Ауыл

«Айбек» — ауылдық тұтыну кооперативі

…Бүгінгі ірі кәсіпкерлер, бизнес иелері бір-бірімен қауышқанда не айтуы мүмкін? Облысымызға белгілі «Рейімқұл» және «Парижская коммуна-XXI» шаруашылықтарының  басшылары Самат Қалдығұлов пен Гайк Тертерян Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде ұшырасып, өзара аман-саулық сұраса бастағанда, осыны білмекке ықыласым ауғаны рас еді. Шынын айтсам, екінің бірінің ауызындағы дағдарыс қиыншылығы, доллар, теңге бағамы жайында болар деп ойлағанмын. Алайда екеуі де бір-біріне қуаныштарын жеткізуге асыққандай, шаруашылықтарындағы жаңалықтарды жеткізе бастады.

— Өндірісіміз кеңейіп жатыр. Ет комбинатының жанынан сиыр етін бұқтырып консервілейтін цех аштық. Жабдықтары алулы, таяуда іске қосамыз, — деді «Рейімқұл» шаруа қожалығының басшысы.

Әлемдік дағдарыстың зардабына дайын болмай, көп кәсіпорындар жұмыс көлемін шағындап не мүлде қысқартып жатқанда, шаруа қожалығының бұлай керегесін кеңейтіп отырғаны — елді елең еткізетін жағымды жаңалық  емес пе?

Мен бірақ бұл жаңалықтарды бұған дейін  шаруашылыққа осының алдында екі күн бұрын барып көзіммен көргенмін.

Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, осыдан 17-18 жыл бұрын алғалық ағайынды Қалдығұловтар құрған «Рейімқұл» шаруа қожалығы бүгінде малды өсіруден бастап, тұтынушыларға дайын өнімдер ұсынатын өндірістерді біріктіретін деңгейге дейін көтеріліп отыр.

Алға, Ақтөбе аймағында ет кластерін дамытып отырған бұл шаруашылық еттік бағыттағы ірі қара малын өсірумен айналысады. Ерте бастағанмен, әр жағында мандымай келген шаруаның соңғы жылдары, онда да «Сыбаға» бағдарламасының арқасында оңға басқанын шаруашылық басшысының өзі де мойындайды.

Малдың жайын жасынан біліп өскен басшының ықыласы  сиыр тұқымын таңдаған кезде, бірыңғай шетелдік те, жергілікті де малға түспей, Әулиекөл сиырына ауған. Ол қазақтың ақбас сиыры тұқымын абердин-ангус және шароле тұқымдарымен күрделі түлетпе будандастыру жолымен алынған сиырдың етті тұқымы еді. Қазақтың төл малы саналатын ақбас сиырдың асылдандырылуы жергілікті табиғатқа жақын, көнбісті болар деп ойлаған. Оның үстіне бұл малдың көрші Қостанай облысында өсірілуі, Әулиекөл ауданында осы мал тұқымын дәріптейтін биіктігі 3 метр есерткіш орнатылуы жайдан-жай болмаса керек еді. Көңілі алдамаған екен, расында да, ірі қараның бұл тұқымын өсіру шаруа қожалығы үшін тиімді болып шықты.

Бастапқыда  аз болған әулиекөл тұқымы бірте-бірте көбейіп, қазір табынды жеңді. Сиырдың етті тұқымы саналатын бұл малдың саны бүгінде шаруа қожалығында 700 бастан асады. Бұлай аз жылда асылтұқымды сиырды тез молайту қажеттіліктен туды. Өйткені «Рейімқұл» — асылтұқымды ірі қара өсіретін шаруашылық мәртебесіне ие болды. Бір кезде сатып алынған малды өсіріп, қазір өзі де  өңірге  әулиекөл сиырының тұқымын тартаушы болып отыр. Туған бұзауларды іріктеп, жарақты еркек баспақтарды тұқымдыққа жібереді. Ал бір бөлігін бордақылауға қояды. Өйткені Ақтөбе қаласының 41-теміржол бекеті аумағында 7 жылдан бері шаруашылықтың ет комбинаты жұмыс істейді. Комбинаттың басшысы ұлы — Айбек.

— Сондықтан біз жыл он екі ай ет өндіруді үзбей жүргіземіз. Жылына нарыққа 500 тонна  ет шығарамыз. Қаладағы «Табыс» коммуналдық базарына баратын еттің 70 пайызы біздің өніміміз. Біз бордақыланған семіз сиыр етін көтерме бағамен келісін 950 теңге шамасында өткіземіз, — деді  Самат әңгіме үстінде.

Етінің сапалы екеніне ет комбинатында болған кезде көз жеткіздік. Бір ет, бір май — мамандар «мраморный» деп бағалап жүрген өнім — осы. Комбинаттың жабдығы көрші Ресей елінікі, бірақ еуропалық жабдықтан еш кем емес. Соның арқасында мұндағы жабдық басында тұрған қасапшылар бір сиырды 15 минутта жайғайды.

Шаруашылық отандық асылтұқымды малды бағып, өсіргені және нарыққа өнім өткізгені үшін мемлекеттен субсидия алады.

— Егер мемлекет  тарапынан қолдау болмаса, мал бордақылап нарыққа ет шығару мүмкін емес. Малдың азығы, әсіресе, құрама жем жағы өте қымбат. Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан берілетін қаржының арқасында ғана, кіріс кіріп, шаруа жүргізіп отырмыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Расында да, малдың пайдасы енді көріне бастаған сияқты. Жақсы қаржы құйыла бастағасын бұл жердегі жұмыс ауылдық тұтыну кооперативіне айналдырылған. Ет комбинатына қарсы ғимаратта ет өнімін өңдеп, тұшпара сынды жартылай дайын өнімдерге қол жеткізетін бөлімдер, сиыр етін бұқтырып консервілейтін (тушенка) цех ашылуда. Қазір шетелден алынған жабдықтар  іске қосылуға әзірленуде. Бұдан бөлек тап осы өндіріс басында үлкен асхана, ет, т.б. азық-түлік, көкөніс сататын дүкен жұмыс істейді. Олардың да орындары заманауи жабдықтар қондырылып дайын тұр.

— Ауылдық тұтыну кооперативі қаланың ішінде, Ақтөбе-Алға күре жолының бойына жақын тұста орналасқан. Ауылдың экологиялық таза өнімдерін алуға бұл аса қолайлы. Сондықтан біз  ет өнімдерімен бірге, мұнда келген әр тұтынушы азық-түліктің басқа да түрлерін қамти шығуын кең ойластырдық, — дейді Самат.

Жақында Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде өткен облыс әкімдігі, колледж басшылығы және тауар өндірушілері  арасында болған кездесуде он шаруашылықтың бірі болып «Рейімқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов та меморандумға қол қойды. Себебі, өндірісі кеңейіп отырған шаруашылыққа жаңа жұмыс орындарына келетін жас мамандар керек.

Ауылдық тұтыну кооперативін аралап көргенде, біз қаламызға Қазақстанда жасалған сапалы өнімдердің бірнеше  түрін ұсынатын жаңа кәсіпорынның есік ашып отырғанын анық сезіндік.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button