Ауыл

Мейрамбектің құдығы

Адамгершілікке арналған үш сауапты істің бірі — құдық қазу. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың әйгілі «Шыңырау» повесіндегі: «Құдықтың ауыз жағы қылдырықтанып жіңішкере түсті. Ауыздағы адамдардың жобасы жоғалып, әлдеқандай қара ноқаттар қылауытады. Екі жүз қадам жердің асты…» деген тереңдікке түспесе де, ауылдарға бүгінгідей жаңа технологияның көмегімен жерді ұңғып, тәтті су шығарып, халықтың ризашылығына бөленіп жүрген жеке кәсіпкер Мейрамбек Төлеуғалиұлы осы істі өзіне серік етіпті.

 Тапсырыс берушілердің дені — қожалықтар

Жаз шыға асай-мүсейлерін алып, құдық қазуға кірісетін Мейрамбек қыстай тапсырыс қабылдағанмен, істі бастамайды. Себебі, тоңдап қалған топырақтың техниканың жұмысына кедергі келтіруі әбден мүмкін. Бүгінге дейін 200-ге тарта құдық қазған Мейрамбектің бригадасы негізгі жұмысты Ойыл, Қобда, Байғанин аудандарында жүргізді. Аталған аймақтардан тапсырыс та көп түседі. «Тапсырыс әртүрлі болады. Кейбіреулер жеке үйінің ауласынан қаздырса, келесі кезекте бүтін бір ауыл тұрғындарының өтініші бойынша құдық қазуға тура келеді. Солардың ішінде — мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтардан тапсырыс көп түседі», — дейді Мейрамбек.

Ол 2011 жылы «Төлеуғалиұлы» жеке кәсіпкерлігін құрды. Қазір Мейрамбектің қасында екі көмекшісі бар. Жігіттердің бұған дейін де жер ұңғу жұмыстарынан мол тәжірибесі болатын.

— Бұл істі жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істеген жылдарымда меңгердім. Кейін өз алдыма кәсіпкерлік құрып, іс бастауды мақсат тұттым. Бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Құдық қазу — маусымдық жұмыс. Жұмыстың нағыз қызған шағында көмекшілеріме 80-90 мың теңгеге дейін жалақы төлеймін. Мемлекетке салық төлеуді де ұмытпаймын, — дейді кәсіпкер жігіт.

Мешіт ішіндегі құдық

Құдық қазудың құны — әртүрлі. Мейрамбектің бригадасы Ақтөбе қаласы аумағында іс жүргізсе, құдықтың тереңдігіне байланысты бағасын жоғары қояды. Қазылған шұңқырдың әр метрі 10 мың теңгеге бағаланады. Ал ауылдық жерде бұл баға —

8 мың теңге. Мұның сырын ол қалада бәсекелестердің көптігімен түсіндірді.

Бүгінде шеті Байғанин ауданының Қарауылкелді, Алтай, Қосарал, Жарлы, Ноғайты ауылдарының мал-жаны Мейрамбек қазған құдықтан су ішіп, шөл басып жүр. Жаз шыға Мейрамбекті осындай шалғай ауылдардың халқы қолды-аяққа тұрғызбай, алып кетеді.

Әр жердің табиғаты әртүрлі. Оны құдық қазу барысында байқаймыз. Кейбір жерлерден су 50-70 метр тереңдіктен шығады. Енді бір жерлерден суды 13-20 метр тереңдіктен шығарамыз. Мұндай өзгерістер бір ауылдың ішінен де байқалады. Былтыр Байғанин ауданы орталығындағы мешіт ғимараты ішінен құдық қаздық. Су 27 метр тереңдіктен шықты. Кейде бізге осындай ғимарат ішінен құдық қазуға тапсырыс түседі. Мекеме ішінен құдық қазу қиынға соққанмен, тапсырыс берушінің көңілінен шығуға тырысамыз. Біріншіден — ғимараттың іші жұмысымызға тарлық етеді, екіншіден — ондай кезде еркін жұмыс жасай алмайсың. Өйткені, жаңа қазылған құдықтың лай суын әбден тазартуымыз керек. Сондықтан мұндай кезде көп мөлшерде су ағыза алмайсың. Кейде қазу барысында техника тасқа тіреліп, кедергілер туындайды. Осындай кедергілердің салдарынан көп уақыт жоғалтамыз, — дейді ол.

