ЖаңалықтарМереке

Қос балабақша қуанышы

Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ақтөбе қаласындағы Ақжар-2 елді мекенінде екі бірдей балабақша салтанатты жағдайда ашылды. «Балдәрия» және «Шырайлым» балабақшаларының ашылу рәсіміне Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын қатысты.

Шаһар басшысы бастаған топ алдымен «Балдәрия» балабақшасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Алғаш болып сөз сөйлеген қала әкімі Бекбол Сағын тұрғындарды ел игілігі үшін пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның ашылуымен, сондай-ақ, кішкентай балапандарды мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында бүгін, міне, Ақжар-2 елді мекенінде екі балабақша ашылып отыр. Елімізде 2020 жылға дейін барлық  балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ету тапсырмасы біздің қаламызда орындалып жатыр. Бүгінгі күні оның көрсеткіші 84 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады, — деді қала басшысы.

Лента қию рәсімінен кейін қала әкімі бастаған топ жаңа балабақшаның ішін аралады. Мекемеде жатын және топтық, ас ішетін бөлмелер, қызықты құрылымдағы балалар жиһазы, медициналық және гигиеналық кабинеттер орналасқан. Ал балабақшаның ауласында арнайы ойын алаңы бар. 3 топқа арналған 90 орындық балабақшаға бүгінгі күні 3-6 жас аралығындағы 57 бала қабылданған. Балабақша меңгерушісі Арай Оразбаеваның айтуынша, балалар 4 мезгіл тамақтанады.

Қалған бір топқа балаларды қалалық білім бөлімінің арнайы жолдамасымен қабылдайтын боламыз. Әзірге екі топта 57 бала бар. 10 адам жұмыс істейді. Балалар үшін барлық жағдай жасалған, — дейді ол.

Бұдан әрі қала әкімі «Шырайлым» балабақшасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жиналғандарға мерекелік тілегін білдіріп, салтанатты жағдайда лента қию рәсімін жасады. Балабақша құрылтайшысы Төлеу Қазмұханбетов шарада өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, шаһар басшысына ризашылығын айтты.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ашылған «Шырайлым» балабақшасы 80 балаға арналған. Екі қабатты мекеме барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бейнебақылаулар орнатылып, жылы еден төселген. Әр топтың балаларына арналған жатын және ас ішетін бөлмелер, ойын алаңы бар.

—  Әзірге мұнда қабылданған бала саны аз. Алдағы уақытта толығады деп сенеміз. Балабақшамыз 5 күн бойы жұмыс жасайды. Тұрғындардың ұсынысы бойынша балаларды 2,5 жастан бастап балаларды қабылдап жатырмыз. Тек ата-аналарға қойылатын шарт — балалары өздігінен тамақ ішіп, киімдерін өздері киюі керек. Қазіргі кезде мұнда 2 тәрбиеші, 2 көмекші және 2 аспаз жұмыс жасайды, — дейді балабақша меңгерушісі Сафура Досымова.

Бекбол Сағын жаңа балабақшаның ішін аралап, көрді. Балапандармен тілдесіп, оларды мерекелерімен құттықтады.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бүгінгі күні Ақжар-2 елді мекенінде үш мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Олар — осыдан бір жыл бұрын ашылған «Томирис» және жаңадан бой түзеген «Балдәрия», «Шырайлым» балабақшалары.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button