Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Шұбарши: бес жыл өткен соң

Елді дүрліктірген Шұбарши оқиғасынан бері бес жыл өтті. Осы уақытта ауылда не өзгерді? Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі қалай? Жұмыссыздық азайды ма? Ауылдағы діни ахуал тұрақты ма? Өндірісті өлкенің тірлігін, жағдайын білмек ниетпен Темір ауданы Шұбарши ауылына іссапармен барған едік. Сонымен… 

 

Әлеуметтік карта әзір ме?

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мамыр айында Темір ауданына іссапармен барғанда аудан басшылығына Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдары тұрғындарының әлеуметтік картасын дайындауды тапсырған болатын. Мақсат — Шұбарши мен Кенқияқ елді мекендеріндегі тұрғындардың жұмыспен қамту жағдайын бақылау және карта арқылы аталған ауылдарда тұратын қанша адам жұмыспен қамтылғанын білу.

«Әлеуметтік карта әзірленді ме?» Шұбаршиге жұмыс  сапарымызда біз ауылдық әкімдіктегі бас маманға осы сауалды төтесінен қойдық.  Ауыл әкімі Азамат Өсербаев кезекті еңбек  демалысында екен. Міндетін атқарушы да орнында жоқ болып шықты. Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Сәуле Кәрімбаева әлеуметтік картаны таба алмай біраз әлекке түсті: «Құжаттың бәрі компьютерде қалып қойды. Ауылда электр энергиясы уақытша сөндіріліп еді. Енді қайтсек екен?..» Дегенмен, бұл сылтау бола алмайды. Облыс әкімінің нықтап міндеттеген тапсырмасы тек қана компьютерде емес, нақты құжат ретінде жауапты мамандардың алдында тұруы тиіс. Аймақ басшысы міндеттеген шаруа қаншалықты істеліп жатыр? Әуелі осы сауалға жауап алмай, басқа әңгімені бастамайтынымызды ұққан бас маман әлеуметтік картаны іздеуге кірісті. Жан-жаққа телефон соқты. Біраздан соң нақты картаның өзін емес, сол бойынша тіркелген деректі ұсынды:

Шұбаршиде 816 түтін бар. Халық саны — 3906 адам. Мұның ішінде жұмысқа қабілеттісі — 2015 адам. 1014 адам түрлі салада еңбек етіп жүр. Басым бөлігі (614) мұнай саласында жұмыс істейді. Өзін өзі жұмыспен қамтитындар — 1001 адам. Жұмыссыздардың саны — 52.

Ауылда 353 зейнеткер, 268 студент, 760 оқушы бар.

— Әлеуметтік картаның нәтижесі қандай?

— Екі адамның мұнай өңдеу кәсіпорнына жұмысқа орналасуына ықпал еттік. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі екі   адам жұмысқа орналасты. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жалпы 13 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Төрт адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Жеті адам ақылы қоғамдық жұмыстан бас тартты.

Әлеуметтік картаны әзірлеу барысында отбасында ешкім жұмыс істемейтін отбасылар да анықталды. Мысалы отағасы Айбек Алуадиновтің өзі де, зайыбы Айкүміс Әбіқаева да жұмыссыз. Айбек Алуадинов біз ұсынған ақылы қоғамдық жұмыстан бас тартты. Ал әйелі Айкүміс қазір мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді. Бейбітовтердің отбасында да  ешкім жұмыс істемейді. Ерлі-зайыптылардың екеуін де ақылы қоғамдық жұмысқа да, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша да жұмысқа шақырған едік. Дегенмен, екеуі де жұмыс істеуден бас тартып отыр.

— Басқа жұмыссыздардың мәселесі қалай шешіледі?

— 2012 жылы Шұбаршиде 300 орындық мектеп еңсе тіктеді. Мектептің ескі ғимаратында шағын орталық ашылды. Қазір Шұбарши ауылындағы ескі мектептің ғимаратынан балабақша ашу жоспарланып отыр. Сонда шамамен 30 жұмыс орны ашылатын болады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Балабақша жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Сөйтіп, жұмыссыздық мәселесі  біршама шешіледі.