Кәсіпкер жігіт жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жасайды. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалық иелерінің көпшілігі құдықшыға әкімдік арқылы тапсырыс беретін көрінеді. Былтыр Қарауылкелдіден 30 шақырым қашықтықта орналасқан «Жәнібек» жеке қожалығы мал суару үшін осы бригадаға бір құдық қаздырса, қожалық иесі биыл жайлауға тағы екі құдық қаздыруға тапсырыс беріпті. «Біз жасаған жұмысымызға бір жыл кепілдік береміз. Ол үшін тапсырыс берушінің қолына кепілдік қағазын ұстатамыз. Осы мерзім ішінде құдық бітеліп болмаса суы ластанса, тапсырыс берушінің хабарласуы бойынша құдықты тазартып кетеміз. Себебі біз санға емес, сапаға аса мән береміз», — дейді жеке кәсіпкер.

Күн сәулесі арқылы су ағады…

Бүгінге дейін мемлекеттен ешбір қолдау алмаған Мейрамбек иелігіндегі құны 3 миллион теңгеге жақын құдық қазатын шағын бұрғылау станогын Ресейдің Челябинск қаласынан алыпты. Оның айтуынша, бұл станокқа 125-160 диаметрлік пластик құбырлар сәйкес келеді. «Мұндай диаметрдегі құбырлар Ақтөбеде өндірілмейді. Сондықтан Ресейдің Нижний Новгород қаласынан тапсырыспен аламыз. Шойынға қарағанда пластик құбырлар экологиялық таза болады, тот баспайды, жарамдылық мерзімі де ұзаққа шыдас береді. Сондықтан қазылған құдыққа қажетті құрал-жабдықтарды өзімізден шығарамыз», — дейді ол.

Ауыл тұрғындары ұңғымалы құдыққа қауға салмайды. Кәсіпкер жігіт ауылдықтар үшін ауызсуды тұтынудың оңай жолын жасап береді екен. Құдық суы электр энергиясының көмегімен ағады. Әрине, бұл тұрғындардың келісімімен жасалатын шара. Өйткені электр энергиясы үшін шығынды тұрғындардың өздері төлейді.

Ресейліктер ұңғымалы құдыққа күн мен жел батареяларын пайдаланады. Бұл кезде энергияның қажеті болмайды. Күннен қуат алатын батарея және оны қондыруға қажетті материалдардың  құны 150 мың теңге шамасында тұрады. Мұндай құрылғы Челябинск қаласында сатылады. Дегенмен күн батареясын вольтқа сәйкес таңдау керек. Мұндай қондырғы арқылы судың ағысы төмен болғанмен, тұрғындар үшін қосымша шығын шықпайды. Қазір ресейліктер бізге заманауи қондырғыны пайдалануға ұсыныс білдірді. Болашақта күн мен жел арқылы қуат алатын батареяны ұңғымалы құдыққа пайдалануды ойластырып жүрмін. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысуым керек. Ең бастысы — бұл бағытта бизнес жоба дайындауым қажет, — дейді Мейрамбек.

P.S. Жеке кәсіпкер Мейрамбек Төлеуғалиұлы  құдық қазудан бөлек, жиектастар (брусчатка) шығарумен де айналысады.  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ол туған жері Ойыл ауданының орталығындағы «Ботагөз» атындағы саябақтың 1300 шаршы метр аумағына әкімдіктің қолдауымен жиектас төсеп беріпті.   

 

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button