, ғимараттың әбден тозығы жеткен едені де толықтай жаңартылады.

Жөндеу жұмыстарына 30 адам жұмылдырылды. Оның 9-ы — «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша қабылданған жастар, — дейді «РусТал» ЖШС директоры Асылбек Алпанов.

Қала әкімі аталған мектеп басшысына ретсіз өскен тал бұтақтарын қиып, ғимараттың айналасын жинастыруды тапсырды.

М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебіне «Жол картасы — 2020» бағдараламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мектеп директоры Қадірхан Игісіновтің айтуынша, 2010 жылы мектептің қасбетіне, жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілген.

Биыл бұл мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп отыр. Мердігер мекеме — «Новосел-Строй Сервис» ЖШС.

Қазір мектептің мәжіліс залы мен спорт залы жөнделіп жатыр. Мердігер мекеме  ғимараттың шатырын толықтай жаңартып береді. Сондай-ақ, салқын су жүйесі де пластикалық құбырлармен толықтай ауыстырылады. 10 жылу батареясы мен жалпы көлемі 250 метр болатын жылу жүйесінің тікқұбырлары да жаңартылады.

Мектепті аралап шыққан шаһар басшысы Ілияс Испанов мердігер мекеме басшысына ғимараттың 3-қабатын да әрлеуді жұмыс жоспарына енгізуді тапсырды. Өз сөзінде қала әкімі бұл мақсаттағы жұмыстар үшін 4 миллион теңге қосымша қаражат бөлінетіндігін айтты.

1993 жылы бой көтерген мектепте қазір Қарғалы ауылымен қатар «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының да балалары білім алып жатыр. Жалпы мектепте 2147 бала оқиды.

Әуеқалашық шағын ауданында орналасқан №29 орта мектепке де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бюджеттен бөлінген қаржы — 34 млн 636 мың теңге.

1982 жылы салынған ғимарат бастапқыда әскери бөлімге тиесілі болған. Кейін, 1989 жылы ғимарат мектепке берілген. Мектепте спорт зал жоқ. 2017 жылы мектептің спорт залының мәселесі шешілетін болады.

Қала басшысы бастаған топ үштілде білім беретін №21 мектеп-гимназиясының және 12-шағын ауданда орналасқан №46 «Ай-Керім» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.

Жоспарға сәйкес, күрделі жөндеу жұмыстары тамыздың 20-сы күні аяқталады.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, білім беру ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу мақсатында өткізілген конкурс жұмыстары барысында 135 миллион теңге үнемделген. Бұл қаржы бес мектептің жөндеу жұмыстары үшін бөлінеді.

«Жол картасы —2020» бағдарламасы бойынша қосымша 215 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 7 нысанға күрделі жөндеу жүргізілетін болады.

Жалпы биыл білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін бір миллиард теңге бөлінуде, — дейді Ләззат Оразбаева. Оның айтуынша, қаладағы 45 білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 47 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының қасбетін жөндеуге бюджеттен 25 миллион теңге бөлініпті.

Қазір «Нұрлы жол» ұлттық қоры қаржысының есебінен Ақтөбеде 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар: Кірпішті ауылындағы 320 орындық мектеп, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп және Заречный-3 ауылындағы 600 орындық мектеп. Аталған мектептер пайдалануға берілгенде №18, №53 орта мектептердегі үш ауысымдылық мәселесі шешіледі. Сөйтіп, Ақтөбедегі үш ауысымда жұмыс істейтін 12 мектептің саны азаяды.

Айта кету керек, «Нұрлы жол» ұлттық қоры қаражаты есебінен Қарғалы ауылында 320 орындық балабақша салынып жатыр.

Ләззат Оразбаеваның айтуынша, «Батыс-2», «Батыс» шағын аудандарында, Сазды және К.Нокин атындағы ауылдарда мектеп салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Батыс-2» шағын ауданында 320 орындық балабақша еңсе тіктейтін болады. Өрлеу ауылында 100 орындық балабақша ғимараты қайта салынады.

Облыс басшысының қолдауымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 40 мектепке бейнебақылау орнату үшін 50 миллион теңге бөлінді. Қазір қаржыны үнемдеу есебінен қаланың барлық мектептері (71 мектеп) бейнебақылаумен қамтылды. Сондай-ақ, барлық мектепке дейінгі мекеменің (50) сыртына бейнебақылау орнатылды, — дейді Ләззат Оразбаева.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button