Сондай-ақ, биыл «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 1 шақырым болатын Геолог көшесіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Ауылдық клуб үйіне және ауылдағы ойын алаңы, демалыс орындарына  ағымдағы жөндеу жасалады. Осы үш жоба бойынша жұмыссыздар жұмыспен қамтылатын болады.

 

Жер берілді, несие алды

 

Ауылдық округ территориясында жеке шаруа қожалығы тіркелмеген. Мұның себебін Сәуле Кәрімбаева былай түсіндіреді:

Округ аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер жоқ. Бар жер ауыл  тұрғындарының малдарының жайылымы үшін беріліп отыр. Шұбарши —  өндірісті өлке. Сол себепті, мұндағы жердің дені мұнай өңдеу мекемелеріне 49 жылға жалға берілген.

— Ал мал басын көбейтуді мақсат еткен шаруа не істейді?

— Мал шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарға көршілес ауылдардан жер беріледі. Мысалы, Саркөл ауылында 143 мың гектар жер бос жатыр. 

Көршілес округтерден жер алып, шаруасын дөңгелетіп жатқан шаруалар жоқ емес. Мәселен, Жиенай Салмағанбетовке Саркөл ауылынан жер берілді. Ол  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге қаржы алды. Қазір кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, Бекболат Өтегенов Мұғалжар ауданының территориясынан жер алып, мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Оның шаруа қожалығында 4 адам еңбек етеді, — дейді Сәуле Кәрімбаева

 

 

Ауылда 96 кәсіпкерлік нысаны бар

 

Шұбарши — облыс орталығы Ақтөбеден 240 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдың жер көлемі — 15 428 гектар. Шұбаршидің жер қойнауы мұнай, газ, көмірге бай.

2011 жылы Шұбарши ауылында 150 орындық клуб үйі бой көтерді. Сонымен қатар, 2012 жылы 300 орындық мектеп салынды. Бұрынғы мектептің ғимаратынан шағын орталық пен спорт кешені ашылды. Қазір шағын орталықта 250 балапан тәрбиеленіп жатыр. Спорт кешенінде түрлі спорттық секциялар жұмыс жасайды. Бұдан үш жыл бұрын ауылда теннис корты пайдалануға берілді.

Шұбаршиліктер көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Сондай-ақ, 2012 жылы ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасының арқасында ауызсу тартылды. Қазір ауыл көшелерінде 10 колонка бар. Сонымен қатар үйді-үйге суқұбыры тартылған.

«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша 2012 жылдан бері алты көше жарықтандырылды. Биыл екі көшеге жарық беру жоспарланып отыр.

Шұбаршидегі дәрігерлік амбулаторияда 25 адам еңбек етеді. 170 тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.

Ауылда 96 кәсіпкерлік нысаны бар. Оның 52-сі — дүкен. Сондай-ақ, көп ауылда кездесе бермейтін көлік жөндеу және жуу, дөңгелек жөндеу мекемелері, наубайхана, шаштараз, дәріхана және фотосалон жұмыс істейді.

«Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында ауыл тұрғыны ЖаңабергенШүкірбаев балалар ойын алаңын салып беріпті. Сондай-ақ, былтыр «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жеке кәсіпкер Нұрлан Иманғазин ауылдық клуб үйінің жанынан дала сахнасын салуға көмек көрсеткен.

 

Мал бордақылау алаңы ашылады

 

Шұбаршиде жақында мал бордақылау алаңы ашылады. Ауыл тұрғыны Мұрат Үркімбаев «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» 6 миллион теңге несие алыпты.

Үстемеақысы көп емес: 6 пайыз. Несие  4,5 жылға берілді.

Шаруаларға, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, несиені банктен бүгін алып, ертең қайтармаймын. Несиені бір жылдан соң, яғни табыс тапқаннан кейін төлеймін, — дейді Мұрат Үркімбаев.

Кәсіпкер қазір мал бордақылау алаңын салып жатыр. Құрылыс жұмыстары бір айдан соң аяқталады.

