ЖаңалықтарЭкономика

Шағын бизнес еңсе тіктейді

Облыста шағын және орта бизнесті дамыту бойынша үш жақты бағдарламаға қол қойылды. Бұл әріптестік қозғалыс аясында жасалып отырған шара түпкі нәтижеде экономиканың көтерілуіне де әсерін тигізбекші.

— Мемлекет басшысының ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен кооперация құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес бұл бағытты жүйелі түрде жүргізетін боламыз, — деді жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. — Бүгінгі басты міндетіміз —  елімізде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындарды жұмыспен қамту және отандық тауар өндірушілерді қолдау. Ең басты шаруаның бірі —  ірі кәсіпорындардың маңайына шағын және орта бизнестің шоғырлануын қамтамасыз ету.

Облыс басшысы кәсіпкерлік қызметті қолдау үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Мәселен, атқарушы билік тауар өндірушілердің несиелік мөлшерлемесін субсидиялау арқылы қолдауға әзір, сондай-ақ қысқарған жұмысшылардың еңбекақысының үштен екі бөлігін көтеру мүмкіндігі бар, жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында тиісті инфрақұрылымдар жасап, жеңілдікпен тарифтер және квоталар бере алады.

— Бағдарламаға қол қою және оны тиімді түрде жүзеге асыру компания сатып алымдарында қазақстандық құрамның үлесін ұлғайтуға, жаңа импорт алмастыратын өндірісті құруға, шағын және орта бизнестің қолда бар әлеуетін барынша пайдалануға жол ашады, ең бастысы, кәсіпорындардың осы күрделі экономикалық кезеңнен абыроймен өтуіне мүмкіндік береді, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

2016-2018 жылдары шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі әріптестік бағдарламаға облыс әкімшілігі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы және ірі кәсіпорындар — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС, «Восход-Oriel» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Коппер Текнолоджи», «Қазгеоруд» компаниялары басшылары қол қойды.

Бір атап өтерлігі, бұл маңызды құжатта белгіленген іс-шаралардың атқарылу мерзімі нақты көрсетілген. Бағдарламаның орындалу барысын облыстық индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармалары, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлік палатасы бақылап отыратын болады.

Шара қорытындысында облыс басшысы өндіріс көлемін сақтау бойынша резервтер мен қосымша көздерді іздестіріп, инвестициялар тарту, құрылыс жұмыстары қарқынын төмендетпеу, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің санын азайтпау жөнінде тапсырма берді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button