ЖаңалықтарЭкономика

Несие неге толық алынбайды?

Ауылдың шаруасын ілгері бастыруға септігі тиер селолық несиелік серіктестіктері біздің облысымызда қанатын кеңге жая алмай отыр. Неге? Осы мәселе облыс әкімдігінде өткен жиынның күн тәртібіне қойылды.

Ауыл аймақтағы несие серіктестіктерінің даму перспективасы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың аудан әкімдері және серіктестік белсенділерімен өткен кездесуінде талқыланды.

Егер дерек көздеріне сүйенсек, 2015 жылдың қорытындысына сәйкес, ресурстарды несие серіктестіктері арқылы игеру бойынша Ақтөбе облысы республикада соңғы орындардың біріне орналасқан. 1 миллиард теңге деп жоспарланғанымен, ақтөбеліктерге 704 миллион теңге бұйырды.

— Біз барлық мемлекеттік қолдаудың басымдықтарын жете пайдалануымыз керек. Өкінішке қарай, бұлай болмай отыр. Мәселен, 2014 жылы мүмкін болған қаражаттың 47 пайызын, 2015 жылы 67 пайызын ғана алдық. Қарап отырсақ, бізді тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігі, мал басы санының артуы алаңдатпай отырған сияқты, мұнай мен газға сеніп өмір сүрудеміз, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жиынға қатысқан «Аграрлық несие корпорациясы» басқармасының төрағасы Гүлназ Атамқұлова өзі басқаратын мекеменің ауыл тұрғындарына көмегі мен жеңілдіктері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

— Бізде жарғылық қорға жарналар бойынша шектеулер болмайды, — деп атап көрсетті ол. — Оны серіктестік қатысушыларының өздері белгілейді. Турасын айтқанда, миллиондап, жүз мыңдап қаржы төлеудің қажеті жоқ. Ең бастысы, сіз қатысушы бола отырып, әртүрлі қаржылық көздерден ресурстар тарту мүмкіндігіне ие боласыз. Бұрын екінші деңгейдегі банктермен «Даму» ғана жұмыс істеп келсе, енді біз де барлық банктермен және лизингтік компаниялармен тығыз байланыс орнаттық.

«Агроөнеркәсіп кешені несиелік серіктестіктерінің ассоциациясы» басқарма төрағасы Альмира Сағатова несие берудегі проблемаларды қозғады, бірлесіп шешу жолдарын ұсынды.

Кемшіліктерге жол берілуінің басты себебі, облыс әкімінің пайымдауынша, ауыл тұрғындарына қажетті ақпараттардың дұрыс бармауы. Бұған ол өткен аптада Ойыл ауданына барған кезде көз жеткізгендігін айтты. Кеңес барысында айтылғандай, 2015 жылы және осы жыл басталғалы Әйтеке би ауданында бірде-бір жоба құрылмаған, Қарғалы ауданында тек бір жоба қолға алыныпты. Облыс бойынша Ырғыз ауданында ғана жағдай қалыпты. Ырғыз ауданы мен Ақтөбенің маңайындағы жобалар осы бағытта сенімді түрде жұмыс жасау керектігін көрсетіп отыр.

«Аграрлық несие корпорациясы» филиалы Ақтөбеде 2011 жылы құрылды. Оның жұмысына сараптама жасағанда шешілуі тиіс мәселелер айқын көрінді. Ол  серіктестіктер желісі арқылы несие ресурстарын тартуда белсенділіктің төмен болуы. Біраз берешектер жинақталып қалған. Білікті қызметкерлердің басын құрауда да проблема орын алған. Тағы бір ескеретін жайт, республика бойынша Ақтөбе облысында ғана қатысушының үлесіне тыйым салуға байланысты серіктестіктердің қызметі оқшауланады.

Облыс әкімі осы жайларға байланысты тиісті лауазымды адамдардың қызметіне сын айта келіп, жедел түрде аталған кедергілерді болдырмау және несие алу процедурасын жеңілдету жөнінде тапсырма берді.

Кеңес барысында шаруа қожалықтарын 7 мың ұсақ мал басы бар кооперативке біріктіру бойынша біріккен ұшқыр  жоба таныстырылды. Айтылған ұсыныс облыста мал биржасын құру туралы идеясымен сәйкес келеді. Кеңес барысында сөз болғандай, кооператив мүшелері малды өздеріне алып қалады, тек жас төлді тапсырады. Олар жемделіп, көтерме өткізуге дайындалады. Бірінші сатыда 12 шаруашылықтан 7 мың қозы жинау көзделіп отыр. Кооператив бордақылау алаңын құрады, техника сатып алады, жем қорын жинайды. Жоспарда тағы бір ет өңдеу зауыты құрылысы бар.

Кездесу соңында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында облыс әкімдігі мен «Аграрлы несие кооперациясы» жетекшілігі ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button