ЖаңалықтарЭкономика

Индустриялық-инновациялық даму: биылғы меже — 4 жоба

Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау — бүгінгі күні ерекше қолға алынып отырған өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында осы жайға баса назар аударылды.

Отырыста кәсіпкерлікті қолдау картасына қосу үшін облыстың жаңа инвестициялық жобалары таныстырылды. «Қазақстан мұнай компаниясы» ЖШС директоры Серік Қарымсақов қуаттылығы жылына 45 мың тонна бензол өндіретін зауыттың құрылысы жобасы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, бұл шаруаны жүзеге асыру үшін 4 миллиард 400 миллион теңге инвестиция салынбақшы. Зауыт іске қосылған кезде 230 жұмыс орны ашылады.

— Егер біз жоспарымызға сәйкес жұмыс істейтін болсақ, 2018 жылға дейін зауытты іске қосып, бюджетке 645 миллион теңге салық төлейтін деңгейге жететін боламыз. Зауыт Байғанин ауданында салынады деп отырмыз. Бұған дейін біздің жобамыз тиісті министрліктер тарапынан қолдау тапты, құжаттамаларымыз талапқа сай жасақталды. Енді құрылыс жүретін жер учаскесін бөлуге көмектессеңіздер деген тілегіміз бар, — деді компания басшысы.

Екінші жоба — «Хромикс» пигмент-толықтырғышы мен хром құрамды шикізаттан магнезиалды ұнтақ өндіру цехының қуаттылығы жылына 6 мың тонна өнім шығаруға негізделген. Салынатын инвестиция мөлшері — 230 миллион теңге. Цехта 20 адам жұмыс істейтін болады. Бұл туралы «Сайлан Ақтөбе» ЖШС бас директоры Бақытбек Дүзелбаев баяндап берді.

«ПП Технодом СТ-КZ» ЖШС бас директоры Болат Көшкенов «Тіркеме дөңгелекті техникалар өндірісі» жобасын кеңес мүшелері назарына ұсынды. Ол салынатын инвестиция мөлшері 600 миллион теңге болатынын айтып, жаңа ұжымда 60 адам жұмыс істейтінін жеткізді.

Облыс басшысы жобалар таныстырылымынан кейін кәсіпкерлердің нақты қаржылай мүмкіндіктері туралы біліп, оларға жер бөлу, басқа да мәселелер жөнінен қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Бұл жердегі басты жайт — жобалардың дер кезінде іске асырылуы, міндеттемелерді сапалы орындау болып табылады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Негізінде кәсіпкерлікті қолдау жобасына сәйкес өткен алты жылда құны 559 миллиард теңге тұратын 78 жоба іске асырылып, 7,1 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал 2016-2019 жылдары 8,1 миллиард теңге тұратын 13 жоба қолға алынады деп күтілуде. Биылғы жылдың үлесі — 4 жоба. Мұның екеуі алғашқы жартыжылдықта жүзеге аспақшы. Олардың қатарында «ҚазИнРусс-трейдинг» ЖШС салатын аз тонналы мұнай өңдеу зауыты және «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС-на қарасты үй құрылысы комбинаты бар.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары жөнінде баяндады. Ол  «Бизнестің жол картасы — 2020» аясында атқарылған жұмыстарға талдау жасап, жобаларға инвестициялық субсидиялар беру туралы мәліметтерді айтып өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өндірістік базалар құрылысына қатысты жер учаскелер бөлу жайына тоқталды.

Жиын қорытындысында облыс басшысы жобаларды қолдау бағытында әлі де кемшіліктер бар екенін сын тезіне алды. Мәселен, жер учаскелерін бөлуде кідірістер орын алып келеді.

«Қазіргі дағдарыс жағдайында бізге жаңа жобаларды жүзеге асыру өте қажетті. Бұл ең алдымен өңірдің экономикасының көтерілуіне, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Облыстық басқармалар тиісті министрліктермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасап, мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар мен гранттарды көбірек алуға ұмтылуымыз керек. Сонымен бірге, қолға алынған жобалардағы жұмыс барысын бақылауда ұстауға тиіспіз», — деп қорытындылады жиынды Бердібек Сапарбаев.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.      

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button