Жаңалықтар

Жамбылдан жеткен жылы леп

Аймақаралық кооперация

Аймақаралық кооперацияны өрістетудің кезекті бір қадамы Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің Ақтөбеге келуі болды. Өткен сенбіде облыс орталығындағы «Орда» базарында республикамыздың оңтүстігінен келген кәсіпкерлер өз өнімдерін халыққа ұсынды.

— Бізді ақтөбеліктер ыстық ықыласпен, жылы көңілмен қарсы алды. Ең алдымен соған алғысымызды білдіреміз, — деді Жамбыл облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Самат Үрпеков бізбен әңгімелескенде, — Біздер мұнда барлығы 100 тоннадай өнім алып келдік. Оны жіліктеп айтар болсақ, 10 тонна картоп, 80 тоннадан астам көкөніс түрлері, оның ішінде 50 тонна пияз, 3 тонна сүт өнімдері, 2,5 тонна макарон, 2 тонна шұжық өнімдері, бір тоннадай өсімдік майы бар. Картоптың әр килограмын 45, пиязды 30 теңгеден сатып жатырмыз.

Ашық алаңда қойылған машиналар үстіндегі сауда қызып жатты. Ақтөбеліктер оңтүстік өңірден келген арзан өнімдерді көптеп алып жатты.

Самат Үрпеков бізге Жамбыл облысында аграрлық сектор жақсы дамығанын айта келіп, олардың таза табиғи өнімдеріне Қытай елінен де мол сұраныс болып тұрғанын еске алды. Сондай-ақ ол өздеріндегі жеңіл өнеркәсіптің жетістіктеріне тоқталып, алдағы уақытта осы бағытта ақтөбеліктермен қарым-қатынас жасамақ ойлары барын жеткізді.

Жамбылдықтар Ақтөбе жеріне еш қиындық көрмей жетіпті. Жергілікті МАИ қызметкерлері жол үстінен қарсы алып, кедергісіз алып жүрген.

Базарда «Бурный» сүт компаниясының өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Осы кәсіпорынның өкілі Рафаэль Ахмеров Жуалы ауданында орналасқан ірімшік зауытының өнімдерін Қазақстанда ғана емес, көрші Ресей тұтынушылары да көптеп алатынын айтты.

Бұл күні ақтөбелік кәсіпкерлер де сауда сөрелерін толтырып қойды. Жергілікті «Алдияр» шаруа қожалығының айран, қаймағы өз тұтынушыларын тауып жатты.

— Біздің иелігімізде 700 гектар жайылымдық жеріміз бар, сол аумақта 120 ірі қара бағамыз. Сүт өнімдерін өзіміз өңдейміз. Бүгінгі базарға барлығы 60 литрдей сүт тағамдарын әкеліп отырмыз, — деді қожалық басшысы Азамат Алдияров.

— Біздің басқа облыстармен сауда ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да жалғаса беретін болады, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев, — Өткен жолы қызылордалықтар келді, алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілмекші. Сондай-ақ біздер де басқа облыстарға баратын боламыз.

Таңертеңнен «Орда» базары аумағында әсем ән қалықтап тұрды. Жергілікті көркемөнерпаздар күннің ызғарына қарамай, ашық сахнада өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің көңілін жадыратты.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button