— Жоба толық қуатында жұмыс істегенде бірнеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын.  

Қазірдің өзінде әрқайсысы 170-180 мың теңгеден 4 ірі қара, 70-80 мың теңгеден 4 баспақ сатып алдым. Құрылыс аяқталған соң әлі бірнеше мал сатып аламын.     

Тұрғындардың көпшілігі мұнай саласында жұмыс істейтін болғандықтан, ауылдағы көп үйде мал жоқ. Сол себепті, біз бордақылаған малға сұраныс көп болатынына сенімдімін. Көршілес ауылдардан да сұраныс түсетіні анық. Ауылдың іргесіндегі Кеңқияқ пен Саркөлдедің тұрғындарына да малды бізден алған тиімді. Әзірге осы үш ауылда мал бордақылайтын алаң жоқ. Сондықтан, сұраныс көп болады. Болашақта ет дүкенін ашу да жоспарда бар, — дейді кәсіпкер.

 

Шұбарши мешітіне келушілердің басым бөлігі — жат ағымның өкілдері

 

Дархан ӨКСІКБАЕВ, Шұбарши ауылдық мешітінің бас имамы:

 

— Мешітте жұмыс жасап жатқаныма көп болған жоқ: небәрі бес ай болды. Ауылда діни ахуал бірқалыпты.

Шұбаршиге «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының жанынан құрылған үгіт-насихат тобының мүшелері жиі келіп, тұрғындарға дінімізді көркейту, ынтымақ, бірлік тақырыптарында әңгіме айтады. Сондай-ақ, жақында ғана ауылға

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы Арман Қуанышбаев та келіп, ел тыныштығының маңыздылығына кеңінен тоқталып, мазмұнды әңгіме айтты.

Мешіт 90 орынға арналған. Күн сайын мұнда жалпы 20-25 адам келеді. Жұма күні адам қарасы көп болады. Шамамен жүзге жуық адам жиналады. Бұл күні тек қана біздің ауылдан емес, сондай-ақ, көршілес Құмкөл, Кеңқияқ пен Саркөл ауылдарынан да жамағаттар келеді. Олардың 80 пайызы — 30 жасқа дейінгі жастар.

Мешітке келушілердің басым бөлігі — дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері. Олардың біздің мешітті таңдау себебі, осы мешітті салған адам жат ағымның өкілі болатын. Ол кісі қайтыс болды. Дегенмен, жат ағымның өкілдері:«мұсылман бауырымыз салған мешіт» деп осында келеді. Мәселенің мәнісі — осында. Дәстүрлі діндегі жігіттердің дені Саркөлдегі мешітке барып намаз оқиды.

 

Тұрғындар жұмыс таңдайды…

 

Аралбай ШӘЛЕНОВ, ауыл тұрғыны:

 

— Шүкір, ауылдың жағдайы жақсы. Жұмыссыздық — тек қана біздің ауылдың мәселесі емес. Біздің ауылдың адамдары жұмысты таңдайды. Осы жақында ауылдық әкімдікке бір шаруамен барып едім. Сонда бір жігіт әкімдік ұсынған жұмыстан бас тартты. Әлгі жігіт 40 мың теңге жалақыны азсынып, жылу қазандығында жұмыс істегісі келмейді. Бұл — жұмыссыздық па? Жұмыссыздардың бәріне бірдей мұнай саласынан жұмыс қайдан табылады? Мұнайдың қоры таусылғанда қалай жан бағамыз? Сол себепті, мал бағу керек, кәсіппен айналысқан дұрыс. Қазір ауылды көркейту мақсатында  мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бар. Жастарды қолдау мақсатында «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Міне, тұрғындар осы мүмкіндіктердің бәрін тиімді пайдалана білуі керек.

Ауыл көшелері жарықтандырылып жатыр. «Ауызсу» бағдарламасы бойынша су берілді. Дегенмен, жаз мезгілдерінде ауыз судың тапшылығы сезіледі.

Ауылда кәсіпкерлік нысаны көп. Демек, сұраныс бар, бәсекелестік бар деген сөз.

 

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button