ЖаңалықтарСпорт

Күштілерді кездесулер анықтайды

Брифинг

 «Ақтөбе» футбол клубының баспасөз орталығында журналистермен жүздескен бас бапкер Юрий Уткульбаев команданың ойыншылар құрамы, өткен турлар және алдағы күндерге арналған жоспарлары туралы ойларымен бөлісті.

Бас бапкер әңгімесін команда құрамын қайта жасақтауға кеткен қос маусым арасындағы дайындық күндерінен бастады.

— Месси келген жоқ, ал Криштиану Роналду келуге уәде бергенімен, сөзінде тұрмады, — деп әңгімесін әзілмен бастады Юрий Уткульбаев.

Бас бапкердің айтуынша, ол өзі тағайындалғаннан соң желтоқсан айындағы алғашқы жаттығу жиынында «Ақтөбенің» бұрынғы құрамына сапа мен сан тұрғысынан баға беруге тырысыпты. Ал келесі жаттығу жиынында сапаға мән беріліп, сырттан шақырылған ойыншылардың ойындары бағамдалған. «Бұл жиындардың пайдасы тиді. Таңдаған ойыншыларымыз үмітімізді ақтауда. Олардың арасында Бағдат Қайыров, Асланбек Кәкімов бүгінде жақсы ойын өрнектерін көрсетіп жүр. Олар соңғы ойында да негізгі құрамның сапында өнер көрсетті», — деді ол.

Ю.Уткульбаев алғашқы турлардағы жеңілістердің себептеріне де тоқталды. Жаңа маусым алдында ұйымдастырылған үш жаттығу жиынының барлығына бүгінгі команда сапындағылардан 9 ойыншы ғана түгел қатысыпты. 3-4 ойыншы екінші жиынға қатысқанымен, жарақаттары себепті соңғы жиынға қатыса алмаған. 9 футболшы чемпионат басталар тұста, Шымкенттің «Ордабасы» командасымен өтетін кездесудің алдында ғана келген. Бұл, әрине, тек бапкерлер құрамы үшін қиындықтар туғызып қана қоймай, ойыншыларды да біраз шектейтіні белгілі.

— Уақытымыз тығыз болды. Мәселен, команданың қазіргі құрамындағы 24 ойыншы қаңтар айының басында құралып үлгерген болса, біз оларға ойымызды толығымен жеткізіп, олар да бір-бірін жақсы танып, өзара тез түсінісер еді. Сәйкесінше, бүгінгі нәтижеміз де бұдан жақсырақ болар ма еді?! — дейді «Ақтөбенің» бас бапкері.

Юрий Уткульбаев көптің көңіліне күдік ұялатқан легионерлерді тарту мәселесіне де тоқталды. Футболсүйерлер арасында черногориялық форвард Лука Роткович туралы түрлі пікірталастардың туындағаны мәлім. Бас бапкер Ротковичты командаға шақырғандарын, бұл ұсыныстың «Ақтөбе» футбол командасының бас директоры тарапынан болғанын мәлімдеді. Бірақ көкшетаулық «Оқжетпесте» жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, Роткович қадағалау матчтарында «Ақтөбенің» бапкерлерінің көңілінен шыға алмапты.

— Ол келді, жаттығуларымызға қатысты. Оған өзін көрсетуіне жағдай жасадық. Ол көңілімізден шықпады дей алмаймын. Бірақ біз оның ойындарынан команданың орталық шабуылшысынан көргіміз келген нәрсені байқай алмадық. Күткен нәрсемізді көре алмағасын күмәндандық. Екі ойынға қатысты. Сонан соң біз ол сұраған ақшаны бере алмайтынымызды түсіндік. Ондай ақшаны төлеуге тәуекел етпедік. Ол біздің шабуылшыға бере алатын ақшамыздан көп ақша сұрады, — деді бас бапкер.

Бас бапкер басылым беттеріндегі «Ақтөбе» командасындағы легионерлер екінші сұрыптағы ойыншылар» деген сөзбен келісе алмайтынын мәлімдеді. «Біздің ойыншыларымыздың қаншалықты күшті екенін уақыт пен кездесулер ғана көрсете алады. Бірақ қалай болғанда да, ешкімге «екінші сұрыптағы» деп таңба берген дұрыс емес», — деді ренішін жасыра алмаған ол.

Журналистің «Алдымызда «Қайрат» командасымен өтетін маңызды бір кездесу күтіп тұр. Қандай құраммен барасыздар?» деген сауалына Юрий Уткульбаев:

«Мен командадан мейлінше аз ақпараттың шыққанын қалаймын. Сондықтан құрам туралы айта алмаймын. Оған қоса, бұл аптадағы ойынды «ең маңызды кездесу» деуге де болмайды. Өткен 6 турдан байқағаным  — Қазақстанның чемпионатында барлық ойындар маңызды. «Тобыл», «Астана», «Тараз», «Оқжетпес», «Ертіс»… Барлық ойынға тыңғылықты дайындаламыз, біз үшін қарсылас командалардың барлығы маңызды», — деп жауап берді.

Бас бапкер соңғы «Ертіспен» болған кездесудің бастапқы 20 минутында ойыншыларының неліктен сылбыр ойнағаны жөнінде де түсініктеме берді. Оның ойынша, ойыншылардың өз алаңындағы алғашқы ойынды сенімсіздеу бастауының түрлі себептері бар. Біріншіден, бірді-екілі ардагер ойыншыны айтпағанда «Ақтөбенің» қазіргі құрамы негізінен жас ойыншылардан құралған. Бар ересектерінің тәжірибелері аздау. Сонымен қатар жанкүйерлер толы трибуна алдында абыройсыздыққа ұшырамау жауапкершілігі де адамның жүйкесіне әсер етеді.

— Ойынның алғашқы 15-20 минутында қатеге ұрыну қорқынышы бізді біраз үрейлендірді. Алғашқы өткізіп алған гол бізге бұл «қорқыныштан» шығуға көмектесті. Одан кейін қимыл бойынша да, сапа бойынша да жақсы ойын өрнегін көрсеттік, — деді Юрий Уткульбаев.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button