ЖаңалықтарЭкономика

Өнеркәсіп өндірісі көлемі 264 миллиард теңгеге жақындады

Индустрияландыру картасы аясында биыл облысымызда жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын бірнеше нысан іске қосылып, 350 жұмыс орны ашылады.

Жуырда үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Осы мәселеге арналған кеңеске облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі 263,5 миллиард теңгені құраған. Тау-кен секторында — 163,2 миллиард теңгенің, ал өңдеу өнеркәсібінде 70,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Индустрияландыру картасы аясында іске қосылатын нысандар қатарында мұнай өңдейтін «ҚазИнРусс—трейдинг» зауыты, «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС, «ҚазОйлГрупп» ЖШС-ның мұнай қалдықтарынан мазут пен дизель отынын алу ісімен, сондай-ақ теміржол цистерналарын тазалау және сырлаумен айналысатын инновациялық кешені бар. Үй құрылысы комбинаты» ЖШС жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үйді салса, «ҚазОйлГрупп» ЖШС-ның инновациялық кешені Еуро-4 санатындағы 6 мың тонна дизель отынын, 4 мың тонна бензин және 4 мың тонна битум өндірмек.

2015-2016 жылдары іске қосылған нысандар арқылы 7,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі деп күтіліп отыр.

Индустриялық аймақта биыл 5 жоба іске қосылмақ.

Жыл басынан бері 7893 адам жұмыспен қамтылған, олардың 1587-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыздар қатарын азайту мақсатында «Еңбекпен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы шаралар жалғасатын болады. Бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес, 17 нысан бойынша мемлекеттік тапсырыс жарияланды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 55 тұрғынға жалпы мөлшері 122,7 миллион теңге болатын микронесиелер берілген. Үшінші бағыт бойынша 68 адам — әлеуметтік жұмысқа, 74 маман жастар тәжірибесіне жіберілді.

Жиын соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны  төмендемеуі керектігін айтып, бюджет қаржысын игеру, мемлекеттік бағдарламалар, әсіресе микронесиелер жөніндегі бағдарламалар мақсатын жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге тапсырма берді.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button